Киелі кесене күйреудің аз-ақ алдында

0
311

Газетіміздің өткен жылғы 16 қарашадағы №46 (688) санында «Қожа Ахмет Яссауи ке­се­несіне мавзолей мәртебесі берілсе…» деген та­қырыпта проблемалық мақала жарияланған бо­латын. Материалда қабырғасында қазақтың 21 ұлы ханы мен биі және игі жақсылары жерленген киелі кесенеге «мавзолей» мәртебесін беру мәселесі көтерілген. Иә, рас, түркі әлемінің мақтанышы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ұлттық мұрамыздың іргетасы іспеттес. Киелі өңірдің өткен күндердегі даңқы мен бүгінгі қасиеті ұлы бабамыздың асыл қазынасымен терең тамырласып келеді. Сан ғасырдың жүгін арқалап тұрған алып құрылыс халқымыздың рухани әрі мәдени тұрғыдан қайта өрлеуінің қайнар көзі. Дегенмен қасиетті ғимараттардың кез келгені табиғи күштер әсерінен түрлі өзгерістерге ұшырауы заңды құбылыс. Кесенеге мавзолей мәртебесінің берілуін талап ету – ол ең алдымен қасиетті жәдігерімізге қатысты реставрация жұмыстарын ғылыми негізде жүргізуге сеп бола ма деген үміт болатын. Өкінішке қарай ғимараттағы жөндеу жұмыстары кесенені сақтауға емес оны табиғаттың өзі тез арада жоятындай өзгерістерге соқтырып отыр.
Мәселенің түйініне көшер болсақ, ол – көне тарихи ескерткішімізді қалпына келтіру жұмыстары қаншалықты дұ­рыс жобаланған, реставрация сапасы қаншалықты көңіл көншітеді деген сұрақтарға тіреліп тұр. Атақты Мәулен Садыр ұста басшылығымен ғажайып құры­лысты көтерген орта ғасыр шебер­лерінің озық ойы мен тапқырлығының қыр-сырын қа­зір­гі мамандар қан­шалықты тү­сіне алған?
Бірден айтайық, соңғы жылдары кесенеде атқарылған жұмыстардың сапасы мүлде сын көтермейді. Жөндеу ша­ра­лары Әмір Темір жоба­сының талаптарына, ғылыми-практикалық тұрғы­дан құры­лыстық әрі реставра­циялық ережелерге сай емес. Бұл мамандар түгілі, қарапайым тұрғындарға көпе-көрнеу кө­рініп тұр. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жөндеу жұмыс­тары ғылыми тұрғыдан тал­ғамсыз, жоспар-жүйесіз жүр­гі­зіл­ген. Әмір Темір жоба­сы­ның та­лаптары орындал­май, өрескел бұзылып жат­­­­­­қан­­­­­­­­­дығы жанымызға қат­­­­­ты ба­­тады. Мұндай жөн­­сіз-жү­­йе­сіз жүргізілген жұ­мыс­­­тар ғи­мараттың келешегіне қауіпті. Тіпті кесененің үстін­дегі үлкен күмбездің құлап түсу қаупін туғызып отыр. Ең қатерлісі, қазандық төбесіндегі үлкен күмбез көк шыны түсті қышпен қапталып, дем тартқыш тесік­­тері тығындалып тас­тал­­ды және кесененің жан-жа­ғын­да­ғы торкөз терезелері (панжара­лары) қышпен қаланып, бекі­тіліп тасталды. Осының сал­дары­нан күмбездің ішіндегі қалыпты температуралық ре­­жим бұзылды. Бұл ағаш ұстын­­дардың шіруіне, гипс құйма­ларының ылғалданып салмағы бірнеше есе артыпкетуіне, тіпті кейбірінің құлап түсуіне соқтыруда. Айталық, 1982 жылы төбедегі бірнеше әсем оюлар (сталактиттер) құ­лады.
1993-2000 жылдары Қо­жа Ахмет Яссауи кесенесіне рес­таврация жүргізген Түркия­ның «Вакиф Иншаат» фирмасы Әмір Темір жобасының ерекшеліктерін өрескел бұз­ған. Бастапқы жоба бойынша ортағасырлық шеберлер кесене қабырғасының ұлтанына яғни іргетасының астына мал қиын салып, үстіне қамыс тө­сеген, бұл материалдар екі түрлі қызмет атқарған. Бі­рін­ші – жер асты суларын жоғары өткізбеген, екінші – жер сілкінісі кезінде соққыны бә­сең­детіп, ғимараттың бе­рік­тігін арттырған. Түрік құры­лыс­шы­лары ұлтандағы қи мен қа­мысты сыпырып тастап, ке­сененің 14 метрлік астына өте жоғары қысыммен бе­­тон фундамент құйған. Мұндай жағдайда реставра­ция кезінде бетон табан мен қабырға ара­сына ыс­тық қорғасын құ­йы­лып, нәм өткізу жолы ке­сі­леді. Өкі­нішке қарай қабырғаға осындай горизонтальдық гид­­рои­золяция жұмыстары жүр­гізілмеген. Соның салдарынан кесененің қабырғалары ылғалданып, тұзданып жатыр, намаз кезінде имам отыратын орын (михраб) құлап түскен. Жерасты суларымен өрлеген тұз кесене бойымен жоғары шығып кеткен. Бүгінгі таңда қазандық төбесіндегі гипс құймаларынан жасалған әсем оюлардың (сталактиттер) салмағы 300 тоннадан асып тұр. Егерде жерасты суы мен тұз әсем оюларға және қазандық күмбезіне өтіп кетсе, гипс құймаларының салмағы бірнеше есе ұлғайып, тұзданған күмбез ақыры құлап түсері анық. Онда ішкі ауа қысымының күрт әсерінен бүкіл кесене екіге жарылып кету қаупі бар. Қазандық күм­безінде жарықшақтар пайда болған және жекелеген бөл­­мелердің интерьерінің кей­бір жерлерінде түрлі-түсті сызат пен дәз түсіп шатынаған. Қазандық төбесін ұстап тұрған ағаш арқаулары дымданып, бұзылып барады. Тұздың жоғары шығып кетуіне байланысты қасбеттің қап­­тамалары мен басқа да кон­струкциялық материалдар бұ­зылып жатыр.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне техникалық сараптама жүргізу жөніндегі арнайы комиссия 2012 жылы 23-24 тамызда зерттеу жүргізген болатын. Сол кездегі Мәдениет министрлігі Мәдениет коми­тетінің төрағасы Ілияс Қо­зыбаев басшылық жасаған комиссия арнайы хаттамада кемшіліктердің бәрін тізіп берген. Сонда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қайта қал­пына келтіру барысында реставрация заңдылықтары мен пайдалану нормативтері сақ­талмағандығы, керісінше өрес­кел бұзылғандығы көр­сетілді. Ал жағдай жылдан жылға нашарлай түсуде. Атап айтқан­да, кесененің қазандық бөл­ме­сіндегі күмбездің қыш­тары, гипс оймалары сталактиттер және оларды ұстап тұрған ағаштардың ылғалдылығы былтыр 2017 жылға қарағанда көбейіп, 29,9 пайызға жеткен. Күмбез материалдарында мұндай мәдени ескерткіштер үшін өте қауіпті «сульфатты калий тұзы» екі қабат болып түзілгендігі анықталды. Бұл өте қауіпті жағдай. Ғалымдар кесененің барлық бөлмелері мен мұнара, дәліздерінің ауа айналымын, қабырғаларының ылғалдық мөлшерін зерттеп шыққан. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей кесенедегі бар­лық дуаларалық ауа ал­масу арналарының бірде біреуі жұмыс істемейді. Сон­дай-ақ 1 және 2 қабаттағы бөлмелерде, мұнараларда бас­тапқыда болған есік-те­ре­зелерінің қышпен қала­нып тасталғандығы салда­ры­­нан кесененің табиғи ауа ай­на­лымы тоқтаған. Бөл­ме ұлтан­дарында ылғал­ды­лық 70-75 пайызға жеткен. Екінші қабат­­тағы құжыра­лардың алды қышпен қаланған­дықтан күн сәулесіне тос­қауыл болып, соның салдары­нан бөл­ме­лер­дің төбесі тұз­дануда. Сондай-ақ кесененің қабірхана, мешіт, үлкен және кіші ақ­са­рай­­лар, асхана және құдық­хана бөлмелерінің күмбез­дері рес­таврация кезінде мөл­шер­ден тыс қалыңда­тылғаны анықталған. Бұл қалың­дық ыл­ғалданған күмбез қа­быр­ғаларының құрғауына кедергі келтіруде. Қазандық бөлмесі күмбезінің сталактиттеріндегі ауа айналымын реттеп отыратын 19 тесік тығындалып тасталған. Қазіргі таңда кесене ішіндегі табиғи ауа айналымы өте төмен, кейбір тұстарда мүлде жоқтың қасы. Табиғи ауа айналымын жақсартатын іс-шаралар түзілмеген. Күмбездің кірпіштері тұзданып, кірпіш­терін ұстап тұрған ерітінділер үгітіліп жатыр. Үгінділер сталактиттердің үстіне 5 см-дей болып жиналып қалған. Күмбез бен сталактиттер арасында, әсіресе күмбездің оңтүстік жағында ауа айналымы мүлдем жоқ, тыныс алуға ауа жетіспейді.
Қабірхана мен мешіт бөл­ме­лері күмбездерінің проб­ле­малары да жеткілікті. Қа­зандық күмбезінің күнба­тыс жағында гипс оймаларында ұзындығы 10-12 метрдей сызат барлығы мәлім болды. Гипс оймаларында өте көп мөлшерде су жиналған. Бұл жағдай 1982 жылғыдай гипс оймаларының тағы құлап тү­суіне соқтыруы әбден мүм­кін.
Енді бір айта кететін мәселе, киелі кесене жобасының бас­қа тарихи ескерткіштерден бір­неше ерекшелігі бар екендігі. Біріншісі, әр қаланған кірпіштің үстіне ағаш төселген, сонан екінші кірпіш қаланған, ағаш арматураның қызметін атқарған. Дуалдары қалың болған соң, дуал ішімен жүретін ауа айналым режимі жасалған. Ол режим жоға­рыдан дуал ішіндегі тесіктер арқылы ауаны өткізіп, қабырға ішінде айналым (циркуляция) жасап отырған. Ал жаңбыр сулары арнайы ойықтар арқылы кесенеден 200-300 м жердегі шұңқырға жиналып, жерге сіңіп отыр­ған. Екінші ерекшелігі, кесене ұлтандағы жұмсақ «жас­тық­тарға» орналасқан. Яғни, ұл­танның астына мал қиы мен қамыс төселген. Сол себептен, кесененің ұлтанына бетон құюға болмайды. Бетон құйылғаннан соң, дуал ішіндегі барлық тесіктер жабылып, үстінен аққан жаңбыр суымен толып, дуал ішіндегі ағаштардың шіруіне әкеліп соқтырады.
Киелі кесене өте апатты жағ­дайда тұр. Тез арада апат­тың алдын алатын іс-ша­ралар жасалғаны жөн. Ол үшін кесенені ЮНЕСКО ма­ман­­дарының қатысуымен, ха­лық­аралық құрылыстық тех­­ни­ка­лық сараптамадан өткізу керек. Сонан соң рес­тав­рация жұ­мыстарын әлемге таны­мал маманданған ком­па­ния­ға жүктеу керек. Өйткені республикалық комиссия Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүгінгі таңда өте қауіпті жағдайда тұрғанына куә болды. Егерде жәдігерімізді жо­ғал­тсақ, ұлтымызға ұят, тектілігімізге таңба, досқа күлкі, дұшпанға таба боламыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, орын алған кемшіліктерді жедел түзеу қажет.
2003 жылы 3 шілдеде Әлемдік мұралар комитетінің 27-ші сессиясының шешімімен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар» тізіміне енді. Ғажайып ескерт­кіш ЮНЕСКО жанындағы ІСОМ-ға, дүниежүзілік музейлер каталогына енгізілді. Бұл бізге бүкіл әлем халқы алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздер әлемдік деңгейдегі мәдени мұраның көз алдымызда күйреуіне жол бермеуіміз қажет. Түркі әлемінің мақтанышы, жарық жұлдызы, ғажайып тұлға, ұлы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың күмбезі халқына нұр-шапа­ғатын төгіп, ұзақ жылдар жар­қырап тұра беруіне және киелі кесененің мұрты бұ­зылмай келер ұрпаққа ми­рас болып қалуына атса­лысуға шақырамыз. Яссауи кесенесін аялайық, ағайын.

Бақытжан ЖҮНІСОВ,
«Асыл діңгек» үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығының президенті

Жауап қалдыру