Өңір бюджетінiң кiрiсін толықтыру қажет

0
62

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 29 қыркүйекте Түркістан облысында жұмыс сапармен болды. Елбасы Түркістан, Шымкент қалаларын дамыту жобасымен, бірқатар әлеуметтік және өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы алды­мен Түркістанның жаңа әкім­шілік орталығының аумағын аралап көру барысында мемориалды тас қалау рәсіміне қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаевқа инф­ра­­­құрылым нысандарын, әлеуметтік-мәдени жә­не спорт кешендерін, сон­дай-ақ қа­ланың әкімшілік ғима­рат­тарын салу жоспары жөнінде мәлімделді.
Мұнан соң Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» та­ри­хи-мәдени қорық-музе­йінің аумағында орна­ласқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралап көрді.
Артынша Мемлекет басшысы мұнан соң Түркістан облысының әлеу­меттік-эко­но­­микалық да­му мәсе­лелері жө­нінде ке­ңес өт­кізді. Кеңесте Премьер-Минис­трдің бірінші орынбасары А.Мамин және Түр­­кістан облысының әкімі Ж.Түй­мебаев баяндама жасады.
Баяндамаларды тыңдаған соң Қазақстан Президенті қабыл­данған жол картасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ облыстық басқару органдары тарапынан барлық мемлекеттік қыз­меттердің үздіксіз көр­сетілуін қам­тамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәселелерге тоқталды.
– Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қа­жет. Шымкенттің облыс құрамынан шығуына бай­ланысты аймақ­тың эконо­микалық базасы төмен­деді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ха­лық­ты жұмыспен қам­тудың, сондай-ақ кәсі­пкерлікті өркен­дету, ауыл шаруа­шылығын дамыту жә­не көлік-логистика қыз­меттерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыз­дылығын атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті Түркістанды д­а­мытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту, сон­дай-ақ «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жасаған сапар барысында Шымкент қаласын одан әрі дамыту жоспарымен (суретте) танысып, Шымкент қаласының әлеуметтік қызмет көрсету орталығына, Шымкент мұнай өңдеу зауытына барды.

Жауап қалдыру