Әлі де көптеген отбасы баспанасыз жүр

0
15

деген Сенат депутаттары осы саладағы кемшіліктерді сынға алды

Әр отбасы «басымызда өз баспанамыз болса екен» деп армандайды. Әр ата-ана баласын үйлендіріп, жаңа шаңыраққа отаулап шығарғысы келеді. Сол армандардың орындалуы үшін мемлекет соңғы жылдары әртүрлі бағдарламаларды іске қосты. Алайда оның жүзеге асып, қарапайым халықты қуантып жатқандары да, шешімін таппай жатқан түйіткілді тұстары да бар. Осы түйіткілді тарқатып, тұрғын үй мәселесінде қандай іс атқарылып жатқанын талқыдан өткізу мақсатында Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев Бағдарлама іске қосылған бір жыл ішінде 11,2 миллион шаршы метр рекордты тұрғын үй салынғаны көңіл қуантатынын айта келіп, оның өзі де жеткіліксіз екенін, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүргендігін ашық айтып, кемшіліктерді сынға алды.
А.Бейсенбаев бұл саланың жұмысын алға жылжытуға жол ашатын мынандай мәселелерге көңіл аудартты:
Бірінші, жұмыс істейтін әрбір адам не­сиеге пәтер сатып алып, оны от­басылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет;
Екінші, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына бағытталған сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұр­ғын үй салуға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігін жою қажет;
Үшінші, жергілікті атқарушы орган­дар­дың объектілерді уақытылы іске қоса алмауының алдын алуы тиіс;
Төртінші, екінші дәрежедегі банктер­дің келісу рәсімдерін оңайлату керек;
Бесінші, «7 – 20 – 25» бағдарламасын жүзеге асыру барысында, «Нұрлы жер» бағдарламасына әзірленіп, енгізі­летін өзгерістер өкілетті орган Ұлттық Банкімен бірлесе отырып айқындалуы тиіс;
Алтыншы, өзгер­істерді енгізу бары­сында қолданыстағы «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық проб­ле­малық мәселелерін айқындап, мұ­қият сараптаудан өткізу қажет;
Жетінші, «Нұрлы жер» мен «7 – 20 – 25» бағдарламаларының жүзеге асыру жөніндегі түсінікті схема халыққа ұсынылуы тиіс; Сегізінші, әртүрлі қолдан жасалған жасанды кедергілерді және артық құжаттар мен келісулерді барынша жою қажет.
«Нұрлы жер» бағдарламасына ен­гізілетін өзгерістер қазақстандық­тар­дың қолжетімді баспана алу мүмкін­діктерін жүзеге асыруға кері әсе­рін тигізуге негіз болмауы керек» ,– деді А.Бейсенбаев.
Инвестициялар және даму ми­нистрінің орынбасары Қайыр­бек Өс­кенбаев «Нұрлы жер» бағдар­ламасын 2017 жылы және 2018 жыл­дың алғашқы тоқсанында іске асы­рудың негізгі көрсеткіштеріне тоқ­тал­ды және бағдарламаның жаңа Тұжы­рым­дамасын таныстырды. Өткен жылы 100 мыңнан астам отбасы, оның ішінде 25,2 мың отбасы мемлекет қаржысы есебінен өздерінің тұрғын үй жағ­дайын жақсартты. Бұл салаға ин­вес­тиция 2017 жылы 18 пайызға ұлғай­ды және 980 миллиард теңгені құрады.
Ұлттық банкі төрағасының орынба­сары Олег Смоляков «7-20-25» бағ­дар­ламасының жұмыс тетіктері және бағдарлама аясында қарыз беру­дің шарттары туралы депутат­тарды хабардар етті. Оның сөзінде айтыл­ғандай, қарыз еңбек және кәсіпкерлік қызметтен ресми түсетін кірісі бар және тұрғын үйі жоқ азаматтарға беріледі.
Сенат депутаты Михаил Бортник заңнаманы жетілдіру, оның ішінде халықтың тұрғын үй құрылысы жина­ғына төлем талаптарын көрсетуді реттеуге қатысты мәселелерге тоқтал­ды. Сенатор сатып алу құқығы жоқ тұрғын үйлердің жалға беру тетіктерін іске асыру және тұрғын үйге сатып алу құқығын қайтару мүмкіндігі мәселелерін көтерді. М. Бортник сондай-ақ бағдарлама аясында ауылдық елді мекендердегі, ең алдымен қала маңы кенттеріндегі тұрғын үй құрылысына бұдан да қарқын беруге шақырды.
Дөңгелек үстел отырысы барысында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ, «Шар-Құрылыс» ЖШС, «Қазақстан тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ және «ЦентрКредитБанкі» АҚ басшылары сөз сөйледі.
Шараға қатысушылар «Нұрлы жер» бағдарламасын бұдан да тиімді іске асыруға кедергі болып отырған өзекті мәселелерді шешу жөнінде пікір алмасты. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары тұрғын үй құрылысын салуға қаржыландыру көлемін арттыру және инженерлік коммуникацияны жүргізу туралы ұсыныстар айтылды. Сенаторлар сондай-ақ нысандарды уақытынан кеш пайдалануға беруге және құрылысты салу кестесінен кейін қалуға жол бермеу үшін шаралар қабылдауды талап етті.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді және ол Үкіметке, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мүдделі ұйымдарға жіберілетін болды, сондай-ақ заң шығару жұмыстары барысында Сенат депутаттарының ескеретіні айтылды.

Әділбек ҚАБА

Жауап қалдыру