Қазақстан моноұлтты мемлекетке айналады

0
80

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика агенттігінің хабарлауынша, 2018 жылдың 1 қазанында Қазақстан халқының саны 18 млн 334 мың 300 адамға жеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 237 мың 400 адамға артық. Демографтар үшін бұл бәлендей көп цифр емес. Өйткені өткен ғасырдың 50-60 жылдары халық санының өсімі бұдан әлдеқайда көп болған-ды. Әлбетте бұған әсте қапалануға болмайды. Өйткені халық санының өсімі тербелісті құбылыс. Жағымды жаңалық та қылаң берді. Ғалымдардың болжауынша, енді жиырма жылдан кейін Қазақстан халқының 90 пайызын қазақтар құрамақ.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, демограф-ғалым Алек­сандр Алексеенконың айтуынша, өткен ғасырдың 50-60 жылдардағы демогра­фиялық дүмпу ел болашағын айқындауда шешуші рөл атқарған. Осы жылдары дү­ниеге келгендердің көптігінің арқасында 80 жылдары ту­ған бала саны да аз болған жоқ. Алайда бұл құбылысқа урбанизацияның салқыны тиіп, қалада тұратын отбасылар бала санын шектей бастады. Ал ауылдық жерлерде туу көрсеткіші төмендеген емес. Дегенмен қала халқының саны арта түскендіктен бұл жалпы жағдайға әсер етті. Осылайша біртіндеп көрсеткіш төмендеп, 1980 жылдары туғандардан 2000 жылдары туғандар аз болды. Ғылыми формулаға сай 2020 жылдары дүниеге келгендер саны алдыңғы буынға қарағанда төменірек болады. 60 жылдары орташа есеппен әр қазақстандық жанұяда 7 баладан болса, қазір 3 балаға да жетпейді. Бүгінгідей қала халқының саны үнемі артып отырған жағдайда өкініш­ке қарай туу көрсеткіші төмен­дей бермек. Бұны кезінде қа­зақ демография ғылымы­ның атасы, марқұм Мақаш Тә­ті­мов та айтып кеткен бола­тын.
Ал ұлттық құрам мәселе­сінде Александр Алексеенко енді 10 жылдан кейін қазақ­тардың үлесі 80 пайызға жетеді деген пікірде. 15 пайыз орыстардың үлесіне тисе, қалған 5 пайызды басқа ұлт өкілдері құрамақ. Оның басым көпшілігі өзбектерден тұрады деп күтілуде. Бүгінде қазақтардан кейінгі орында тұрған орыстардың дені 40 жастан асқандар. Сондықтан туу көрсеткішін саны басым – қазақтар анықтайды. Бұл тенденция сақталған жағдайда 20 жылдан кейін қазақтар жалпы халық санының 90 пайызын, орыстар 5-7 пайызын құрауы мүмкін. Бұған кеңес заманында қазақтардың ауылдық жерде көптеп тұруы өз көмегін тигізген. Ал қалада қоныстанған өзге ұлт өкілдері туу көрсеткішін өздері де байқамастан азайта берді.

Халық саны мен оның ұлттық құрамына сыртқы миграция да айтарлықтай әсер етуде. 2017 жылы 37 704 адам елден кетіпті. Ал келгендер саны 16 081. Теріс сальдо – 21 623-ке тең. Бұл жағдай 2016 жылы да байқалған болатын. Қазақстанмен қош айтысқандардың басым көпшілігі орыстар, 27 242 адам. Олардың 25 744-і тарихи отандарына оралса, 857 адам Германияға, 177-сі Беларуське, 116-сы АҚШ-қа кеткен. Қызық болғанда Қазақстанға келген орыстар да аз емес, тұп-тура 3333 адам.
Елден кеткендер тізімінде екінші сатыда немістер тұр. 3183 адамның тек тең жарымы – 1688-і ғана Германияға кеткен. Ал 1448 неміс Ресейді таңдапты. Қазақстанға келіп жатқан немістер де жоқ емес. Олар – 218 адам. Белсенді түрде елден кетіп жатқандар арасында украиндар (2487) да бар.
Ал қаракөздеріміздің ішінде 1447-і атажұртынан ауған. Оның 938-і Ресейге, 131-і Германияға, 114-і АҚШ-қа кетіпті. Өзбекстан, Қытай, Канаданы таңдағандар да ұшырасады.
Есесіне 9434 қандасымыз атамекеніне оралған. Өзбек­станнан – 4303, Қытайдан – 3184, Ресейден – 747, Түркменстаннан – 374, Моң­ғолиядан – 290 және Қыр­ғыз­станнан келген 144 қазақ­тың табаны ата-бабасы кір жуып, кіндік кескен жерге тиген.
Орыстардың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай жаппай болмаса да, біртіндеп бірақ тұрақты түрде елден кетуі толастамайтынға ұқсайды. Оның бірнеше себебі бар. Алғашқысы жуырда Мәскеуде өткен Отандас­тардың 6-дүние­жүзілік конгресінде Ресей президенті Владимир Путиннің 2019-2025 жылдарға арналған миграциялық саясаттың жа­ңа тұжырымдамасын бе­кітуі. Ол бойынша тарихи отанына оралам деушілерге қолдау көрсетіліп, жағдай жасалмақ. Яғни Ресей үкіметі елге келу шарттарын оңайлатып, жұмысқа орналастыруға, аза­маттық алуға көмек­теспек. Бұл бастама іс жү­зінде орындалар болса, бо­ла­ша­ғын атажұртымен бай­ла­ныс­тырғысы келетін орыс ұлтының өкілдері тарихи отанына көптеп оралуы әбден мүмкін.
Бұл тұжырым­дама­сыз да елдегі орыс диаспора­сының көбі Қазақстаннан ке­туге ниетті. Өйткені олар­дың пікірінше, Қазақстанда моноэтни­ка­лық мемлекет құруға ұм­тылыстар жасалу үстінде. «Лад» республикалық славян қозғалысы төрағасының орынбасары Петр Кузьменко бұл тіл саясатында анық байқалатынын, жақын болашақта орыс тілі керексіз болып қалатынын айтуда.
Ал журналист Сергей Дува­нов Қазақстандағы орыс­тардың бірқатары өздерін мұнда уақытша жүргендей сезінетін болған. Оған Қазақ­стандағы ұлт­тық көңіл-күйдің кү­шеюі себеп. Путиннің импе­риялық пиғылына қарсы шығушылардың артуы славян халқы өкілдерін Ресейге көшуге итермелеуде. Оның айтуынша, Қазақстандағы Ресеймен тілегі бір, ниеті бірлер отанына оралып, азайған сайын қоғамдық бірлік арта түседі.
Бұл рас сөз. Бізге қо­ғам­дық бірлік маңызды. Ал орыс тілінің аясын қасақана тарылтуда дегенмен келісу қиын. Керісінше қазақ тілін қақпайлау әрекеттерін жиі байқаймыз. Дегенмен та­биғат заңы өз дегенін жасайды. Мемлекетте қай халық­тың үлес салмағы басым болса, соның сөзі жүретіні, сан­ның сапаға ауысатыны заңдылық. Бұнымен я келі­сесің, я болмаса өз тілің­де сөйлейтін елге қоныс ауда­расың. Өйткені бәрі ап-анық. Қазақстан 20-30 жылда қазақ тілінде сөйлейтін моноұлтты мемлекетке айналады!

Меліс БОЛАТҰЛЫ

Жауап қалдыру