Қам жасаған қапы қалмас!

0
107

Күн ұзарып, түн қысқарып көктемнің жақындап келе жатқандығынан хабар бере бастады. Бұл әсіресе тіршілік ерте басталатын оңтүстікте ақпанның орта шенінен аса айқын аңғарылады. Әдетте табиғаттың бұл құбылысына қызықтай қарасақ та бұл кезең төтенше жағдай қызметінің мамандары үшін қарбалас шақ. «Қызыл су келді дегенше қиындық келді десеңші» дейді жұрт мұндайда. Көктемгі еріген қар суы өзендерді арнасынан асырып, тосын тасқындарын көлденең тартады. Осындайда алдын ала жасалған қам, оралымды қарекет ұпайыңды түгендетеді. Биылғы жылғы қыс қатты болды, синоптиктер таяу күндерде ауа райының күрт жылыну ықтималдығын да алға тартады. Ал ел өңірлеріндегі ахуал қандай?

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Көп аймақтар әсіресе көк­тем ерте келетін оңтүстік өңірлер су тасқынына да­йын­дықты өткен жылдан бас­талып кеткен. Үкіметтің 2017 жылдың қарашасында өткен селекторлық режимдегі отырысында су тасқыны қатерінің алдын алу шаралары қаралды. Аталған мәселе жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі су тасқыны қа­терінің алдын алу бойынша бірқатар ұсыныстар жа­сағаны есте.
Облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары жос­парға сай жүргізілген. Қазіргі таңда су қоймалары мен өзен-көлдер қадағалауға алы­­нып, ондағы жағдайға мо­ниторинг жалғасуда. Деген­мен трансшекаралық Сыр­­­да­рия өзені мен осы өзен­нің бойындағы көршілес елдердегі су қоймаларының ахуалы алаңдатып отыр. Соңғы мәліметтер бойынша сыйымдылығы 19,5 милиард текше метрге тең «Тоқтағұл» су қоймасы ернеуіне дейін толған. Ал сыйымдылығы 4 миллиард текше метрге жуық «Қайрақұм» бөгенінде 3 милиард 281 млн текше метр су жиналған. Көбейе түссе «Шардара» су қоймасына қауіп. Себебі, «Шардара» су қоймасының гидротехникалық жүйесі секундына 2315 текше метрге дейін су ағыза алады. Осы мәселелерге байланысты облыс әкімі негізгі төрт ұсынысын жеткізді.
Біріншіден, өткен жыл­дар­­дың тәжірибесін ескере отырып, «Шардара» су қой­ма­сын қаңтар айының соңына дейін транзиттік режимде ұстау. Екіншіден, қауіп төнген жағдайда көр­шілес Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан республикаларымен келісім арқылы бізге ағатын судың мөлшерін азайту және Арнасай ойпатына су тастау мәселесін Үкімет деңгейінде шешу. Үшіншіден, «Шардара» су қоймасынан жоспарлы түрде Қызылқұм ойпаңына секундына 2100 текше метр апатты су тастау құрылысын салуды қолға алу керек. Төртіншіден, қыс мезгілінде қауіпті жағдай төнгенде «Шардара» су қоймасынан Қызылорда облысына тасталған судың мөлшерін көбейтіп, реттеу ұсынылды.
Облыс әкімінің селекторлық жиынындағы бұл ұсынысына Үкімет басшысы ерекше мән беріп, орын­ба­сар­­­ларына ба­қы­лауда ұс­тау­ды тапсырды. Жалпы қа­зір­гі таңда Оңтүстік Қа­зақ­стан об­лы­сында су тас­қыны қаупі жоқ.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ
Ауа райының күрт жылыну ықтималдығынан туын­дай­тын сел тасқыны қаупі қызылордалықтарды алаңда­­тып отыр. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары А. Шаменов пен Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің бастығы О. Бер­жа­новтың қатысуымен өт­кен бас­пасөз мәслихатында кө­кей­тесті тақырып талқы­ла­ныл­ды.
Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің бойында ерекше бақылауға алынған 56 қауіпті учаске бар. Су тасқынын болдырмау, бола қала қалған жағдайда оның залалын азайту бойынша алдын ала жоспарланған барлық іс-шаралар толық көлемде өткізілген.
Азаматтық қорғаныс қыз­метінің күш-құралдары есепке алынды. Командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткі­зілді. Оқу-жаттығу барысында облыс әкімінің орын­басары С. Сүлейменов Қызы­лорда облысындағы жедел әрекет ету қызметі мен азаматтық қорғау күш-құрал­дарының дайындығын тексерді.
Күн сайын Сырдария өзені арнасына және қорғаныс бөгеттеріне мониторинг жасалуда. Жалпы бүгінгі күні облыс бойынша су тасқыны жағдайы тұрақты, дегенмен барлық күш-құралдар жоғары дайындыққа келтірілген және әрекет етуге дайын.

СОЛТҮСТІК  ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтың төрағалығымен өт­кен отырыста «Солтүстік Қа­зақстан облысының ау­мағында «2018 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша өткізілген іс-шаралар туралы» мәнді және өзекті тақырып қарастырылды.
СҚО ТЖ департаментінің бас­тығы азаматтық қорғау пол­ковнигі Рамиль Камалов қатысушыларды су тасқыны кезеңінде ТЖ алдын алу саласындағы жұмыс туралы хабардар етіп, осы іс-шараларды өткізуде жергілікті атқарушы органдардың ролі мен мәнін атап өтті. «2017 жылғы су тасқынын талдау негізінде облыс елді мекендерін тасқын суынан қорғау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді, оған сәйкес топырақпен үйме жалдар тұрғызу және нығайту, облыстың 26 елдіекенінде жалпы ұзындығы 21 шм су өткізгіш желісін орнату қарастырылған. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша осы жұмыстар облыстың Айыртау, Ақжар, Тайынша, Қызылжар және Шал ақын аудандарының 9 елді мекенінде аяқталған.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
Ақтөбе облысында да көктемгі су тасқынына қарсы қалалық және аудандық су тасқынына қарсы комиссия өз жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Былтыр апатты жағдайдың алдын алу үшін өзендердің түбі тереңдетіліп тазаланып, қаупі бар өзен жағалаулары бекітілген. Бұл сел тасқыны сияқты қауіпті барынша азайтады.

Дайындағандар:
Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ,
Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ,
Үмітбек БАҒДАТ.

Жауап қалдыру