Рақымшылықтың рақымын кімдер көреді?

0
47

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасына қабырғасы қайыспаған жан кемде-кем шығар. Оны өлтіргендердің ұсталып, тергеліп, тексеріліп жатқаны мәлім. Тағы бір белгілі жайт – қылмысқа барғандардың мақсаты. Олар спортшы көлігінің айналарын қолды етіп, оны сатып, оңай олжаға кенелуді көздеген. Ұсақ қылмыстар қатарына жататын ұрлықтың арты бүтін бір ел үшін ғана емес, әлемдік кәсіби спорт үшін де орны толмас қазаға соқтырып отыр. Ал осы ұсақ қылмыспен істі болып, түрмеге тоғытылғандардың біразы жуырда кезекті рақымшылық шарасы аясында бостандыққа шықпақ. Қылмыскерлер неліктен босатылмақ? Рақымшылықтан кімдер үмітті? Олар қоғамға қауіпті ме? Осы сұрақтартарға жауап іздеп көрелік.
Елімізде сотталып, түрмелерде жазасын өтеушілердің санын азайтуға күш салынып жатқаны белгілі. Бұған дейінгі жасалған амнистиялар да, бұл жолғы рақымшылық шарасы да осы мақсатқа қол жеткізудің тиімді тәсілі. Қазақстанда бұл бағытта бірқатар көш ілгерілеу бар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз жүз мың адамға шаққандағы сотталған адам саны жағынан әлемде АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында болған-ды. Қазір жағдай өзгеріп, еліміз 63-сатыға тұрақтады. Соңғы 4 жылда 8 абақты жабылған. Бүгінде ел түрмелерінде 33 мың адам жазасын өтеуде. Дегенмен халық саны 18 миллион Қазақстан үшін аталған цифр әлі де көп. Айтпақшы, жазасын өтеп жатқандарға аз қаржы жұмсалмайтын көрінеді. Олардың әрқайсысына бюджеттен жылына 876 мың теңге бөлінеді.
Қуантарлығы – соңғы бес жылда бірқатар қылмыс түрлері азайған. ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыс 22, зорлау дерегі 43 пайызға төмендеген. 31 шілдеде қабылданған қылмыстық саясатты ізгілендіруді көздейтін жаңа заң бойынша 5 мың адам бостандық алмақ.
– Рақымшылық бойынша 5 мың адамның бәрі бір мезетте босатылмайды. Үрдіс кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Жазаның едәуір бөлігін өтеген, келтірген залалдың орнын толтырып, жүріс-тұрысы түзелгендер ғана түрмеден шығарылады. Қандықол қарақшылар, адам өлтіргендер мен зорлағандар және педофилдерді түрмеден босату туралы сөз де болмаған, болмайды да. Осы тақырып төңірегінде әлеуметтік желілерде тараған ақпараттар құр қауесет екендігін айтқым келеді. Қайталап өтейін, қатыгез қылмыскерлер бостандыққа шықпайды. Ал мерзімінен бұрын босаған азаматтарға жауапкершілік жүктеледі. Олар еркіндікте тәртіп бұзбауы тиіс. Екінші рет қия басса, қайтадан түрмеге қамалады, – дейді Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ жаңа заң бойынша жаза мерзімі ұзақтарының мерзімі яғни абақтыда отыру уақыты кемітіледі. Және де тәртіп бұзып тергеуде жүргендердің айыппұлы қысқаруы мүмкін. Айта кетерлігі бұл мүмкіндік бір-ақ рет беріледі. Рақымшылықтан кейін қылмыс жасағандар қайтадан түрмеге тоғытылады.
Билік босап шыққандардың жауапкершіліктен түбегейлі құтылмайтындығына сендіруде. Олар абақтыдан шығысымен жаза мерзімі аяқталғанша абаттандыру сынды қоғамдық жұмыстарға тартылады.
Жалпы қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша 260-тан аса бапқа өзгеріс пен түзету енгізілді. Құжатта айыппұл көлемін азайту да қарастырылған. Атап кетерлігі, ең төменгі айыппұл көлемі енді бұрынғыдай 500 емес, 200 айлық есептік көрсеткішке тең.
Алайда кей мамандар рақымшылық шарасының теріс ықпалдары болуы мүмкін екенін айтуда. Халықаралық түрме реформасы ұйымының Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Азамат Шамбиловтың пікірінше, бұрын істі болғандардың қоғамға бейімделіп, сіңіп кетуінде қиындықтар туындайды. Мұнша адамға бостандық беру – белгілі бір дәрежеде тәуекелге бару. Елде жазасын өтеп келгендерге арналған оңалту орталықтары жоқтың қасы. Ондай жұмыстар жергілікті басқару орындарына – әкімшіліктерге жүктелген. Әкімшілікте бұрын істі болғандармен жұмыс істейтін психологтардың жоқтығын айтпағанда, олардың бәріне жәрдемақы тағайындау, жұмыспен, бас -панамен қамту оңай шаруа емес. «Сонда олардың бәрі қара жұмысшы бола ма?»– деген сауал қояды маман. Азамат Шамбилов қылмыстық саясатты ізгілендірудің мақсаты түрмелерді тазалап, бюджетті үнемдеуден ғана тұрмау керектігін айтады.
Саясаттанушы Мақсат Жақау өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «артық қылам деп, тыртық қылып алмасақ болды» деп алаңдаушылығын білдіріп отыр.
«Шықты делік, әр түрлі қылмысы үшін бес мыңға жуық отырғандар не істемек, олармен кім айналыспақ? Әлеуметтік жұмыс мәселесі қалай болмақ? Кейбіреуі билікке өкпелі, кейбіреуі діни фанатик болып алған. Қоғамың дайын ба оларды қабылдауға? Азаматтық қоғамның деңгейі келесі қылмыстарды жасамауға кепіл беретіндей жұмыс істеп келе ме? Жоқ. Оның орнына тойлайтын дүниенің бәрін тойлап шықтық… Жалпы өркениеттік принциппен сараланса, дамыған азаматтық қоғамда қылмыскерлері аз болады. Ал онсыз да түрмеде отырғандардың санымен әлем елдерінен алдыңғы орындардан табылатын біздің елде түрменің санын азайтып, отырғандарды эшалондап шығару азаматтық қоғамның белгісі немесе гуманизацияның көрсеткіші болмайды. Гуманизацияны орнату үшін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына, азаматтық жобаларды көптеп жасаудан, адамгершілік, имандылық принциптерінің дәурен құруынан бастау алады. Гуманизация қылмысқа кешіріммен қарау деген нәрсе емес, қылмысты болдырмай алдын алатын бағыт екенін ұмытпайық!» дейді ол фейсбуктағы парақшасында.
Әңгіме басында Денис Теннің қазасын еске алуымыз тегін емес. Оны өлтіргендердің бұрын да қылмысты болғаны анықталды. Адам өлтіруді ойламаса да жейтін нандарын ұрлық-қарлықтан табуды әдетке айналдырған олардың бұл әрекеттері ақыры кісі өліміне әкеліп соқты. Қарасақ, кесапаты көп қылмыс әлемін ұсақ, ірі деп бөлуге болмайтындай. Өйткені салдары орны толмас өкінішке ұласуы ғажап емес.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру