Сот жүйесі Елбасы сөзін елемей ме?!

0
271

немесе бір істі 4 жыл тергейтін Қазақстанның тергеуші, прокурор, соттары кімнің сойылын соғып отыр?
ҚР Ата заңында азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының қорғалуына кепілдік берілген. Ал, осы Конституцияның сақталуына кепіл Елбасы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында да құқық қорғау органдарына азаматтардың заңсыз қудаланбауы, сот, прокуратура органдарының әділ болуына баса назар аударып, осы заң орындарына нақты тапсырмалар беріп келеді. Мәселен, 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік ре­волюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-шы тарауында былай деген: «Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс. Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшей­туді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік ше­гі айқындалды. Азаматтардың конституциялық құқық­тарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамта­масыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет» –дейді.
Алайда, еліміздегі құқық қорғау органдарының кейбір аумақтық бөлімдері Елбасы жүргізіп жатқан саясат пен реформаға көбіне қарама-қайшы әрекеттер жасауда. Оған мысал істің бірі Алматы қаласының тұрғыны Абылай Хайроллаұлы Ғабжәлеловке қатысты. Бұл туралы белгілі режиссер Нұртас Адамбай өзінің фейсбуктегі парақшасында ашына жазды. Бұл заңсыздық туралы деректер «Тениз ньюс» ақпарат порталында, «Время» газетінде және өзге де БАҚ-тарда жарық көруде.
Олардың бәрінің жазуынша, аталған іс бойынша заңсыздықтар 2015 жылдың қазан айында басталған. Алматы қалалық экономикалық тергеу қызметінің тергеушісі Темір Абдулин мырза Абылай 2010-11 жылдары басшы болған «Евразия-Кө­мір-Трейд» компаниясының ғима­ратына баса-көктеп кіріп, ешқан­дай тізбе жасамастан тәркілеу жүргізген. Тергеуші іске қатыс­ты құжаттармен қоса айып­талу­шының жеке заттарымен бірге жылжымайтын мүліктері, тіпті таныстарының уақытша сақтауға берген көлік құжаттарына дейін қытай қапшықтарына тоғытып қоса әкеткен. Әрі бұл әрекеттерді толық хаттамай, куәлердің мақұлдауынсыз істеген. Қызмет бабын асыра пайдалануға дағдыланған тергеуші Темір Абдулин бұрыннан жақын танысы Құрманбаеваның аудиторлық тексеруін негізге ала отырып, Абылай Хайроллаұлына «Евразия-Көмір-Трейд» компаниясында басшы болып тұрғанда 3 миллиард теңге салықтан жалтарған деген жалған айып тағады. Оған қоса ешқандай дәлелсіз «ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құрған» деген тағы бір айыптауды қосады. Сөйтіп жазықсыз азамат қамауға алынып, 18 ай бойы қысыммен тергеу жүргізіледі.
Осы арада тергеуші Темір Абдулин тағы бір заңсыздыққа жол берген. Ол өзі тергеп, тексеріп отырған қылмыстық істі прокуротурада толық тіркетпеген, бақылау, қадағалау жасат­паған. Алайда, қайтсе де өз «мақсаттарына» жетуді көздеген тергеушісі, прокуроры бар бәрі жабылып жүріп, мемлекеттік сараптамадан жалған куәлік алып, 2016 жылы істі сотқа өткізеді. Осы заңсыздықтарды көріп, біліп, сезіп отырған Абылай Хайроллаұлы өзі істемеген істі мойнына алмайды. «Өтірік өрге баспайды» демекші, тергеуші Темір қанша қатыгездікпен тырысса да жалған істі дәлелдей алмайды.
Абылайдың әкесі Хайролла Ғабжәлелов заңсыздықтың шектен шығып бара жатқанын байқап, тергеушімен де, олардың басшыларымен де кездесіп, олардың тергеу қағидаларын бұзып отырғанын айтады. «18 айға созылған тергеудің мақсаты не?» деп сұрауға мәжбүр болған. Сонда тергеуші жоғарыда тұрған «жебеушілеріне» сенгені болар, «аға, бұл маған берілген тапсырма» деп ашық мойындаған. Тергеушілердің «тапсырма» орындап отырғанын білген соң Хайролла Ғабжәлелов өзге де құқық қорғау органдарына үміт артып Алматы қаласының сол кездегі прокуроры Ғабит Миразовтың қабылдауында бірнеше рет болып, тергеуші Темір Абдуллиннің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым айтады. Әділ прокурорлық бақылау жүргізуді өтінеді. Алайда аудандық, қалалық прокуратура органдары тарапынан қадағалау және бақылау шаралары мүлде жүргізілмейді. Керісінше істің тез аяқталғанын қалайды.
Бұлардың ұлына жала жауып, «тапсырыспен» қаралау жүр­­гізіп жатқанын сезген Хайролла Ғабжәлелов жоғарыдағы ықпалды тұлғаларға шығып, әділдік жолында көмек сұрайды. Сөйтіп, бір жылдай жалғасқан сот нақты айып таға алмағандықтан және тергеуші­лер таққан айып­тардың дәлел­сіздігіне байланысты бір жыл, үш ай заңсыз тергеу изоляторын­да отырған ұлын босатып алады. Бұл аралықта Хайрол­ла Ғаб­жәлеловтың өзіне кел­ген көп­теген күдікті жандар «биз­не­сіңді бізге аударып бер­сең, балаңа қозғалған істі тоқ­татамыз» деген секілді көле­гейлі «ұсыныстар» жасайды. Алайда, намысты Хайролла Мағауияұлы мұндай заңсыз әрекеттердің бәріне тосқауыл қояды. Осындай әрекеттерден бұл істе Хайролла Ғабжәлелов пен оның ұлы Абылайдың бизнесіне біреулердің рейдерлік жаса­ғысы келіп отырғаны анық байқалады…
Ал, Абылай Ғабжәлеловтың ісі бұған дейін Алмалы аудан­дық сотына жолданып, оны Құсайынов деген судья төрт ай қарайды. Айып­талу­шының әкесінің ренжіп отырып айтуынша, Құсайынов үнемі істі бір жақ­ты жүргізіп, Абы­лай Хайроллаұлын қайтсе де түрмеден шығармауды мақ­сат еткен. Іске қатысты шынайы куәлерді шақырмай, істі қарауды ұзаққа созады. Алайда, адвокаттың табандап талап етуімен шақырылған «Аудит-сервис» ЖШС директоры Ольга Белоусова сот процесі барысында Құрманбаеваның есептеп шы­ғар­ған-мыс «төленбеген 3 миллиард теңге салық» туралы қорытындысына оқымастан қол қойғанын мойындайды. «Мені алдап қол қойдырды» деп мәлімдеп, жалған есептелген аудитті кері қайтарып алады. Яғни, сотта Абылай Ғабжәлеловке негізсіз айып тағылып, жала жабылғаны айқын болып шығады.
Негізінде осы сот процесінен кейін Абылай Хайроллаұлына қатысты қоз­ғалған іс дәлелдердің жалған­дығына байланысты тоқта­тылуы керек еді. Алайда, осы арада сот судьясы Құсайы­нов аяқ астынан жұмыстан шығары­лады да, істі ары қарай Алма­лы аудандық сотының төраға­сы Қуаныш Әріпов жүргізе бастайды.
Бұл тура Жақып Асанов Бас прокурор болып тағайын­далып, прокуратура органдарындағы бірқатар былық пен шылық ашылып, жаңа реформа қолға алынып жатқан кез болатын. Бас прокурордың талаптарына үңіліп көрейік: «Осы жылдың соңғы төрт айында біздің эко­номикалық қызмет 9000 іске тергеу жүргізген. Біз оларды тексеру барысында жартысының заңсыз қозғал­ғанын анық­тадық. Ал, әр қылмыстық істі тексеру дегеніміз 3 ай бизнеске қысым көр­сету, ком­пания­лардың қа­рызға батуы, жабылуы, адам­дардың жұмысынан айы­­рылуы, қазынаның са­лық­ты жоғалтуы деген сөз емес пе?» (Ж.Асанов. Астанада 2016 жылдың 18 қарашасында прокурорлардың кеңейтілген ал­қа мәжілісінде жасаған баяндамасынан).
Міне, Жақып Асановтың тала­бы­ның әсер ме, әлде басқа себептері бар ма, осыдан көп ұзамай аяқ астынан Темір Абдуллин жұмыстан шығарылып, Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмаханов та, Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразов та қызметтерінен босап қалады. Құсайынов та жұмыстан қуылады. Осы арада заңды сұрақ туындайды. Егер осындай лауазымдық орындарда отырған Абдулин, Миразов, Жұмаханов және Құсайынов сияқты құқық­тық құрылымдардың бұрынғы қыз­меткерлері өз міндеттерін заңды атқарып келген болса неліктен бірі арнайы баппен, қалған үшеуі белгісіз жағдайда жұмыстарынан босайды? Бас прокурор айтқан заңсыз жүргізілген жүздеген істер­дің қатарында Абылай Хайрол­лаұлына қатысты іс болғаны күмәнсіз. Егер ол шынымен заң­сыз әрекет істеген болса, құзіретті органдар бір жыл үш ай бойы оның қылмысын неге дәлелдеп бере алмады? Неге сот үстінде айып таға алмады? 3 миллиард теңге салықтан жалтаратындай санаулы адамдар жұмыс істейтін, шағын ғана «Евразия-Көмір-Трейд» ЖШС-нің жылдық табысы қандай көлемде еді? Сұрақ көп, әзірге нақты жауап беретін адам табылмай тұр…
…Әзірге дейтін себебіміз бұл іс төртінші жыл әлі тергеліп жатыр. Соңғы нүктесі қойылған жоқ. Тергеушіден тергеуші ауысып, соттан соттың қолына өтіп, осы істі бақылаған прокурорлар жұмыстан кетіп, әлі созылып келеді. Себебі «құйрығымен диірмен тартатын» біреулердің тапсырма беріп отырғаны сезіледі. Қазіргі таңда бұл іс Алмалы аудандық сотының төрағасы Қуаныш Әріповтың қармағында. Бұл істің осынша созылып, тергеуде Абылай Ғабжәлеловке қысым жасалып жатқанын әкесі Хайролла Ғабжәлелов Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіхановқа екі рет жолығып, 4 жылдан бері созылып келе жатқан негізсіз жала туралы айтқан. Алайда, Нұрғазы Әбдіханов та ешқандай тексеру шарасын жүргізбепті және оған ынтасы жоқ екенін білдіріпті. Заңсыздық әлі күнге жалғасып, жала жабылған Абылай Хайроллаұлы мен оның әкесі Хайролла Ғабжә­ле­лов­тердің отбасы зор күйзеліс пен психологиялық ауыр жағ­дайды бастарынан кешуде…
Ал, бұл азаматтар «кім көрінген білгенін істеп, дүниесін тартып алам дейтіндей адамдар ма, немесе бұрын қандай да бір заңсыз әрекеттерге қатысы болған ба?» деген сауалдарға жауап іздеп көрейік. Алдымен Хайролла Мағауияұлы Ғабжәлеловке тоқталсақ, ол сәу­летші және тарихшы. Тәуелсіз Қа­зақстанның төл теңгесінің алғашқы авторларының бірі және оның алғашқы легін Англия­дан шығаруға өз қаражатын жұмсап, егеменді еліміздің тәуелсіздігіне үлкен үлесін қосқан ұлтжанды азамат. Бұл еңбегін бағалаған ҚР Президенті Н.Назарбаев оны «Ерен еңбегі үшін» медалі­мен марапаттаған. ҚР Мәдениет қай­раткері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, академик. Елбасының қолдауымен ашылған «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығының президенті, өз қаражатына «Алаш» та­ри­хи-этнологиялық журналын шыға­рып, қазақтың шынайы та­ри­хын зерттеуге үлес қосып жүр­­ген қайраткер, еліміздің пат­риоты. 80-нен аса зерттеу моног­рафияның, 400-ден аса ғылыми және қоғамдық сипат­тағы мақа­лалардың авторы. Қоры­та айт­қанда, ғалым, қоғам қайрат­кері, кәсіпкер, іскер, жан-жақты аза­мат. 2015 жылы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы жанынан «Қасиетті Құранның мағынасы мен түсініктемелері» атты көлемді кітапты өз қаржысына шығарып, Елбасыға тарту еткен. Діни сауаты жоғары, рухани кемел азамат. Қазақтың нағыз зиялы тұлғасы.
Ал, осындай азамат нашар ұрпақ тәрбиелей ме? Біздіңше олай болуы мүмкін емес. Абылай Хайроллаұлы да Англия, Америкада білім алған ізденгіш жас, ғылым докторы. Саламатты өмір салтын ұстанып, спорттың бірнеше түрімен айналысқан. Гольфтен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. ҚР семсерлесу комитетінің президенті, Қарасай ауданында мешіт салдырған, жасынан қазақ халқының рухани мұраларынан да, заманауи білімнен де мол сусындаған зерделі азамат. Үлгілі отбасында үш бала тәрбиелеп отырған қадірлі әке. Жасынан кәсіппен айналысып, басшылық қызметтер атқарған. Елге пайдалы іс атқаратын кезінде төрт жылын заңсыз қудалау мен жаланың құрбаны болып өткізуде…
…1932-1937 жылдардағы сталиндік репрессияны халық әлі ұмыта қойған жоқ. Бүгінгі күні сол басқаша формада қайталанып отырған жоқ па? Ол нәубет саналы ұрпақ жадынан мәңгі өшпек те емес. Ал, тәуелсіз Қазақ елінде мұндай жала жабу, заңсыз қысым көрсету кімдерге керек болды? Бұл заңсыз істі ҚР Жоғарғы сот төрағасы Ж. Асанов пен Бас прокурор Қ.Қожамжаров өз ба­қылауына ала ма, әлде міндетті түрде Елбасы Н.Назарбаевтің ара­ласуы қажет пе???
Соңғы жылдары тергеуші­лердің тетір әрекеттерінен, про­курорлар мен соттардың әділетсіз шешімдерінен күйін­ген жәбірленушілер бұрын-соң­ды болмаған өздерін өз­дері өрттеуді, құрбандыққа шалуды көбейтті. Кейбір ашын­ған­дары құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қару кезеп те жатыр. Бұның бәрі бекер емес, жалпы жұртшылық наразылығы ұлғаюда. Мұндайда қазақ «Қор­лық – зорлық туғызады» деген. Бұған қоғам болып қарсы тұрып, әділетсіздікпен күреспесек, ел дамуына кері әсер етері анық.
Елбасы Н.Назарбаев құқық қорғау органдарының кезекті кеңейтілген мәжілісінде бұл салада кетіп жатқан заңсыз­дық­тарды айта келіп, былай деген еді: «Кәсіпкерлік нысандарына салықтық ревизия жүргізу мен заңсыз тексерулер тыйылмай тұр. Осы саладағы жұмысты тез арада дұрыстау қажет».
Бұған қосымша 2016 жылы сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Қ.Мамиді қабыл­дағанда: «Тергеушілер де қателеседі, неге ақталу шешімдері жоқ» деп қада­ғалап айтқан болатын. Бірақ Елбасы сөзі тағы да елеусіз қалғанын көріп отырмыз.
…Иә, Елбасы қанша рет айтып, нақты тапсырмалар берсе де құқық қорғау органдарының бас­шылары заңсыздық пен әді­летсіздіктің тамырына балта шаба алмай келеді. Керісінше, кейбірі қылмыс әлемінің сойылын соғып жүр. БАҚ араласып отырған Абылай Хайроллаұлының ісінен де сондай теріс пиғылдың исі аңқиды. Сондықтанда бұл істі қоғамда төртінші билік болып есептелетін, еліміздің басты газеттері мен телеарналарындағы журналистер қауымы басты назарда ұстап, бұдан ары қарай әділдіктің орнауын назарда ұстайтын болады.
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
журналист

Жауап қалдыру