Басты талап арнасында

0
92

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан Ғалымдар одағының басшылығымен құрылған белгілі ғалымдар және лингвистика мәселелерімен тікелей шұғылданатын тілші-мамандар тобы Сіздің рухани жаңғыру, түркі елдерімен, жаһандық әлеммен ықпалдасу жолындағы басты идеяларыңызды шынайы қуаттайды.
Қазақ әліпбиінің жетілдіру жөніндегі Қазақстан Ғалымдар одағы жұмыс тобы жасаған соңғы нұсқасы туралы Сізді құлағдар етуді міндетіміз деп санаймыз.
Сіздің назарыңызға ұсынылып отырған латын әліпбиінің өңделген соңғы нұсқасының туған халқымыздың игілігіне қызмет етеріне сенім білдіреміз.

Латыннегізді қазақ әліпбиін жетілдіру жөніндегі «Ғалымдар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс тобының соңғы нұсқасы
Құрметті
Нұрсұлтан Әбішұлы!

Осы жылғы ақпан айында Сіз қоғам жұртшылығының, ғалымдар қауымының ұсы­ныстарын ескере отырып, «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығыңызға өзгерістер енгіздіңіз. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілді. Жаңа нұсқада қазақ тілінің төл дыбыстарын таңбалаудың барынша оңтай­ландырылғанын, қа­зақ сөзін сауатты жазу мен оқу, қазақша жа­зыл­ған ақпаратты шап­­шаң қабылдау үшін айтар­лық­тай мүмкіндіктер жасал­ғанын жұртшылық зор са­налылықпен қабыл алуда.
Латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың ал­ғашқы да маңызды сатысы. Рухани жаңғыру жолындағы әрбір қадам әрдайым жетілдіріле бермек. Сондықтан да Сіз қазақ әліпбиінің бұдан әрі қарай да бірізділендіре, реттеле түсу мүмкіндіктері бар екендігін қадап айттыңыз. Үкімет басшысы басқаратын ұлттық комиссияның ең бірінші отырысында Сіздің «Бұл – жаңа әліпби. Жаңа­ның аты – жаңа, ол іс жүзін­де тексерілмеген. Сондықтан жаңа әліпбиді сөз құрамында, мәтін құрамында, жазуда, айтуда егжей-тегейлі зерттеп, қолданыста қалай болатынын білу керек, кем-кетік­терін толықтырып, жетілдіру керек» деген тап­сырмаңыз масс-медиада жарияланғаны баршаға мәлім.
Осыған байланысты ла­тын­­негізді әліпбиді жетілдіру мүддесінде «Ғалым­дар одағы» тарапынан қазақ жазуының ғылыми мәселелерімен тікелей шұғылданатын және әлем елдеріндегі әліпби проблемаларын жан-жақты зерделеп жүрген мамандар тобы (Жұмыс тобының кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдар) қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын сараптамадан өткізді. Жұ­мыс тобы қазақ тіліндегі және дәстүрлі латын алфавитіндегі таңбаларды тағы да бір мәрте реттеудің қажеттілігі жөнінде төмен­дегідей қорытындыға келді.
Латыннегізді қазақ әліп­биін жетілдіру бойынша жұ­мыс тобы басшылыққа ал­ған концептуалды негіз­демелер:
Жалпы түсініктеме. Негізгі міндет – қоғам жұртшылығының пікірлерін ескере отырып, латын­не­гізді әліпбидің жаңа Жобасын жасау, тиімді­лігін дәлелдеу, оның ғылыми-практикалық негіздемелерін қалыптастыру және негізгі идеяларды талқы­лауға ұсыну.
Қазақ қоғамының тарихында қазақ әліпбиін қалыптастыруға қатысты іс-шараларды талқылауда және жүзеге асыруда қа­зақ тілінің фонемалық жүйесі мен фонетикалық құ­ры­лымының өзіндік сипаттарын мейлінше сақ­тау, әсіресе қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды таңбалау аса өзекті мәселелердің бірі болғаны белгілі. Өйткені қазақ тіліне тән ерекше дыбыстар (ә, і, ң, ғ, қ, ө, ү, ұ, һ) – қазақ этносының ұлттық кодын, ұлттық болмысын, қазақ сөзінің ұлттық табиғатын танытатын маңызды фо­немалық-фонетикалық категория. Осыған байланысты қоғам дамуының алдыңғы кезеңдерінде қазақ алфавитін өзгерту істерінде қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалауда диакритикалық белгілер­ді пайдаланып көру тә­жірибесі болды. Диак­ри­тикалық бел­гілер­дің басты қызметі – ды­быс­тың мағыналық айыр­­ма­шылығын нақ­тылау, дыбысты дербес таңбалау. Бұл – қазақ тілі үшін аса маңызды. Алайда қа­зіргі компьютерлендіру дә­уірінде көзшалым мен жазухат үшін апост­роф белгілер оңтайлы бола алмайтын сипаттары да анықталып отыр. Қазақ әліпбиін латыннегізге көшірудегі басты мақсаттың бірі – әлемдік тіл – ағылшын тілін үйрену мен меңгеруді жеңілдету, екіншіден, қазақ әріптерін сан жағынан ықшамдай отырып, интернет-техно­логияларға бейімдеу. Бұл ретте латыннегізді таң­баларды пайдаланатын әлем тілдерінің тәжірибесін ескеру қажет.
– Латыннегізді қазақ әліп­биінің басты өзегі – «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымы; сондықтан ки­рилше Шш әрпі үшін бекітілген диграф Sh таңбасын Ş — ға ауыстыру қажет деп саналады. Қазақ сөзінің қатарында Шш әрпі қолданылатын сөз саны өте ауқымды; Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде Шш әрпімен басталатын сөздер (сөз ортасындағы және сөз соңындағы таңбаны қос­пағанда) 30 бетті қам­ти­ды (Орфографиялық сөздік, 2007, 438-468-беттер). Осыған байланысты ла­тынтаңбалы әріптерді көз­шалымға жеңілдету ба­рынша маңызды екен­­дігін атап өтеміз. А.Бай­тұрсынұлының «Біз­дің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден ар­тық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық» деген құнды тұ­жырымы – жұмыс тобы негіз еткен басты при­нциптердің бірі.
– Бірнеше ғасыр бойы қырнаудан өткен, қазіргі ағылшын тілі қолданатын латынша таңбалардың қатарында Іі таңбасы қазақ-кирил алфавитіндегі И, Й дыбыстары үшін бекітілген және латыннегізді әліпбиге көшкен түркітектес тілдерде латынша Іі әрпі И, Й дыбыстары үшін ұтымды қолданыс тап­қан. Әрине, қазіргі қол­даныстағы қазақ-ки­рил әліпбиі арқылы орфог­раммалық норма дәрежесіндегі қазақ әрпі Іі (ізденіс, ілгері) халықтың когнитивті-визуалды санасында әбден орныққаны белгілі. Алайда латыннегізді әліпби қатарында Іі таңбасын И, Й әріптері үшін сақтау қажет деп саналады. Осы арқылы қазақтың төл сөздері мен интертерминдерді inabat (инабат) iman (иман) qaimaq (қаймақ) kino (кино) import (импорт) түрінде таңбалау жазуда да, сөз образын тануда да мейлінше қолайлы. Өйткені бұл фактор латыншаға көшудегі Елбасы нұсқаған басты бағыт – ағылшын тілін үйренуде, ІТ-технологияны меңгеруде барынша тиімді.
– Жұмыс тобы қазақтың төл дыбысы Іі (ізденіс, ілгері) үшін ɪ таңбасын ұсынады. Кирилше ізденіс, ілгері сөздері ɪzdenɪs, ɪlgerɪ тұлғасында көрініс табады.
– Ағылшын тілін үйренуді жеңілдету, компьютерлендіру ісін оңтайландыру мақсатында кирилше Уу әрпі үшін жаңа нұсқадағы акут диакритикалы ý таң­басының орнына дәстүрлі латын алфавитінде ба­йырғыдан қалыптасқан Uu таңбасын сақтау қажет. Демек, қазақтың төл сөздері және халықаралық сөздер jazu (жазу), uqalau (уқалау), universitet (университет), uniforma (униформа) түрінде ор­ныққан жағдайда латыннегізді қазақ әліпбиі түпнегізді латыншаға қарай жақындайды, бұл әліпби өзгертудің басты талаптарына сәйкес келеді.
Қазақ тіліндегі Ұұ және Үү төл дыбыстарын ú және ý түрінде акут арқылы таңбалауға болады: úl (ұл), úrpaq (ұрпақ) және ýmɪt (үмɪт), kýz (күз).
— Қазақтың төл дыбысы Ңң үшін ŋ таңбасы ұсынылады. Ң дыбысы – агглютинативті қазақ сө­зін­де ең жиі кездесетін дыбыстардың бірі, сон­дықтан ХХ ғасырда қазақ ұлты тиімді пай­даланған ŋ таңбасын қалдыру ұлт мәдениеті мен тарихындағы сабақ­тастықтың белгісі бола алады және қазақ сөзінің қалам арқылы кідіріссіз, көркем өрнекпен жазылуына қолайлы деп саналады.
– Қазақстандағы ғылым мен техника тілінде, әсіресе жаратылыстану мен оқу-ағарту салаларында ин­тер­националдық терминдер – шетел сөздері де саны жағынан ауқымды. Осы себепті латыннегізді қа­зақ әліпбиінің қатарына кирилше Цц әрпін жеке-дара таңбалайтын с таң­басы ұсынылады. C жеке таңбасы кирилше Сс және Цц әріптерінің фоне­мографиялық белгілерін нақты ажыратуға, сөздің мағыналық айыр­машы­лықтарын шапшаң тануға, кей реттерде жекелеген сөздердің образында эсте­тикалық принциптердің сақ­талуына мүмкіндік береді.

Латыннегізді қазақ әліпбиіне
енгізілетін түзетулер кестесі

 

ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН
ҚАЗАҚ ТІЛІ ӘЛІПБИІ (ЖАҢА ЖОБА)

Академик, ғалымдар:

Әбдуали ҚАЙДАР – филология ғылымының док­торы, профессор, академик;
Оразалы СӘБДЕН – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан ғылымдар одағының президенті, академик;
Аманжол ҚОШАНОВ – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, академик;
Совет-Хан ҒАББАСОВ – ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина және педагогика ғылымдарының докторы;
Зейнеп БАЗАРБАЕВА – филология ғылымының докторы, профессор;
Нұргелді УӘЛИ – филология ғылымының док­торы, профессор;
Айман АЛДАШ – филология ғылымының докторы, профессор;
Құсайн РЫСАЛДЫ – филология ғылымының докторы, профессор;
Элеонора СУЛЕЙМЕНОВА – филология ғылымының докторы, профессор;
Құралай КҮДЕРИНОВА – филология ғылымының докторы, профессор;
Жанұзақ ӘКІМ – Халықаралық Адам институтының президенті, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының мүшесі;
Әбілқасым БӨЛЕКБАЕВ – профессор;
Гульнар КАПЕКОВА – тарих ғылымдарының док­торы, профессор;
Бижомарт ҚАПАЛБЕКОВ – филология ғылымының кандидаты.

Жауап қалдыру