Кредит тарихын түзетудің жолы

0
55

Әр қазақ баса мән беріп, ұрпағына аманаттап отыратын шежіремен қатар қазіргі заманда азаматтардың тағы бір тарихының тазалығы мен мәртебелілігі маңызды болуда. Қаржы тілінде оны «кредит тарихы» деп атайды.
Қаржыгерлердің мәлі­метінше, Қазақстандағы 18 миллионнан астам тұрғынның 7,8 миллионы өз өмірінде бір рет болса да несие алған. Ал қалған қазақстандықтар сарапшылар тілімен айтқанда, «кредиттік пәктігін» сақтап отыр, яғни бір де бір рет қарыз сұрап, қаржылық ұйымдарға жүгінбеген. Әрине, олардың саны сағат санап, азая берері сөзсіз. Өйткені көлік алуды, оқуды, баспана иеленуді, жөндеу жасауды, саяхаттауды, тіпті той-томалақ ұйымдастыруды несиемен қаржыландыру белең алуда. Демек, қазақстандықтардың үлкен бөлігі үшін кредиттік тарихты бүлдіріп алмау күн тәртібінде тұр.
Ұлттық банктің дерегінше, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтарға банктер берген барлық 4 триллион 259,1 миллиард теңгенің 414,5 миллиарды қайтарылмайтын кредит күйіне көшіпті. Ал қаржы министрлігі қазіргі кезде елімізде 1,2 миллион адамның мемлекет алдындағы салықтар бойынша қарызы 19,1 миллиард теңгеге жеткенін еске салады. Бұл ретте сот үкімі шыққанымен, атқару қағазы негізінде өндіріп алар дүние-мүлкі жоқ жандардың «армиясы» 2014 жылғы 25 мың адамнан енді 937 мың адамға, ал олардың берешегі 44 миллиард теңгеден 142,8 миллиардқа өсіп отыр.
Сарапшылар банкке несие сұрап бармас бұрын, азамат­тарға және бизнесмендерге алдымен кредиттік тарихын біліп алуға кеңес береді. Өйткені ол тарихта өтелмеген қарыздар, тіпті ол адам ешқашан алмаған, яғни әлдебір алаяқтар рәсімдеп қойған кредиттер есепте тұруы ғажап емес көрінеді. Мұны білу үшін жыл сайын не екі жылда бір рет өз кредиттік тарихыңызды анықтап қойыңыз. Қазақстанда бұл ақпаратты egov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы, сондай-ақ «Бірінші кредиттік бюро» агенттігінің порталы (www.1cb.kz) не «Кредиттік тарихтар бюросы» (https://www.1cb.kz/getpko) арқылы онлайн білуге болады, бұл жағдайда цифрлық электронды қолтаңбаңыз болуы шарт. Немесе жеке куәлігіңізді алып, халыққа қызмет көр­сету орталығына (ХҚО) не «Қаз­пошта» бөлімшелеріне жол тарт­қаныңыз жөн.
Бүлінген «дербес кредиттік тарих» (ДКТ) өзімен бірге, басқа да проблемалар туындатып, тұлға өміріндегі құлдырауға бастамағаны игі. Айталық, кәсіпкер азамат бизнесін дамыту үшін банкке кезекті рет несие алуға жүгінсе, ең алдымен менеджер оның бұған дейінгі кредиттерінің тарихын зерделейді. Егер онда қарыздың өтелуі бірнеше рет кешіктірілгенін немесе әлі «сөндірілмеген» кредиті барлығын білсе, әдетте, жаңа кредит рәсімдеуден бас тартады. Ал бір рет бас тарту жағдайы орын алса, ол банкте ары қарай кредит алу мүмкіндігі жоққа теңеспек. Себебі, адам «адал емес» деп танылып, «қалаулы емес клиенттер» тізіміне енгізілуі мүмкін.
Бүлінген ДКТ-ны түзету күрделі, бірақ ондай мүмкіндік бар. Оны толығымен тазартып, қайта жазып шығуға жол берілмейді, бірақ оған оң факторлар қосып, жақсы реңктерге «бояуға» болады. Нашар ДКТ-ны көріп, көңілінде күмән туған кредиттік бөлім қызметкері өз кезегінде, жүгініп отырған клиенттің келісімшарт талаптарын толығымен орындай аларына қосымша кепілдіктерді қажетсінеді. Сондықтан сарапшылар адалдығыңызға, тек әлдеқалай жаза басқаныңызға дәлел-дәйектеме ретінде кредиттік карталар, коммуналдық қызметтер бойынша ай сайынғы төлемдеріңізді, кредиттерді өтеу бойынша көшірмелер мен есеп­терді ұсынуыңызға бо­ла­ды. Бұдан бөлек, төлем­қ­абілет­тілігіңіздің жоғары деңгейін рас­тайтын табыс туралы анық­таманы да әкелген абзал.
Азаматтардың ДКТ-сы «Бірінші кредиттік бюрода» 10 жыл бойы сақталады және одан кейін жаңарады. Сол себепті кейбір сарапшылар «жалақыға дейінгі ақша» секілді өнімдер бойынша микроқаржы ұйымдарында шағын несиелер алып көруге және оны дер кезінде өтеуге ұсыным береді.
«Бұзылған кредиттік тарихты жақсарту үшін шағын несиелік ұйымдарға жүгінуге болады. Өйткені микрокредиттік ұйымдар жаман несиелік тарихы бар клиенттерге де жақсы көзбен қарай береді. Ол компанияларда адамдар ешқандай анықтамалар мен басқа да құжаттар жинамастан, бірнеше минут ішінде жылдам микрозаем рәсімдей алады. Адам қарызға қол жеткізгеннен кейін оны мерзімінен еш кешіктірмей, дәл уақытында төлеп шығуы қажет. «Заемшының несиесін өз мерзімінде өтегені» туралы ақпарат микроқаржы ұйымынан кредиттік бюроға түседі. Осылайша, бірнеше рет несие рәсімдеп, міндеттемелерін лайықты орындаса, адамның кредиттік рейтингі көтеріледі. Кредиторлар борышкердің түзелгенін, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарай бастағанын аңғарады», – дейді кредиттік сарапшы Михаил Грушевский.
Оның айтуынша, осыдан кейін банктердің барлығының есіктері бірден айқара ашылады деу аңғалдық. Бірақ ірі несиеге бірте-бірте жол салынады.

Жанат АРДАҚ

Жауап қалдыру