Қазақ сайттарының ғұмыры неге қысқа?

0
82

Алматыға келгелі нәпақамды сайттан тауып жүрмін. Жұмыс тәжірибем 8 жылдан асты, 30-40 шақты сайттың жасалып өркендеуіне атсалыстым. Кейін тек қана интернет-маркетингпен айналыса бастадым, қазір жалпы жоба басқаруды үйреніп жүрмін. Көптен бері көкейімде жүрген бір мәселені айтайын деп едім. Көп ортада жиі талқыланса да, тағы бір қайталауды жөн санадым.
Қазақ сайттарының үлкен бір серпіліс алуы 2011-2012 жылдарда басталды. Себебі дәл сол кез­де миллиардтап тендерлер бөлініп, қазақ тілін сайтпен дамыту күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Күнде жиын, күнде дөңгелек үстел. Қазіргі таңда бүкіл БАҚ-тың және тендерге қаты­сатын ұйымдардың міндетті түрде сайты болу керек деген жақсы ереже жасалды. Осының арқа­сын­да қаншама өтірік сайттар дүниеге келіп жатыр.
Жарайды, ендеше неге сайт­тар ашылмай жатып, жа­­­бы­ла береді. Соған көш­сек…

1. Патриотизм мен понт
Сайтты ашып жатқанда бәрі ел үшін, тіл үшін ғой деп, өзін Алашорданың патриоттары сияқ­ты сезінеді. Сол сайт арқылы өзінен тұлға жасап, менің артымда үлкен күшім, яғни сайтым бар деп мақтанып жүргісі келеді. Бәлен деген сайттың бас редакторы келді деп, асты-үстіне түсіп күтіп алғанын қалайды. Сапасыз қағаздан бейшара визитка жасап, өзін мәселе шешетін депутат сияқты сезінгісі келеді. Ал негізі сол сайтта өзінен басқа ешкім жұмыс істемейді. Хостинг создыруға ақшаны әрең тауып жүреді. Сайт – ол жай бір интернеттегі миллиардтаған уеб-парақшалардың бірі.
Шешімі: патриот болғы­лары­ңыз келсе, көбірек пай­да­­лы, ешкімде жоқ пост жа­зыңыздар, ал понт керек болса, Инстаграмға кіріп, не­ше түрлі фоторедакторлар ар­қы­лы әдемі сурет салу­ды үйре­ніп алыңыздар.

2. Энтузиазм мен энергия
Сайт ашатындардың кө­бін­де тұрақты істейтін жұ­мыс орны бар. Жұмыстан кейін 2-3 сағат уа­қыт тауып, бі­реудің жазған дү­ние­­сін көші­ріп, сайтына қо­йып, ко­пи­райтиңпен бос уақытын пай­далы жұмысқа жұмса­дым деп ойлайды. Кішкене тіл білетіндер болса, өзге тілдерден пайдаға жарайтын дүниені аударып отырады. Осылай күндер өте береді. Энтузиазм максимум 5-6 айда өледі. Сайт ақша әкелмеген соң, xостингке құр қаржы шығарғысы келмейді де сонымен сайттың жаназасы шығады. Кез келген істен пайда алу үшін, әсіресе, бизнес бастағанда бір іске 100% энергияңды жұмсамасаң, оны біраз уақыт күтпесең, бірден ешбір бизнес түрі пайда әкелмейді. Энтузиазм ары кетсе бір жылға жетеді, кейін энергияң бітеді.
Шешімі: энергияң тасып, энтузиазм асып бара жатса, Уикипедия сияқты үлкен коммьюнитиге қосылып, қазақ тіліндегі контентті дамытуыңа болады. Есесіне xостинг пен доменге, теxникалық жағы­на бас ауыртпайсың. Ке­т­кен уақытыңа өкінбейсің, қа­зақ­ша кон­тент жасағаның, Уики­дің тариxында қалады.

3. Команда мен қаражат
Кез келген қазақша сайт бастайтын адамнан «коман­даң бар ма?» деп сұрасаң, «иә, бар» деп інісін немесе бір-екі досын көрсетеді. Ол – команда емес. Не­туор­киң бойынша сенің әріптесің де, груп­паласың да, сыныптасың да, бизнес әріптесің де, тойда көретін туысқаның да бір адам болуы өте күлкілі. Жұмыс істесетін адам басқа, былай дос ретінде араласатын адам басқа болғаны жөн. Жарайды, досыңмен немесе ініңмен сайтты бастадың, ертең бірдеңе жүрмей қал­са, ініңе немесе досыңа әңгіме айта алмайсың. Ішіңе жинала береді, жинала береді, бір күні бомба жарылады, тым жақсы досыңнан айрыласың. Өмірде араласпай кеткендер көп осы қатенің кесірінен.
Шешімі: «Достармен бизнес ашқанша, бизнес ашқан­дармен дос болған артық». Осы сөз әдемі айтылған. Кемінде 4 адамнан тұратын тату, бірдей ойлайтын команда болу керек: жоба менеджері (директор, менеджер, маркетолог, пиар ма­манының қызметін атқа­ра алатын универсал адам), редактор (контент-менед­жер, ау­­дармашы, SMM-щик, журналист немесе блогер, копирайтер, рерайтердің ор­нын басатын универсал), ди­зайнер (верстальщик, фо­тограф, оператор, монтажер) және теxникалық маман (прог­раммист, SEO-шник, сер­вер маманы). Осындай 4 уни­версал маманыңыз бол­ма­са, сайт ешқашан жүр­мейді.
Енді қаражат жағын айтсақ, көбі былай айтады: «Мен сайтты енді бастап жатқан соң, ондай көп қаржы жоқ немесе қаржы салмаймын». Сенің сайт жасағаныңа және домен-xостингке төлейтін кішкене ақша ғана бар. Осылай арзан бағаға тегін шаблонмен WordPress-те сайт ашылады. Оның ашылуы Фейсбукты біраз шулатады. Өзің сайтқа инвестиция салмайсың, бірақ сайтпен байып кеткің немесе қаражатқа кенелгің келеді. Қаражатсыз сайтты жүргізіп, пайда табу мүмкін емес. Сайт­тың иесі шыдап, тегін жұ­мыс істеуі мүмкін, бірақ жа­нын­дағылар көпке бармайды.
Шешімі: ақшаны аямай беретін спонсорың болмаса, кемінде 4 универсал маманды және офиске шығынды 2 жылға төлей алатын қорың болмаса, 99.9% тендер шы­ғарып беремін деген жақын ада­мың болмаса, сайт ашып әуреге түспе.

4. Жоспар мен жүйе
Сайттың даму концепциясы, бизнес жоспары, презентациясы, медиа киті, министрлікте тіркеуде тұрған лицензиясы және басқа да құпия заң-ережелері мен жос­пар-жүйелері қағазда жа­зылып, онлайн қоймада қосымша сақталуы керек. Мар­кетингтік жоспарсыз және ұзақ мерзімге стратегиясыз сайтты мықты команда мен қаражат құтқармайды. Бәрі қағазда жазылу керек және бүкіл команда жоспарға сеніп, жеңістің иісін сезінуі керек.
Шешімі: ешкімдікін көшір­мей өз басыңызбен, команда өкілдерімен 1-10 жылға жос­пар жазыңыз, сайт пен ко­мандада жүйе қалып­тас­тырыңыз. Егер бұны жазуға қабілетіңіз жетпесе, сіз сайтты басқаруға жарамайсыз, өзіңізді басқа позицияда сынап көріңіз.

5. Ақпараттық сайт пен аудитория
Ақпараттық сайт ашуды доға­ратын уақыт келді. Құ­сық контенттен бәрі шаршады. Интернетте отыратын аудиториядан ақпараттық сайт көп. Бұл дегеніміз – жайлауда қойдан қойшы, мектепте оқушыдан мұғалім, ауруxанада науқастан дә­рігер көп деген сөзбен парапар. Ақ­параттық сайттың көптігі сон­ша­лықты ақпарат пен жаңалық оқы­ғың келмейді, контенттің қадірі кет­ті.
Қазақша сайт ашсам, қазақ­тар­дың бәрі кіреді ғой. Жоқ, ренжіме. Қазақтардың бәрі сенің сайтыңа кірмейді. Себебі қазақ қазақты көре алмайды. Сопының сайтына уаxаб кірмейді, гүленшінің сайтына құраншы кірмейді, алқаштың сайтына оқыған кірмейді. Контентің мың жерінен сапалы болса да, сенің жеке басыңа деген негативін ісіңе деген көзқараспен көрсетеді.
Шешімі: белгілі бір мәсе­лені шешетін немесе қызмет көр­сететін сайт ашыңдар. Күніне 1000 адам кірсе де, соның кемі екі жүзі 1000 теңге айына төлей алатын болса, айына кіріс 200 000 теңге болады. 4 маманға бірінші айға 50 000 теңге беремін, ары қарай аудитория өскен сайын жалақы да өседі деп көндіруге болады.
Енді айта берсең, бұндай себептер өте көп. Осы бесеуімен тоқтайын.

Нұрлан Жанай,
IT маман

Жауап қалдыру