Арақ ішкен күн – өлген күн

0
30

Жұрт жиналған, бас қосқан жерде әсіресе тойларда ән салып, өлең айту, ойын-сауық құрудың орнына арақ ішу, оған өздері қызына кірісіп, «Кел, алып қоялық», «тартып жіберейік», «ал, кеттік» деп жатқандарды әлі күнге көзіміз жиі шалады. Сол тойда қанша адам болса, соның бәріне сөз беру, аяғында кімнің не айтқанын да тыңдамау, гу-гу әңгіме айту да көп кездесетін құбылысқа айналды.
Қолына домбыра алып, күй-сырнай тарту, ән салу, екі-екіден айтысу қайда?! Айта көрмеңіз, қазіргі жастар ондай өнер тұрмақ, өз салт-дәстүр, тілін түсінбейді. Үйренуге, түсінуге талпыну жоқ. Тілдерімізден айырылып қала жаздағанымыздың басты себебі осылар. Ең сорақысы – көпшілігіміз арақты астан жоғары санаймыз. Үйіне келген конаққа қой сойып, ет асып, ақ майды аузынан ағызып қойсаң да, бір шөлмек арақ бермесе өкпелеп кетеді.
Көп жұрт арақтың адамзатқа, ең алдымен жас ұрпаққа, оның болашағына қып-қызыл зиян екенін ойламайды. Ойлап қараңызшы, арақ ішкен күні адам бір нәрсе істей ала ма? Жоқ! Ол күн, сол адам үшін өлген күн. Не жұмыс істей алмаса, не үйіне ешқандай септігін тигізе алмаса – ол күн өлген күн емей немене?! Оның үстіне күнде болмаса да жиі іше берсе – оның күні емес, өмірінің де өлгені емес пе?
Кеңес өкіметінің, Коммунистік партияның, оның басшысы Лениннің ең асқан қатыгездігі, халыққа келтірген орасан зияны – дінді жойғандығы. Атеизм салдарынан адамдар құдайдан қорықпайтын болды. Дін болса – ол имандылықтың алтын қазығы. Имандылық бар жерде арақ тұрмақ, жалған сөз де айтылмайды. Осылай 70 жылдан астам уақытта талай ұрпақты дінсіз, құдайсыз етіп өсіріп, теріс жолға, адамгершіліктен айрылған жолға бұрды. Енді сол құдайсыз жолмен жүріп, арақпен ауызданып өскен шалдар баласы тұрмақ, немересінен, келінінен ұялмай, қыдырып жүріп арақ ішеді. Мұндай шалдар бата беріп, өсиет айту тұрмақ, ұрпағына бір жақсы сөз, өсиет айта алмайды.
Кеңес заманында араққа қарсы күрестің неше түрі болған. Сауықтыру орындарына қамап, айып төлету, күштеп емдету, ақырында Горбачевтің арақты, шарапты, солармен бірге жүзім егістіктерін де жою шаралары. Олардың біреуі де пайда берген жоқ. Әсіресе Горбачевтің «әдісі» елге орасан зиян келтірді. Зауыттар тоқтап, көп адам жұмыссыз қалды. Ең жаманы маскүнемдер наркоманға айналды, тіпті улы заттарды иіскейтін токсикомандар көбейді, зардабын әлі көрудеміз.
Бұл нәубетпен олай күресу дұрыс емес. Күресті алдымен үйден, ауылдан бастау керек. Саналы ата-ана, ауылдың ақылды ақсақалдары, ақ желекті әжелер, ауылды басқарып жүрген ойлы басшылар арақ ішкендерді қатты сынап, кінәсін бетіне аяусыз басып отырса, сонда ғана тыйым болады.
Одан соң құдайға шүкір, бүгінде саны көбейген мешіттеріміз дін негіздерін мықтап насихаттай отырып, араққа қарсы, жалпы арамдыққа қарсы күресті күшейтсе, ісіміз өнімді болады.
Сонымен қатар кейбіреулер «жастар араққа құмар, бұзылып барады» дейді. Мен оған сенбеймін. Жастар – жойқын күш. Оларды басқарып, араққа қарсы күреске жұмылдырса, арақ ішкіштер аяғын байқап басар еді.
Бұл іске жастарды мықтап көтеретін – оқу орындары. Жоғары оқу орындары, ор­та оқу орындары. Мектеп бас­шылары студенттерді, оқу­шыларды дұрыс ұйым­дас­тырып, жақсы жолға қойса, арақ­құмарларға жол қал­майды. Сонымен қатар оқу орын­дары жастарды спорт­қа, өнерге, қолөнерге көп­теп тартып, ұқыпты ұйым­дастырып отыр­са, мас­күнемдікке қарсы жойқын күш болар еді.
Араққа тыйым салудың жолы бұйрықпен емес, қатыгез күреспен емес, үгітпен, насихатпен, өнермен жүрсе өнімді болады.
Қаптап кеткен тойларда арақ ішуді мүлдем тоқтату керек. Құдайға шүкір, қымыз бар, шұбат бар. Екіншіден, арнаулы сценариймен жүргізу керек. Онда ән-күй, би, күлдіргі ойындар барынша кең, еркін жүргізілуге тиіс. «Бәленше-екең тост айтты, соның кұр­метіне алып қоялық!» деген сөзді доғару керек. «Бәленше-екең­нің сөзінің кұрметіне ән шыр­қайық!» десе орынды бола­ды.
Қайталап айтамын, арақ ішкен күн – өлген күн! Оны ішіп күнін өлтірген адам, тірі жүрсе де өлгенмен тең. Арақ атамнан қалған ардақты ас емес, ол – арам ас, оны ішкен адам күнаға батады. Ақыретте тозақ отына түседі. Сондықтан арақтан аулақ болайық, ағайын!

Үсенбай ТАСТАНБЕКОВ,
зейнеттегі журналист

Жауап қалдыру