Телетәуелділік дерті

0
31

Үйде диванда жатып теледидардан әлемнің әр түкпірінде болып жатқан жаңалықты сәт сайын біліп отырасың. Спорт жанкүйері үшін он шақты канал бар. Ал, кино көргіш болсаң, мүмкіндігің шексіз. Қаншама канал бар, соның бәрінде кино. Сайқымазақ көрілімді таңдағандар күндіз-түні каналдарды ауыстырып қарай беруіне болады. Бірақ, осы рахаттың орасан зор кері әсері де жоқ емес.
Дәулетті, іскер адамдар мүлдем теледидар көрмейді, көрсе де ілуде бір. Олар бос уақыты бола қалса, білімін, біліктілігін жетілдіреді. Спортпен айналасады. Саяхатқа шығады. Бір сөзбен айтқанда, уақытты барынша тиімді пайдаланады. Ал, кедей адамның қолы қалт ете қалса, теледидар көруге тырысады. Тіпті, тынығатын уақыты есебінен түннің бір уағына дейін көгілдір экранға телміріп отыратындар бар. Осының өзі адам денсаулығына кері әсер етумен қатар, өздігіңмен ой қорытып, ертең атқаратын жұмысыңды жоспарлауға мүмкіндік бермейді.
Қазіргі кезде, көк жәшіктегі күн сайынғы сайқымазақ бағ­дарламаға бой алдырған адам сол экраннан көр­ген кейіпкерінің сөйлеу мә­нерімен сөйлеп, соның об­ра­зына кіріп жүргенін өз­дерінше, сән көреді. Ондай адамдар өзінің шаруасын қалай жетілдірем демейді. Қалай дәулетті болам, деп бас қатырмайды. Жұмыстан келе сала теледидардан өзінің сайқымазақ образдарын іздей бастайды. Сөйтіп алтыннан қымбат уақытты телеэкранға телмірумен өткізгенде өмірі де өтіп бара жатқанын байқамайды.
Теледидар алдында көп отыратын адам толып кетеді. Әрі оны көріп отырғанда қарап отырмайды, бірдеңе жеп, ішіп отырса, жаны рахаттанады. Содан ләззат алады. Теледидар көріп отырған адам ешқандай қимыл жасамағандықтан, ішкен асы бойына май болып жиналып, толып кетеді.

Теледидарды көп көретін адамның басқа адамдармен араласуға құлқы бола бермейді. Тіпті ең қажет деген үй шаруасына уақыт таппай қалады. Тек теледидар көрсе, болды. Сөйтіп жүріп күндердің бір күнінде өзінің теледидардың құлы болып қалғанын түсінбей қалады. Қатар құрбысымен, туыстарымен араласпайтын бойкүйез адамның от­басында да беделі болмайды. Қазіргі кездегі ерлі-зайыптылардың ажырасып кетіп жатуының өздері де түсіне бермейтін бір себе­бі осы көк жәшікке тәуел­ді­ліктен туындайтын қыр­сық­тар.
Теледидарға тәуелді болып қалғандармен әңгіме дүкен құру қиын. Ондай адам өзін бәрінен хабардармын, бәрін біліп тұрмын деп санайды. Басқаның пікірін тыңдай алмайды. Бұл да ол адамның басқа адамдармен аралас-құралас болуын қиындатып жібереді. Оның үстіне қазіргі телехабарлардың инте­лек­туалдық деңгейінің тө­мендеп кеткені рас. Ал, соны осы өмірдің ақиқаты деп қа­былдайтын адам үшін басқаның пікірінің мәні жоқ. Осы жерде қайшылық туады. Теледидардан айтыл­ғанды ғана ақиқат деп қабыл­дай­тын адам үшін ең білікті маманның айтқаны түкке татымай қалады.
Отбасылы адамдар өзде­рінің көңілінен шыққан кейіп­керінің ғашықтық дертін бастан кешірмекші болып от басып жатады. Теледидардан түсінбей қалған жеріңді сұрай алмайсың. Ол сырласың емес. Ол үшін әркім тәуелді тыңдарманы, көрермені ғана.
Көрерменді экран алдында ұстап отыру үшін оның арғы жағында бізге көрінбейтін, жүздеген, мыңдаған әр түрлі мамандар тәулік бойы жұмыс істейді. Мысалы, сен өмірден шет қалсаң, солардың еңбегінің жемісі, өзіңнің теледидарға тәуелділігің.
Теледидарды тұрақты түр­де және үзбей көретін адам өздігімен ой қоры­ту­дан қа­лады. Демек, ойлан­бай­сың. Ми жұмыс істемейді. Миың жұмыс істемегеннен ке­йін адам топас болып қа­ла­ды.
Өздігіңмен ой қорытып, таң­дап, көкейдегі арман, мақ­сатыңа жетуден жаңы­лып қалғаннан кейін адам ба­сыбайлы құлдай болып өмір сүреді. Мұндай адамдар теледидар арқылы насихатталатын саясатты ғана қолдайды. Телевидениеге бәленбай миллиондаған қаржы бөліп, сол арқылы өзінің саясатына қолдаушы іздейтін топтар мен пар­тия­лардың көздеген түпкі мақсаты осы. Телетәуелді адамнан бір күні коммунист, ертеңгі күні демократ, үшінші күні қажет болса, либерал жасап алу илеген қамырдай оңай. Демек, телетәуелді адам саясатқа қолайлы.
Өзі кедей, өзі жалғыз­дықтың құрбаны болып қал­ғандар осыдан келіп шығады. Ал, оның теледидар көрмейтін замандасы іскер, өз ісінің маманы, демек, тұрмысы жақсы, қызметі жоғары болып келеді.
Теледидардың алдында өткізген қимылсыз уақыт семіздікпен қатар, әр түрлі дертке себеп болады. Бойында қан жүрмеген тән ауруға бейім тұрады. Теледидарға телміріп отырудан адамның жүйкесі бұзылады. Бұл да ауру. Ал, аурушаң адамның айналдыратыны не – теледидар. Сөйтіп, көкжәшіктен тапқан ауруға ауру жамала береді, бұрыннан бары асқына түседі.
Телевидение өз рейтінгісін көтеру мақсатында өмірдің шындығын көрсеткен болып: атып кетті, жарып кетті, зорлап тастапты сияқты адам жаны түршігетін хабарды телетәуелділердің құ­лағына тұрақты түрде құйып отырады. Осы күн сайын қайталана берген соң адам бойында «біз қандай қоғамда өмір сүріп отырмыз? Бұл не деген сұмдық? деген сияқты қорқынышты ойлардың шырмауына оралады. Қоғам, орта жау болып көрінеді. Өзін ең сорлы сезінеді. Құқық қор­ғау органдары жұмыс істемейтіндей, елде өкімет жоқтай сезінеді. Себебі, теледидардан айтып, көрсетіп жатыр ғой, деп ойлайды. Содан «Совет өкіметі кезінде заң бар еді. Тәртіп бар еді» деп қазіргі заманды одан кем көреді. Ал, сол Совет заманында теледидардан тек жақсы нәрсе айтылып, көрсетілгенін, қатаң електен өткізілгенін бұл кезде бірі білсе де, бірі білмейді.
Ақыл тоқтатып үлгермеген балалар теледидардан ең көп зардап шегеді. Олар үшін қарапайым мультфилмді ұзақ көрудің өзі зиян. Өкінішке қарай, балаларды балабақшада да, үйде де алдандыру үшін осы теледидар көп пайдаланылады. Бұдан баланың психикасы бұзылады. Ол туралы талай жазылды, талай айтылды. Бірақ, оны оқып, тоқып жатқан ата-ана аз.
Ата-анасы теледидар кө­руден жалықпайтын отба­сында бала тәрбиесіне «қолы тимейді». Ондай отбасында өскен бала тұйық болады. Басқа адамдармен тез тіл табысып кете алмайды.
Теледидарға тәуелді бол­ған адам өзіне ғана емес, өзімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де кері әскерін тигізеді. Бірі баласының сабаққа дайындалуына, екіншісі жолдасының өздігімен оқуына мүмкіндік бермейді.
Осының бәрінен әркім ла­йықты қорытынды шыға­руы тиіс. Үйдегі теледидарды лақтырып тастамасаңыз да, оны сирек қосуға әдеттенген ләзім. Ал, қазіргі кездегі жаңалықтың бәрін онсыз да интернеттен алып, көріп жүрсіз. Теледидар көрмей қоюға бола ма? Болады. Он күн шыдысаңыз, одан кейін өзіңіз де басқа ермек тауып аласыз. Біріміз спортпен айналысып, енді біріміз тіл үйрену курсына барып, сурет салып, кітап оқып дегендей пайдалы жұмыспен айналысатын боламыз. Ал, ауылда тұратын адам үшін мүмкіндік тіпті көп. Өзіңіздің денсаулығыңызды сақтап, дәулетті өмір сүргіңіз келсе, теледидарды дұшпан деп санаңыз.

Абат ТЕМЕН

Жауап қалдыру