«Көкжайлаудың» дауы

0
316

Іле-Алатау баурайында «Көкжайлау» тау-шаңғы курортын салу жөнінде мәселе көтеріліп, соңы дауға ұласып келе жатқанына біраз болды. Бүгінде жоба жетекшілері «Көкжайлау» курорты елімізде туризм саласын дамыту үшін пайдалы бастама екенін алға тартады. Қазірде курорттың жобасы да дайын. Үлкен Алматы көлі, Көкжайлау беткейі мен Құмкөл асуы аумағында салынатын демалыс орнының құрылысы 2016 жылы аяқталуы тиіс деп жоспарланған. Алайда экологтар мен бірнеше белсенді топ «аталмыш жоба туризмді дамытады дегенімен, экологияның бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін» деген пайымынынан тайынбады. Осыған байланысты Алматы қаласында таяуда «Көкжайлау» мәселесіне қатысты қоғамдық талқылау өтті.
«Көкжайлау» тау-шаңғы курортын салу жобасы 2002 жылы қолға алынған. Бұл мақсатты іске асыру үшін Іле-Алатау ұлттық паркінен арнайы жер телемі де бөлінген. Бастапқыда тау-шаңғы курортын салуға 1,5 млрд АҚШ доллары жұм­са­лады делінген. Алайда 2015 жылы экономикалық дағ­дарыс пен көпшіліктің бұл жобаға қарсылығы нәти­жесінде құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Арада екі жыл өтіп жоба қайта жаңғырды. Бірақ жоба түбегейлі өзге­ріске ұшырағанын айта кет­кен жөн.

Бүгінде жобаның жаңа техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, онда құ­рылыс алаңы 10 есеге қысқарып, 6 гектарды құраған, шаңғы трассасының жал­пы саны – 65-тен 24 ша­қырымға қысқарса, олар­дың жалпы ұзындығы – 60 шақырымнан 20-ға дейін қысқарған. Шаңғышыларға арналған шатқалдарға қар үюге арналған 3 көлдің орнына біреуін ғана жасау жоспарланыпты. Енді жобаның құны 230 млн долларға бағаланып отыр. Алайда бұл сомаға инфрақұрылымға қажетті шығын кірмеген. Одан қалды тау-шаңғы курортына газ құбыры да тартылмайды. Барлық жылыту жұмыстары электр жүйесімен іске аспақ. Жобаның жаңа техникалық-экономикалық негіздемесін жасаушы Almaty Mountain Resorts компаниясының бас директоры Наиль Нуров «Жобадағы өзгерістердің бар­лығы да табиғатты сақтау мен экологиялық қауіп-қа­терді азайту мақсатында жа­сал­ды. Курорттың біз үшін «әлеуметтік» маңызы басым­дырақ», – дейді.
«Көкжайлау» тау-шаңғы ку­рортын салуға қарсы та­раптың негізгі қорқынышы қоршаған ортаға тиетін зардап. Тау-шаңғы курорты Іле-Алатау ұлттық паркінде орналасатындықтан бұл жер­де сирек кездесетін ағаш пен өсімдіктер көп. Сон­дық­тан шаңғы жолдары мен құ­рылыс оларды мүлде жойып жіберуі мүмкін. Онсыз да Алматы қаласының эколо­гиялық көр­сеткіші бүгінде сын көтер­мейді. Қаржылық пайда іздеп жүріп, аялы табиғатты бүлдіруіміз бек мүмкін. Сондай-ақ «Көкжайлау» тау-шаңғы курорты жоба­сына бірнеше зерттеу мақала­ларын арнаған журна­лист Вадим Борейко «Жобада көр­сетілген жасанды көл салу мәселесі қала үшін өте қауіпті. Курорт тектоникалық жер сілкінісі аймағында ор­наласқан. Егер де табиғи апат бола қалса, жасанды көл тау шатқалында ірі сел көш­кінін туғызуы мүмкін. Осы қауіп қаншалықты ес­керілген?», – дейді. Одан қалды шаңғы алаңдарының құрылысы үшін мыңнан астам ағаш кесілмек. Бұл сол жерде өмір сүретін тау жануарлары үшін де қауіпті екенін ескерген жөн.

Келесі күдік туғызған қаржы мәселесі. «Көкжайлау» тау-шаңғы курортын салуға 200 млн АҚШ доллары жұм­салмақ. Бұл қаржының бар­лығы қалалық және рес­пуб­ликалық бюджеттен алынбақ. Аталмыш жобаға ешқандай инвестор тартыл­маған. Бұ­ны Наиль Нуров «Бұл курорт аймағында қызмет көр­сету бағасын бақылауда ұстау үшін жасалып отыр», – деп түсіндірді. Алайда бү­гінгідей қаржы тапшы уа­қытта мұндай ірі соманы курорт салуға жұмсау қи­сын­сыз дейді көпшілік. Оның үстіне «Көкжайлау» тау-шаңғы курорты жылына макси­малды 40 мың адам қабыл­дағанның өзінде кет­кен қаржыны 50 жылдан соң ғана қайтармақ. Жарты ғасырдан соң пайда әкелетін жобаға қомақты қаржы құю мен табиғатты бүлдіру қаншалықты мардымды? Ал 10-15 жылда әкімдік шешімі өзгеріп «Көкжайлау» тау-шаңғы курорты сатылымға қойылса ше? Оны сатып ал­ғандар ондағы жер телім­дерді бай-бағландарға сат­са. Курорт аймағында биік қабырғалы коттедждер бой көтермесіне кім кепіл? Мәселен, жобаның алғашқы техникалық-экономикалық негіздемесінде 1000 шаршы метр жер телімі бар 300 үй-жай салынуы қарастырылған. Көпшіліктің көкейінде жүрген осы сұрақтар баршаны толған­дырады.
Қоғамдық талқылауда айтылған негізгі дүниелер осы. Елді дамытуға Қазақстанды әлемге танытуға ешкім қарсы емес. Алайда бұны қоршаған ортаға залал тигізу арқылы жүзеге асырмаған жөн. Осында айта кетер жайт, неге біз қазіргі туризм саласында кең танымал экотуризмді қолға алмасқа? Экотуризм – адам қолы тимеген табиғат аясында саяхаттау. Әлемдік соңғы зерттеулер бойынша бүгінгі туризмнің басты бағыты экотуризмге қарай ойысуда. Мә­селен, Қытай, Үндістан, еуропалық турис­тердің ара­сында экотуризмді қол­данушылар екі есеге артқан. Олардың басты бағыты Гима­лай тауы, Африка, Оң­түстік Америка ормандары болған екен. Бүгінде тау-шаңғы курорты бойынша көш бастайтын Швейцария мен Аустрияның өзі осы саланы дамытуды қолға алуда. Билік осы мәселені де назарға алса дейміз.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Қарама-қарсы көзқарас

«Жобаға қарсылық білдірушілердің курортты салған кезде флора мен фаунаның бұзылады дегенінде еш негіз жоқ. Егер бұл логиканы негізге алсақ, онда барлық курортты  жабу керек. Қазақстанда, Алматыда ғана емес, әлемде. Қырғызстанда, Өзбекстанда, Грузияда, Сочиде, Еуропада. Бұл – қате позиция. Егер осы позиция сонау 60-70 жылдары басшылыққа алынса, онда бүгін Медеу де,  Шымбұлақ та болмас еді. Біз балаларымыздың үйде қамалып, қорқор тартқанын емес, қайта сырғанақ тепкенін, спортпен айналысқанын қалаймыз. Сондықтан олар үшін спорт базаларын салғанымыз дұрыс».

Мұхтар ТАЙЖАН.

 

«Жобаға сәйкес, халыққа не техника-экономикалық негіздемесін, не қаржының қайда жұмсалатынын көрсетпейді. Жобаға қарсы экологтар мен сейсмологтар қалаға қауіпті тасқындар жайлы айтып жатыр. Олимпиада комитеті бұл орынға олимпиада ғимараттарын салуға болмайтынын айтты. Ал Алматының маңайында 5 толыққанды шаңғы курорты бар. Ал 20-ға жуығы жөндеу жұмыстарын талап етеді. Одан да ақшаны сол жерлерге құйсақ! Шетелдік инвестиция тартуды да ұмытпаған жөн!».

Аружан САИН.

Жауап қалдыру