Қытайдан төнер қауіп: аңыз бен ақиқат

0
39

Бүгінгі әлемдік геосаясат пен экономикада Қытай елінің басымдығы күн санап артып келеді. Тіпті АҚШ кәсіпкерлерінің өзі биліктен Қытай экспансиясынан қорғауды сұраған. Бұған екі ел арасында туындаған сауда-экономикалық соғысы дәлел. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демекші мұндай жағдайда біздің елге төнер қандай қатер бар? Әлеуметтік желілерді дүрліктіріп «жерімізді қытай басып жатыр» деген ақпараттар қаншалықты рас? Осы сұрақтар төңірегінде пікір тарқатып көрсек.
1991 жылы аузы алты қарыс КСРО құлады. Тәуелсіздікке қол жеткізген Орталық Азия елдерін АҚШ, Еуропа, Түркия, Иран және Қытай секілді алыптар өз құшағына тартқысы келді. Міне, осы кезден бастап қазақ қоғамында «қытай қаупі» жайлы аз айтылған жоқ. Ал бүгінгі күні ұнасын-ұнамасын Қытай біздің басты сауда және инвестициялық әріптесімізге айналғанын мо­йындауымыз керек. Атап айт­сақ, Си Цзиньпин билікке келген 2012 жылдан бері ҚР президенті Нұрсұлтан На­зарбаевпен жиырмаға жуық кез­десу өткізіп, 67 миллиард долларлық келісім-шартқа қол қойған. Осы көрсеткіштің өзі-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін көрсетеді.
Екі ел арасындағы сау­да-экономикалық байла­ныс жо­ғары деңгейге көтеріл­гені­мен, халық арасында Қытайға деген сенімсіздік артпаса, ке­міген емес. Басты қорқыныш «Қытай басып кіріп, жерімізді тартып алады», – деген пікір. Ал саяси және экономикалық сарапшылардың пікірінше, мұн­дай жағдайдың болуы екі­талай. Алайда Қазақстан эко­номикасы үшін қауіп те жоқ емес. Егер бұл қауіпті билік қаперге алмаса, Қазақстан эко­номикасы көрші едің тұза­ғына түсері хақ. Бұл қандай қатерлер? Енді осылар­ға тоқ­талсақ.

Қытай импортына тәуелділік
Қытай – әлемдегі ең ірі тауар өндіруші ел. Қытай өнімі көрші Жапониядан сонау Батыс Еуропа елдеріне дейін та­райды. Тұрмыстық қажетті зат­тардан бастап жоғары тех­но­логияларды да қамтиды. Бүгінде Қытай өнімі саннан сапаға өтуді басты бағыт еткен. Мысалы, Huawei, Meizu, Xiaomi сынды смартфондар әлемдік көшбасшылар тізі­мінде. Ал жоғары жылдам­дық­пен жүретін поездар, дрондар, атом электр станциясы­ның құрылғылары да көрші ел­ден экспортталады. Соңғы де­­ректерге сүйенсек, Қытай экономикасына жоғары техно­логиялық өнімдер жылына 500 трлн долларға жуық табыс әкеледі. Сондай-ақ Қытайдың және бір артықшылығы ең­бек күшінің арзандығы мен та­нымал брендтерді «кө­ші­руі». Міне, осындай әділетсіз бә­секеден шаршаған АҚШ пен Еуропа елдері қытай өнім­дерімен санкция салу не­ме­се баж салығын көбейту ар­­қылы күресуде. Әйтпесе күллі елдің экономикасы бұл қарқынды күшке төтеп бере алмайтындығы мәлім.
Енді біздің елге келсек. 2017 жылы Қытайдан елімізге ке­летін импорт көлемі 22 пайыздан 27 пайызға өскен. Көр­ші елден киім-кешектен бас­тап телефон, компьютерге дейінгі тауарлар ағылуда. Атап айтар болсақ, жарты­жыл­дықтың өзінде құны 189 млн долларды құрайтын 1,2 мың тонна телефон құрыл­ғы­лары әкелінген. Ал есеп­теуіш техникалар құны 70 млн доллар (700 тонна), аяқкиім құны 82 млн доллар (20 тонна), киім-кешек құны 33 млн долларға жеткен. Ал үстіміздегі жартыжылдықта Қытаймен арадағы тауар айналымы 13 пайызға өсіп 8,7 млрд долларды құрады.
Ішіңіз сезгендей мұның басым көпшілігі біздің елге импортталған тауарлар. Қа­зақ­станның көрші елге экс­порт­тайтын негізгі тауар­ларына мұнай, газ, түсті ме­тал­дар мен шикізат өнімдері кіреді. Демек, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-сат­тықта біздің ұтылған тұсымыз көп. Аяққа киген шұлықтан, бас­тағы бөрікке дейін «made in china». Керек десеңіз дас­тарқанға тартар жеміс-жидектің өзін көрші елден тасимыз. Мұндайда тәуелсіз экономика мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жай­лы сөз қозғаудың өзі ұят. Осының бәрі жемтігін бұ­рала буып, жұтқалы тұр­ған жыланды көз алдыңа елес­тетеді. Қазақ елінің эконо­ми­касын қытай тауар­лары дәл осылай тұншық­тырып отыр­ғанын көзі ашық оқырман да сезеді. Бүгінгі Алматының «ба­рахолкасы» да қытай елі­нің бір провинциясы секілді екені өтірік емес.
Бұлай кете берсе ертегілер­дегі үңгірді мекендейтін то­йым­сыз диюге қой тасыған бейшараның күнін кешіп кет­пейміз бе? Елдің ішкі нары­ғын көрші елдің мүддесіне жығып берген кім? Ұлттық қауіпсіздік қайда қалды? Көкейді тескен сұрақ көп, бірақ оған жауап берер билік жоқ.

Қытайдың шикізат базасына айналу
Өткен жылы әлем назарын өзіне қаратқан Қытай ком­мунистік партиясының ХІХ бүкілқытай съезі өтті. Бұл жиын­ның басты жаңалығы ретінде Си Цзиньпиннің би­лікте қалуын әлемдік БАҚ жа­рыса жазды. Ал бізге қа­тыстысы оның съезде сөй­леген мына сөзі: «Біз жаңарған социализммен дамыған тұ­рақты мемлекет құра алдық. Ендігі кезекте әлемге «Қытай арманын» таныстыру, бұл үшін қытай ұлтын қайта түлетуіміз қажет», – деді. Сарапшылар Си Цзиньпиннің «қытай ұлтын қайта түлету» идеясын ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету деп түсіндіреді. Демек дамудың жаңа деңгейіне көтерілген Қы­тай экономикасын шикі­затпен қамтамасыз ету басты назарға шығады.
Бұл үшін Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» жобасын шикізатқа бай елдерге ұсынып келеді. Бүгінде Қытай ауылшаруашылығы бір жарым миллиардқа жуық халықты асырау үшін толассыз жер өңдеу мен өнім арттыратын химиялық тыңайтқыштарды пайдаланудан айтарлықтай ауыр тоқырауға ұшырауда. Сондықтан, Қытай билігі ұзақ уақыт тұрақты дамудың жаңа жолын қарастыруға тура келді. «Әлем фабрикасы» аталған қытайлық өнеркәсіпке тың орта қажет. Демек Орталық Азия, Шығыс Оңтүстік Азия, Африка, Латын Америкасы Қытайдың басты нысанасына айналады.
Жіті назар салып қарайтын болсақ жалпы құны 27 млрд долларды құрайтын 51 кәсі­порынды біздің елге кө­шіру осы саясаттың жемісі. Бұл кәсі­порындар химия, ме­талургия, цемент, әйнек және ауылшаруашылық дәрі-дәр­мектерді өңдеумен ай­на­лыспақ. Жалпақ тілмен айт­қанда шикізат өндірісі. Ал енді бұдан біздің ұтар тұ­сы­мыз не? Ал Қытай не ұтты? Соған келсек. Бірінші, шикізат орындарынан алыс орналасқан кәсіпорындарды сол жаққа көшіру әу бастан белгілі тәжірибе. Мысалыға, Африка елдеріне көшірілген кәсіпорындар. Шикізатқа жа­қын және дайын өнімді Еуро­паға жеткізуге қолайлы. Шы­ғын екі есе азаяды. Екінші, экологиялық мәселе. Бейжіңге жақын Хэбэй провинциясы бү­гінде көк түтіннің астында қалған. Бұл өңірдің эколо­гия­лық проблемасы қытай үкі­метінің негізгі бас ауруы. Ал оған басты себеп шикізат өңдеу өнеркәсібінің осы өл­кеде шоғырлануы. Ең тиімді ше­шім әлбетте сыртқа кө­шіру. Мысалыға, цемент жә­не химиялық өндіріс орын­дары қоршаған ортаға 65% көмір­қышқыл газы мен 61% күл мен көк түтін бөледі. Түптеп кел­ген­де бізге көк түтін мен күлден басқа ештеңе бұйырмайтыны шындық.
Қытай алдындағы қарыз
Бұл тақырып отандық БАҚ беттерінде аз көтеріліп, кем жазылған жоқ. Есесіне Қытай алдындағы берешек борышымыз да сол қалпы. Осы мәселе көтеріле қалса, билік «Қытай алдындағы қарыз қауіпті мөлшерде емес», – деп ақталады. Кейбір деректерге сүйенсек, Қытай еліміздің экономикасына осы уақытқа дейін 100 млрд долларға жуық қаржы құйған. Бұл қаржының басым бөлігі несие. Бүгінде Қазақстанның Қытай алдындағы берешек борышы 13 млрд доллардан асып жығылады.
Енді Қытайға қарызын қайтара алмаған әлемнің басқа елдеріне назар салсақ. 2017 жылы Шри-Ланка 1,12 млрд берешек қарызы үшін стратегиялық маңызы жоғары Хамбантота теңіз портын Қытайға 99 жылға жалға берді. Бұл қадам Үндістан мен Қытай елінің арасында саяси келіспеушілік те туғызды. Себебі, келісім-шарт бойынша Қытай әскери кемелері де бұл портқа тоқтауға құқылы болып шықты. Ал бұл Үндістанның теңіз қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Мұнан басқа экономикалық дағдарысқа ұшыраған Грекия да 436 млн долларлық қарыздың өтеміне Пирей портын жалға берді. Оңтүстік Еуропаның қақпасы саналатын бұл портқа енді Қытай иелік етпек. Керек десеңіз көрші қырғыз бауырларымыздың сыртқы қарызының 40 пайызы Қытайға тиесілі.
Америкалық Center for Global Development саяси зерттеу және талдау орталығы таратқан мәлімет бойынша Джибути, Лаос, Мальдив, Моңғолия, Черногория, Пәкістан, Тәжікстан және Қырғызстан елдері Қытай қарызының құрсауында қал­ған. Зерттеу орталығының пікірінше Қытай несие берерде негізгі кепілге құнарлы жер, страгиялық маңызды аймақ немесе шикізат өнімдерін жеңілдікпен жеткізуді сұрайды екен. Қарыз уақытылы өтел­месе Қытай келісім-шарт бойынша іске кіріседі. Мыса­лыға, өзі шағын Джибути еліне әскери база орнатты. Бейбіт жолмен жау қолына түсу деген осы болар.
Center for Global Develop­ment зерттеу орталығы есе­бінше Қытай экономикасы Орталық Азия, Оңтүстік Азия, Латын Америкасы, Африка елдеріне алдағы уақытта 3 трлн долларға жуық несие беруге қауқарлы көрінеді. Сырттан қарыз алып, бюджет кемтігін жабуды әдетке айналдырған біздің билік үшін бұл таптырмас қазынадай көрінері хақ. Шикізат бағасына байланған экономика үшін қазіргі берешек қарыздың өзі аз емес. Ал оны ойлап, дабыл қағып жатқан үкімет бар ма? Сыртта отырып сынаған да оңай шығар бәлкім. Алайда ел басқару тұтқасын ұстағандарға сұрау салуға толық құқығымыз бар деп білеміз.
* * *
Жоғарыда бізге төнер үш қауіпті тізбектеп шықтық. Бірақ біздің халық жоңғар шапқын­шылығынан соң, айықпас си­нофобия (қытайдан қорқу) ауруына шалдыққан дейтіндер де бар. Шекараны тарс жауып, екі құлақты бекітіп отыр демейміз. Әрине, сауда-экономикалық, мәдени байланыстар болуы қажет. Тек сол көршіміз елге еніп, қазақ­тың несібесін жемесе екен дейміз. Ал енді бүгін сол Қытай қазақтың несібесі түгіл Сайрагүл секілді қан­дас­тарды жұтқалы отыр­ған жоқ па? Тәуелсіз ел бола тұра пана сұрап келген қандасты әлі күнге дейін сот залдарында сандалтып қойған кім? Осыларды көріп, Қытай десе өре түрегелетіндерді «ауру» деп күлеміз-ау…

Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру