Агросала – қадырсыз, Іс жылжымас кадрсыз

0
29

Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіпкешені жүктелген міндетті орындай алмай отыр. Оның негізгі себептерінің бірі – кадр жетіспеушілігі, – деп хабарлайды 365info.kz.
Мәселенің өткірлігі соншалық, оны ауыл шаруашылығы ми­нистір­лігінің өзі мойындады. Ве­домство басшысы Өмірзақ Шүкеев­тің айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың дерегіне сәйкес агроөнеркәсіп кешені (АӨК) субъектілерінің 80 пайызында маман тапшылығы сезіледі.
Кадр тапшылығы негізінен мынадай мамандықтарда орын алуда:
– агроном-ғалымдар;
– мал дәрігерлері;
– ауыл шаруашылығы өнеркә­сіндегі инженер-механиктер;
– ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін инженер-технологтар;
Сондай-ақ аталған саланың ғылыми дамуы да кенже қалған. Жылына ғылыми-техникалық жаңалықтардың 8 пайызы ғана өндіріске енгізіледі екен.
Бұдан бөлек кадрлардың кәсіби даярлығының төмендігі, кадрлар­дың қартаюы, жас мамандардың ауыл шаруашылығы саласын­да істеуге құлықсыздығы, эко­но­микалық тұрақтылықтың жоқтығынан аграрлық саладан мамандардың көптеп кетуі, АӨК-тің кадрлық қажеттілігін бағалайтын тәсілдердің дұрыс жұмыс жасамауы, шаруақожалықтарының қаржылық ресурстарының жетіспеушілігі қордаланған проблемаларды тудырушы факторлар қатарында.
Қызық болғанда, Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының саны АӨК-тегі кадрлық жағдайға қарама-қайшы. Елде «ауыл шаруашылығы ғылымдары, ветеринария» маман­дықтары бойынша 23 ЖОО-да жоғары білім беріледі. Оның жетеуі жеке оқу орны, қалғаны мемлекеттік.
Аграрлық саланы кәсиби кадрлармен қамтамасыз етумен айналысатын үш мамандандырылған жоғары оқу орны бар:
1. ҚазҰАУ – 14 аграрлық мамандық бойынша кадр даярлайды;
2. ҚазАТУ – 13 мамандық бойынша;
3. БҚАТУ – 11 мамандық бойынша;
Сондай-ақ 9 оқу орнында мамандандырылған аграрлық факультет қызмет етсе, 11 оқу орнында аграрлық мамандықтар оқытылады.
Кадр даярлауға бөлініп жатқан грант саны да аз емес. Әрі олардың барлығы өз иелерін тапқан. Ал түлектердің қайда кетіп жатқаны жұмбақ. Жас маман аграрлық салада жұмыс жасау үшін ауылға кетіпті дегенді көз көріп, құлақ естімегелі қашан.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруі тиіс болған 10 бағдарламалық құжат қабылданған. Бағдарламалық құжаттар күтілген нәтиже әкелмегенімен, оларды жүзеге асыруға бөлінген қаржы сәтті игерілген. Соның салдарынан азық-түлік тауарларының өндіріс көлемінің орташа жылдық өсімі тұтыну қарқыны мен халықтың табысынан артта қалып келеді. Жетпеген тауарлардың орнын жақын және алыс шетелдерден келген импорт толтыруда. Ал импорттық тауарлар мен оның үлесі жыл сайын көбею үстінде.
Мұндай мүшкіл жағдайдан шығу үшін үкімет агроөнеркәсіп кешенін жастар үшін қалай тартымды етуге болатынына, ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп өндіруге, жалпы саланы модернизациялауға назар аударуы тиіс.
Меліс Сейдахметов,
«P&H»

Жауап қалдыру