Сыртқы қарыз қауіпті шекте ме?

0
89

Сыртқы қарыз мәселесі соңғы уақытта қазақстандықтарды жиі алаңдатып жүр. Өйткені өзге елдерге берешегі үнемі өсуде. ҚР Ұлттық банкі жариялаған соңғы мәліметке қарасақ, Қазақстанның сыртқы борышы – 164,4 млрд долларға жетіпті. Бұл жалпы ішкі өнімнің 96,3 пайызы. Көрсеткіш жыл басындағы жағдайға қарағанда 6,3 пайызға жақсарған. Дегенмен соңғы 10 жылда сыртқы қарыз 2 есеге артқан.
Берешектің едәуір бөлігі (63%) бұрынғысынша фирма­ара­лық қарыздар үлесінде. «Басқа секторлардың» тү­сінікті тілмен айтқанда ұлт­тық компаниялар мен xол­динг­терден тұратын квазимемлекеттік сектор қарызы 26,1 пайыз болса, Үкімет пен Ұлттық Банктің берешегі 7,2 пайыз. Қарыздың қалған бөлігі (3,7%) банк сек­торының сыртқы міндеттемелеріне жатады.
Қазақстан әлемнің 170-тен астам елі мен халықаралық ұйымына қарыз. Борыштың үштен екі бөлігі 5 ірі кре­ди­торға тиесілі. Еліміз ең көп борышкер ел – Нидер­ланды. Голландықтар алдын­дағы қарызымыз 50 млрд дол­ларға жуықтаған. Мұнан кейін Ұлыбритания, АҚШ, Қы­тай және Францияға қарыз­дар­мыз. Берешектің негізгі бөлігі шетелдік инвестиция ретінде тартылған мұнай саласына тесілі.
Қарыздың негізгі бөлігі фир­мааралық борыштар еке­нін жиі еске салатын Ұлт­тық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың сөз­дері бұл мәселеде опти­мизм­ге толы. Мемлекет расы­мен де жеке міндеттемелер үшін жауапкершілікті мой­нына алмайды. Алайда шетелдік инвесторлар қайырым­ды­лық­пен айналыспайтыны бел­гілі. Олар берген ақша­сын үстемелеп, түбі қай­тарып алады. Осылайша капи­тал шетелге жылыстай береді. Егер қазақстандық жеке компаниялар қарызын өтей алмай жабылып, я қызметін қысқартып жатса одан зардап шегетін кім? Әлбетте өзіміз, сол ком­па­ниялардың қызметін тұты­натын халық пен сол салада қызмет етіп, енді жұмысынан айырылғандар. Бұл белгілі бір деңгейде қиындықтар да туды­рады. Қоғамдық қиын­дық­тар ушықса мемлекеттің бас ауруына айналары сөз­сіз.
Министрдің уәжіне қайта оралар болсақ, оның есебінше Үкімет пен Ұлттық Банк қарызы қауіпсіз шекте. Тіпті әлеуметтік-экономикалық дамудың арқасында 2022 жылға қарай төмендеуі мүмкін. Бір қарағанда үрей­ленетін ештеңе жоқ сияқ­ты. Бірақ мемлекет ба­қы­лауындағы, болмаса, ак­ция­ларының негізгі бөлігі мем­лекетке тиесілі ұлт­тық ком­паниялар мен холдинг­тердің қарызын қай­да қал­дырамыз? Олар­дың берешегі бүгінде 42 млрд доллардан асқан.

Экономист, «Pro Gente» экономи­калық зерттеу орталығы­ның жетекшісі Мақсат Халық та осы мәсе­леге алаң­даушылық білдіреді.
– Бұл қарызды да мемлекеттік қарызға қосып есептеу керек, себебі ол негізгі акциясын иемденетін мемлекет болғандықтан, ертең қарызды бұл компаниялар қайтара алмаса мемлекет араласатын қарыздар. Сондықтан мұны ашып айту қажет. Шамамен барлық сома 53 млрд доллардан асып жығылады. Бұл алаңдауға тұрарлық мәселе, xалық санына бөлсек жөргектегі нәрестеге дейін 3 мың долларға қарыз болып шыға келеді. Бұл аз ба, көп пе?, – дейді ол.

Сарап­шы­лардың ара­сында мемле­кет­тің қарыз алу саясатын эко­номи­калық заңдылық ретінде түсіндіріп, оны қалып­ты құбылыс деушілер де бар. Экономист Сапарбай Жұ­баев солардың бірі. Оның айтуынша, Қазақстан дамушы елдердің бірі болғандықтан жол салу, газдандыру, өндіріс орындарын ашу, электр желілерін тарту сынды жобалар әлі жүзеге асырылу үстінде. Өркениетті елдерде әдетте бюджет шығыны, кірістен жоғары болады. Үлкен жобаларды қаржыландыруға са­лық төлеушілерден жинал­ған бюджеттегі қаражат жетіс­пейді. Бюджет мысалы әлеуметтік жәрдемақы төлеуге, мұғалімдердің жала­қысын көтеруге, аурухана, мек­теп салуға жұмсалады. Ал манағыдай ірі жобалар­ды қолға алғанда бюджет тапшылығы сезіледі. Сон­дықтан инвестициялық жобалар бюджет түсімінен тыс қаралады. Бюджет тапшы­лығын жою үшін не ұлттық қор­дан қаржы, не шетелден қа­рыз алынады. Бұл әлемдік тә­жірибе.
Алыс-беріс бар жерде қа­рызсыз болмайтыны рас. Дерек үшін айта кетер бол­сақ, тіпті әлемнің алпауыт елдері де қарыз алады. Айталық, «үлкен жетілікке» кіретін елдердің үшеуі қарызы ең көп 6 мемлекеттің қатарында. Мәселен, АҚШ-тың сыртқы борышы 21,5 трлн долларға тең. Ол осы арқылы антирейтингте көш бастап тұр. Италия мен Жапония да қарызға белшесінен батқан елдер қатарында. Португалия, Ливан және Грекияны қоссаңыз, манағы алтау түгенделіп шыға келеді.
Ел арасында мемлекеттік қарызға қатысты түрлі әңгімелер желдей еседі. Олардың арасында «Қы­тай қарызының орнына жерімізді тартып алуы мүмкін екен» деген үрейлі сөздерді жиі естиміз. Осы және өзге туралы саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін білген болатынбыз.

– 2008 жылғы дағ­да­рысты еске алатын болсақ, бұның да астарында жөн-жо­сықсыз қарыз алу жат­қан бо­ла­тын. Соның ке­сірінен біраз банк­тер өз қыз­метін тоқ­татты, толқу болды, теңге бағамы құлады. Жалпы іс насырға шабатын болса дефольтқа соғуы ғажап емес. Бұл Қазақстанның экономикасына, оның рейтингіне, имиджіне жақсылық әпкермейтіні анық. Үкіметтің еншілес, бол­маса бақылауындағы компа­ниялардың белгілі бір себептермен қарызға алған қаржыларын Үкіметтің өзі немесе бақылаушы органдар мұқият қадағалағаны дұрыс.
Ал Қытай қатері туралы айтар болсақ, аспан асты елі әлемдік деңгейдегі мықты ойыншылардың бірі. Оның сыртқы қарыз меселесінде қатаң талап қоятыны анық. Қытай ғана емес, кім болса да қарызға ақша берерде Қазақстан дамысын, өркендесін деп бермейді. Әрбір доллардың сұрауы бар. Ал біздің әлемді тіреп тұрған қаржылық мүмкіндігіміз бол­мағандықтан, айналып кел­генде шикізат пен жерден басқа айтар, ұсынар еш­теңеміз жоқ. Сондықтан жеме-жемге келгенде Қытай қарызының орнына жер сұрап жүрмей ме деген күдік қисынға келеді, – дейді ол.
Саясаттанушы бұндай әң­гі­мелердің шығуы мем­ле­кеттің ашықтық принципін ұстан­бауының салдары дейді.
– Ірі кредиттерді аларда парламентте тыңдатып, халықпен ақылдасып дегендей шараларды атқару керек. Яғни ашықтық керек. Осыған дейін Қытайдан 50 зауыт көшіріледі деді. Бірақ әлі күнге дейін қай салада, қандай мекеме, не ашылатынын айтқан жоқ. 18 кәсіпорынның дерегі шықты. Ал қалғандары туралы ештеңе білмейміз. «Олардың не үшін қажеттілігі бар, ол шынымен де инновациялық кәсіпорындар ма, әлде жерді, суды ластайтын кәсіпорындар ма, одан келіп-кетер нендай пайда бар, онда жұмыс істейтін шетелдік жұмыскерлер болма ма, болмай ма, болса қанша?» деген сияқты көптеген заңды сұрақтар бар. Осының бәріне жауап беру бірінші кезекте мемлекеттің өз мүддесі үшін керек. Ал томаға-тұйықтығы өзіне кері әсерін тигізіп отыр. Халықты мемлекетке сенімінен ажыратып жатыр. Мемлекеттің «өзім ғана білем, өзімдікі дұрыс, сендер үндемеңдер» деген саясатымен түбі іс насырға шабуы мүмкін. Ондайда халық жер митингісіндегідей наразылық танытуы ғажап емес, – дейді ол.
Бұл пікірге келіспеске лаж жоқ. Сыртқы қарыз өсуде, ал Ұлттық экономика министрлігі қоғамдық алаңдаушылыққа қарамастан сылдыр сөз, сырғыма жауаппен мәселенің бетін жылы жауып, «берешек қалыпты шекте» деуінен жаңылмауда.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру