Арыс апаты – жауапсыздық көрінісі

0
140

Бұл күндері арыстық ағайын апаттан енді ес жиып, үйлеріне орналасып жатыр. Орналасып жатыр деудің өзі артық болар, өйткені үйлердің барлығы дерлік қираған. Қабырғасы қаусап, шатыры шайқалып тұрған шаңырақта тұру қауіпті. Үкімет апат салдарын жою, бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жедел әрі тыңғылықты жүретінін айтуда. Десе де «Арыс апаты» айналасында көңілді күпті етерлік сауал көп. 45 мың халқы бар бүтіндей бір қалаға келген қауіптің бір күнде тумағанын бәрі біліп отыр. Билік әскери қоймадан қалаға үнемі үлкен қатер төнерін біле тұра, оны ондаған жылдар бойы көшірмеген. Сақтануға, құтқаруға дайындық жасамағанға ұқсайды. Бәлкім, ырымын жасаған болар. Бірақ оның топалаң басталғанда қауқарсыз болғанын көрдік.
Бұдан он жыл бұрын Ұлттық қауіп­сіздік комитеті төрағасының бұ­рынғы орынбасары болған генерал, кейін депутат болған Ержан Исақұлов мәжілісте, сол кезде Арыстағы әскери қойма­ларда болған жарылысқа байланысты жасаған мәлімдемеcінде «тиісті шара қолданылмаса бұдан да сойқан жарылыстар болуы ықти­мал» деген еді. Е.Исақұлов кәсіби деңгейімен қоса имандылығы жоғары, абырой-арын жоғалтпаған санаулы әскеридің бірі. Алайда оның мәлімдемесіне мән берілмепті. Соның салдарынан бейбіт заманда қалаға, өз халқымызға аспаннан снаряд, бомбалар жауды. Қазіргі, сол кезде болған жарылыстың төртінші рет қайталануы.
Сөзімді сабақтау үшін сәл кері шегініс жасау керек болып тұр. 1977-79 жылдары Кеңес одағы Қорғаныс министрлігінің Шымкент облысы бойынша Азаматтық қорғаныс штабының медициналық қам­тамасыз ету және ауыл шаруа­шылығын қорғау бөлімінің бас­шысының міндетін атқарғаным бар. Сол кезде табиғи, техногендік апат және соғыс кезінде халықты қауіпті ортадан эвакуациялау, медици­налық қамтамасыз ету, тәртіп сақ­тату мәселелері алдын ала тәптіштеп жоспарланып, жаттығулар өткізіліп, тө­тенше жағдай туындаса тиісті жоспарды әп-сәтте іске қосуға дайын едік. Мұндай жағдайда билік облыстық атқару комитетінің төрағасына беріліп, аталған штаб барлық құрылымдарды үйлестіре қолдануға құқықты болатын. Оның ішіне Ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі де кіретін. Сол дәуірде, кешегі Арыста болған апаттай апат басталса, әрбір құрылым, алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, штабтың үйлестірумен дәл, нақты жұмыс істеп, ешбір берекетсіздікке жол бермес еді. Және мұндай кішігірім қалашықтағы жағдайды он-он бес минута өз ырқына икемдей бастайтын. Сөз болып отырған заманда азаматтық қорғаныс саласы, қорғаныс министрлігінің тармағы болып, онда тәжірибелі, білімдар, тәртібі қатаң қорғаныс саласында, тіпті кейбірі соғысқа қатысып шың­далған офицерлер қызмет ететін.

Ал қазір төтенше жағдайға тікелей жауапты жүйе бейшаралық халде. Төтенше жағдайлар министрлігі таратылып, Ішкі істер министр­лігінің бір комитетіне айналып, дәрменсізденген. Өз басым тікелей қатысқан істерге байланысты анық айта аламын: көше толған полковник, генерал болса да, Ішкі істер министрлігі кадрларының сапасы өте нашар, жауапкершілігі төмен, сыбайлас жемқорлық ұйымдасқан қылмыстық топ деңгейінен де асып кеткендей. Мұның салқыны, оның құрамындағы материалдық, қаржы­лық жағынан мүдделі тө­тенше жағдай комитетіне тимеді деп айту қиын. Президентімізге «Елді погонды азғындардан құтқары­ңыз» деген үндеуімде кейбір генералдарды ұйым­­дасқан қылмыстық топтың қамқоршысы деп атап көрсеткен едім. Бірақ тырс еткен ешкім болмады. Ал Ішкі істер министрінің орын­­басары беті бүлк етпей, Арыс­тағыдай апат басқа елдерде де болып тұрады деп ақталуда. Бейбіт ел­де, Арыстағыдай апат он жылда бір мекемеде төрт рет қайталанады ма екен генерал мырза?
Арыс түйінді, одан темір жол шартарапқа тарайтын, стратегиялық маңызы бар бірінші категориялы станса. Соғыс жағдайында қарсылас жақ ең алдымен бомбылап немесе басқа жолмен оны істен шығаруға тырысады. Түскен бір бомбаның өзі қоймадағы қару-жарақты детонациялап, бәрін өзінен-өзін жардырып, стансаны да, қаланы да жойып жіберері хақ. Сөйтіп, соғыс жағдайында әскери эшелондардың қажетті нүк­телерге бару мүмкіндігінен айы­рылар едік. Яғни бұл, біздің қорғаныс мүмкіндігімізді алдын ала әдеуір жарамсыздандыруға дайындап қой­дық деген сөз. Сондықтан Арысқа жақын маңда мұндай орасан зор, тіпті кішірек қару-жарақ қоймасы болмауы тиіс. Қажет болса, релефі талапқа сай, жеткілікті қашық­тықта ғана әскери қоймалар істелінуі мүмкін. Бұл стратегиялық жоспарлаудың әліппесі! Арыста мұндай қойманың болуы, дүркін-дүркін болған жарылыс ескертіп тұрса да, уақытылы шара қолданылмауы, жай қылмыс емес, өте жоғары опасыздық іспеттес деп айтсам, артық болмас. Отыз жылдан бері осыған мән бермеу біздің генералитеттің, бұған қатысты мемлекеттік басқару жүйесі шенділерінің үлкен кәсіби қателігі.
«ТЖМ таратылып, бұл қызмет ІІМ құрамына неге кіргізілді?» деген сұрақ көкейімнен шықпайды. Одан бұрын, кезінде Жармақан Тұяқбаев басқарған дербес тергеу комитеті де осылай етілген еді. Қазіргі кезде ІІМ сапында 120 мыңдай сарбаз бар болса, Қорғаныс министрлігінде 80 мыңдай екен. ІІМ ішкі тәртіп сақтауға, яғни бұзақы, заң бұзушы, ішкі жаулардан қорғануға арналған құрылым. Соншама күшті қарсы қоярдай біздің ішкі тәртіп бұзақылық жайлаған, жауларымыз сыртқы жауымыздан мықты болғаны ма? Олай емес шы­ғар. Онда ІІМ жүйесін күшейте-күшейте прокурорды да менсінбейтін есірген монстрға айналдыру кімге, не үшін керек болды. Кейбір бастықтар Арыстың полициясындағыдай ел басына күн туғанда кеңсесін айналшықтап, формасын киюден қымсынатын шығар? Меніңше, Арыстағы апат басқару жү­йесінің тайынсыздығының салдары.
Біздің пікірімізше, ТЖМ қалпы­на келтіріліп, ІІМ-ге бөлініп жүрген қар­жы, материалдық мүмкін­дік­тер­дің, қа­тардағы әскерилердің есе­бінен күшейтілуі тиіс. Және де тергеу саласы ІІМ құрамында емес, өз алдына дербес құрылым болғаны әбден керек. Немесе есіріктердің есі кірмес. ІІМ әскерлерінің әдеуір бөлігі шекара, қорғаныс құрылымдарына ауыстырылып, ІІМ қол астында шектеулі ғана қарулы күштер қалғаны да орынды болар.
Жалпы айтқанда қарулы күштер негізінен сыртқы жаумен күресуге бағытталып, ТЖМ, ІІМ өзіне лайықты орын алып, азаматтық билік, қоғам тарапынан қадағалануы тиіс.
Билік халықтың сеніміне кіремін десе алдымен әсіресе мерт болғандар тұралы шынайы ақпарат беруден бастап, қала халқының шеккен зардап, зиянын толығымен тез арада өтеуі тиіс. Жеке тұлға, кәсіпкерлердің банктен алған өспелі қарыздарын өтеп, балаларын бала-бақша, оқу орындарына орналастырып, оқу орнын бітіргенге дейін бар шығынды мемлекет өтеп, салық, басқа төлемдерден босатуы тиіс. Қайырымдылардың қаржысын, сол Арыста жұмыс орнын ашуға жұмсап, ол кәсіпорындарды сонда істейтін еңбеккерлердің үлесті меншігі ету керек. Және де ол қаланың көлемін бұрынғыдай етуді мақсат етпей, станса мен сонда болуы тиіс құрылымдардың жұмысын жүргізуге жеткілікті елдімекен салынса жетеді. Өйткені ол қалашық өмір сүруге, дамуға қолайлы емес және Арыс бірінші категориялы түйінді станса болғандықтан, әсіресе соғыс жағдайында соққының астында қалу қатері аса жоғары.
Апатқа байланысты тексеріс шынайы жүргізілуі тиіс. Және де тексеріс барысы жарияланып тұруы керек.
Шындықты айтқандарды жау көрмей, қай мәселе туралы болмасын айтылған сынды жағдайды түзеуге жаратқаны оң болар еді. Сонда ғана «әйтеуір соғыс болмаса болды» деп жүрген момын қазақты қорғау жүйесі жөнімен қалыптасады. Ашық аспанымызда Арыстағыдай соғыс жағдайы басымызға түспейді. Бауырларымыз мерт болмайды. Өмірімізді сарп етіп салған үй, жиған мүлкімізден айырылып, сәби­леріміз аңырап айдалада қалмайды.

Ерментай СҰЛТАНМҰРАТ,
академик

Жауап қалдыру