Тіл ішіндегі «жаңа тіл»

0
128

Тіл – қарым-қатынас құралы. Әрбір айтылған сөз арқылы адамның ой-өрісін, ақыл-парасатын, рухани байлығын байқа­татын құдіретті күш те – тіл. Әдеби қоры­мызды қоя тұрып, күн­делікті қолданып жүретін тілімізге бір мезет мән берейікші. Қолданыстағы сөздік қорымыздың ма­ңызы мен тазалығы қан­ша­лықты? Қозғайын деп отырған мақаламда сөз­­дер­дің санына емес, са­пасына, мағынасына ой тоқтатып көрмекпін. Сөз­дік төркініне төтелей келсек, мәңгүрт ойға әкеп со­ғатын «слэнг», яғни «жар­гон» сөздер жайлы сөз ет­пекпін.
Алдымен осы жарымжан сөзге сипаттама бере кетсек. Жаргон немесе слэнг сөздер – белгілі бір әлеуметтік немесе мүдделес ортақ тап­тардың басқаларға тү­сі­нік­сіз, бұрма мағы­нада сөй­лесетін, қалыпты тілден ауытқыған, мыс­қылды сөздер. Жаргон сөз­дерді қоса сөйлеу әдеті жастар арасында кең таралған. «Сәнді» сөз­дерді кейбіреуі әзіл ретінде сөзге қосып қолданса, енді бірі әсер қалдыру мақсатында пайдаланады. Елден ерекше болып, зор мақтаныш ететіндері де өтірік емес. Енді біреулері өзгелер түсінбес үшін белгілі бір әлеуметтік топқа жата­ты­нын көрсету үшін қол­данып жатады.
Сөздердің «құйрық­ша­ла­ры­на» орысша жалғау жалғап, не керісінше қа­зақшаға орысша жал­ға­нып, нәтижесінде «жа­ңа сөз» пайда бола кетеді. Бұрын «ата» деп иіліп сәлем беретіндердің орнын қазір «аташка» басты. «Әжеміз» – «ажека». Достарыңның арасынан «ана» мен «әкені» емес, «мамка», «батя» дегенді құлағың жиі шалады. Таң қалып, яки бір жағдай болса «да ну», «ё мае» деп бастаймыз. Жиналатын болып жатсақ «соб­раниеге» барамыз. Қы­зығып жатсақ «интерес» құрамыз. Шөл қысса сусын емес «сущняк» аламыз. Ұрлықшылардың за­манауи аты – «гопстопщик». Ең сорақысы ана омырауындағы сәбидің «құлыным» дегенді емес «ой, доча, сынуля» дегенді естіп өсетіні өкінішті-ақ.
Компьютермен жұмыс жасағанда да шұбар­лан­ған тіл қолданыста. Печа­ттауды – басып шығару, вырезать етуді – қиып алу, сохранить етуді – сақ­тау, назадты басуды – кері қайту десек неміз кетеді?
Қарап отырсам, слэнг­тер­дің саны да, қол­да­ны­сы да аз емес. Со­лар­дың бірнешеуін мысал ете кетсек: жынды екен, ба­зар жоқ, ботан, терпи­ла, жылауық, хавчик, инет, жарды, жыртты, ат екен. Қа­рап отырсақ сән-сипатын кетірген сүреңсіз сөздер.
Сөз құрамы – ғасырлар бойы жасалып, жалғасып келе жатқан бай қазына, қасиетті мұра. Жастардың «жаңа тілге» құмар болуына тек өздері емес, оның ортасы не отбасы да себепкер болуы мүмкін.
Ахмет Байтұрсынұлы айт­қандай өз тілімен сөй­лес­кен, өз тілімен жаз­ған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құры­май жоғалмайды. Ұлт­тың сақ­талуына да, жо­ға­луына да себеп бола­тын нәрсенің ең қуат­ты­сы – тілі. Сөзі жоға­л­ған жұрттың өзі де жоға­лады. Өз ұлтына басқа жұрт­ты қосамын деген­дер әуелі сол жұрт­тың тілін азды­руға тыры­сады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «жар­гон», «сленг» сияқты сөздер­мен тілімізді шұбар­ла­ғанша, ата-бабаларымыз қалдырған асыл сөз­де­рімізді қолданатын, елі­міздің туын көкке желбірететін азамат бола білейік.

Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫ.

Жауап қалдыру