Ойынқұмарлық от бастырады

0
132

Қазақстанда құмар ойынның қозып тұрғанын байқау қиын емес. Тек айналаға көз тастасаң болғаны. Әр дүкенде лото­рея­лық терминал, әр қадам сайын букмекерлік кеңсе, интернет клуб. Барлық ойын-сауық орталықтарында компьютерлік ойындар залы тағы бар. Қашан барсаң көретінің – шұбырған бала. Айқау-шу, боғауыз сөзден құлақ тұнады. Бірін бірі «атып», «қырып», «өлтіріп» жатады. «Psp», «Sony Playstation», онлайн ойындар деген сыңайлы түрлері де көп.
«Еркін адамдар» реаби­ли­тациялық қорының дирек­торы Ольга Агапованың ай­туынша, компьютерлік ойынға тәуел­діліктің психологиялық та, физиологиялық та сал­дары орасан, – деп жазады total.kz.
– Игроманияның қауіптілігі – қоғамның оған бей-жай қарап, белгілі бір шекке де­йін қалыпты құбылыс деп, мән бермеуінде. Ойынқұ­мар­­дың қарызы қар­жылық мүм­кіндігінен асып, кейде бе­ре­шекке белшесінен бат­қан­да ғана жақындары алаң­­­дай бастайды. Бұл тек ка­­зино­ға ғана емес, жар­на­масы бар­лық дерлік сайт­тарды жаулап алған бәс тігу түр­лері­не де қатысты. Құ­мар ойындарға тәуелділікті анық­тау қиын емес. Егер адам­­ды күнделікті «әдетінен» айыр­са, онда оның іс-әре­ке­тінен беймазалық бай­қа­ла­ды, – дейді қоғамдық қор бас­шысы.
Агапованың айтуынша, ойын­­құ­марларда ақшасы тау­­­сы­лып, қарызға алу сәті жиі ұшырасады. Бастапқыда тек жақын адамдарынан сұ­раса, кейін барлық таны­сын түгендеп шығады.
Бұл проблеманы әншейін же­келеген адамдардың же­ке басының мәселесі деп қа­­рау­ға болмайды. Бұған Еуропаның кей мемлекеттері ерекше көңіл бөліп, сонымен күрес жүр­гізуде. Айталық, Финлян­дияда құмар ойындар мем­лекеттік масштабтағы проб­лема ретінде қаралады. Құ­мар ойынға жылына 120 еуродан көп жұмсайтындар рес­ми түрде ойынға тәуелді деп танылады. Оларға тегін пси­хо­логиялық қызметтер ұсы­нылады.
Психолог Әсел Жұбаныше­ваның айтуынша, Қазақ­стан­да билік игроманияға мән бермей отыр.

– Ойынға тәуелді адамдар­дың жақындары олар кірген қарызды өтеуден бөлек, оны емдеу шараларының шығын­дарын төлеуге мәжбүр. Адам­ның жалғызсырауына, қана­ғатсыздық сезіміне душар болуына ықпал етуші фактор­ларға назар аудару аса ма­ңыз­ды. Өкінішке қарай, эмо­ционалдық тұрғыда жетіліп үлгермеген жас жеткіншектер мә­селені шешуде оңай амал­дарға барып жатады, – дейді ол.
Қоғамнан өз орнын таба алмау, жұмыссыздық, жала­қының төмендігінің салдары­нан жастар тез байысам, өз тілдерімен айтқанда «куш жұл­сам» деген ойдың жете­гінде кетуде. Сондықтан бук­ме­керлік кеңселерді то­руылдау, онлайн бәс тігу, компьютерлік ойындар ар­қылы қаржы табуға тырысу сынды әрекеттерге барады.
Ольга Агапова игрома­нияда ойын түрі маңызды емес, оның бәрі құмарлықты қоздыру­шы­лық деген пікірде.
– Іс жүзінде букмекер­лік кеңселердің кәдуілгі казино­дан еш айырма­шылығы жоқ. Екеуі­нің де негізінде тә­уелділік, құ­марлық жатыр. Айта ке­тер­лігі, ойынның бұл түрінің таны­малдылығы құ­мар ойындарға тыйым сал­ған­­нан кейін күрт артып кетті. Ел­де арнайы ойын аймақ­тары бекітілгеннен соң бук­мекерлер қаптасын кеп. Бұл бір есірткіні екін­ші­сімен ал­мастырғандай бол­ды. Әдетте со­лай бо­лары бе­сенеден белгілі ғой. Біздің науқастардың дені бук­ме­керлік кеңселерде мың­­даған долларынан, қым­бат көлігінен, үйінен айы­ры­лып қалғандар, – деген реа­би­ли­тациялық қор дирек­торының сөз­дерінен жағдай­дың қай шамада екенін аң­­ға­руға бо­лады.
Ойынқұмардың анасы Жа­нар Мұшанова total.kz сай­тына өзінің кү­йініш­ті жағ­дайы тура­лы былай деген екен:
– Біз жылдар бойы жи­ған-тергеніміздің бәрінен айы­­­рылдық. Көлігі­мізді, пә­тері­­мізді саттық. Де­позит­тегі қа­ра­жатты тауыстық. Ұлым былай ақымақ адам емес. Гим­назияда оқы­ды. Бола­шағынан зор үміт күтетін едік. Мүлде басқа адам болады деп ойладық. Бұ­ның бәрінің компьютер ойын­дарынан басталғанын, кейін ойын автоматына, букме­керлік кеңсеге жалғасқанын бай­қамаппыз. Соңында ұлы­мыз үйдегі бар алтынды са­тып бітті. Оның құны 3 мил­лионға жуық болатын. Оны емдеп, оңалтуға бір ай­дай уақыт кетті. Қазір ол біз­бен тұр­майды, – дейді нала­лы ана.
Әдетте, ойынқұмарлық кө­біне ер адамдар арасында жиі ұшырасады. Ольга Ага­по­ва­­ның айтуынша, ойын­құмар­лықпен қатар ішкі­лік, кейде тіпті есірткі қол­дану қатар жү­реді. Адамды бұл жағ­дайдан шы­ғару жақын­дарына оңайға түс­пейді.
– Алдымен ойынқұмар жа­қы­ныңызды әңгімеге тартып көрі­ңіз. Әңгіме болғанда да құрғақ сөз емес, нақты деректер. Оның қанша сағат, аптасына неше күнді ойынға жұмсайтынын бақылап жүріңіз. Нақты деректер қолда болғанда әлгі адам­мен сөйлесіп, жағдайы қаз-қалпынша айтыңыз. Бәл­кім, сонша уақытын ойынға жұм­сайтынын айтқанда адам ойланар. Бұл көмектеспесе мамандар көмегіне жүгінуден басқа шара жоқ, – дейді қоғамдық қор директоры.

Төрткен ҚЫЗЫЛЖАР

Жауап қалдыру