Адвокаттар үшін алғашқы жарналарды алып тастау ұсынылды

0
202

28 наурыз күні өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасының таныстырып, оның жай-жапсарына тоқталды.
– Қазақстанда адвокаттық қызмет нарығы жеткілікті деңгейде дамымаған және озық елдердің көрсеткіш­тері­не сәйкес келмейді. Оның негізгі себептерінің бірі – адвокаттардың жетіспеуі. Ол өз кезегінде үміткерлер үшін негізгі мәселелердің бірі болып табылатын өте жоғары кіру жарналарынан туындайды. Алғашқы жарна­лардың алынып тасталуы адвокаттық мамандыққа жас заңгерлердің кіруіне, адвокат­тардың арасындағы бәсеке­лестікті күшейтуге және олар­дың санының артуы­на мүм­кіндік береді, – деді ми­нистр.
Оның пайымынша, Қазақ­станда адвокаттар көрсе­тетін кәсіби қызметтердің сапасын тиімді бақылау жоқ.
– Әр адвокаттың қашан және не үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны туралы ашық ақпарат жоқ. Адвокаттардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауын, тәр­тіптік істердің объективті және жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету мақсатында екі деңгейлі тәртіптік комиссияны құру қарастырылған, – деп түсіндірді М. Бекетаев.
Сонымен қатар ведомство басшысы елімізде адвокат­тардың біліктілігін арттыру тетігі қалыптас­пағанын атап өтті. Ал әлемнің озық елдерінде адвокаттардың тұрақты және жүйелі түрде кәсіби біліктілігін арттыру міндеті заңнамамен бекітілген.
– Адвокатураның сапа­лық құрамын жақсарту мақ­са­тында заң жобасымен адвокаттардың біліктілігін көтеру тетігі қарастырылған. Бұл адвокатура саласында бәсекелестікке және қызмет сапасына оң әсерін тигізеді, – деді министр.

ҚазАқпарат

Жауап қалдыру