Кәсібің өрге жүзсін десең…

0
131

Бұл Дамаск шаһарында өмір сүрген саудагер жігіт хикаясы.
Ол әрдайым жора-жолдастарына: – Мен өмірімде ешуа­қытта саудада шы­ғын­ға ұшырап көргенім жоқ. Үнемі олжалы бола­мын, – деп айтатын кө­рі­неді.
Күндердің-күні жолдастары сынамақ боп:
– Сауда тәуекелмен байланысты. Бірде пайдаға кенелсең, бірде шығынға ұшырайсың. Қалайша ыл­ғи олжалы жүресің? – деп сұрайды. Жігіт:
– Сендер маған бір тауарды айтыңдар. Соны сатып, сөзімнің растығын көрсетейін, – депті.
– Жарайды, олай болса Иракта құрма сатып көр. Иракта құмнан құрма көп. Ол елде құрма тегін десе де болады. Құрма сатып, олжалы болу мүмкін емес, – десті.
Саудагер жігіт ешбір екіленбестен: «Дегенің болсын, Иракта құрма сатамын», – деп келісті. Жігіт түйелерге құрма тиеп, «бисмиллә» деп сол шақтағы Аббаси халифалығының астанасына жолға шықты.
Халифа әулетінің бірі отбасымен Маусыл қала­сына демалуға қамда­нып жатты. Маусыл сол дәуірде Ирақтың ең көркем шаһарларының бірі еді. Әсіресе, көктем мезгілінде саяхатшылардың ерекше назарын аударатын. Аймақтың әсемдігіне орай жұрт Маусыл қаласын көктемтер анасы деп атайтын. Өйткені, Маусылда көк­тем маусымы қыстан бас­талып, жаздың соңғы айында бір-ақ бітетін. Үш мау­сым қатарынан құл­пырып көктем тұратын.
Әлгі бай Бағдат қаласы­нан алыстап кеткен кез­де, кенже қызы қымбат ал­қасын жоғалтып алға­нын айтып байбалам салды. Ерке қызы алқасыз еш­қайда бармайтынын айтып, көз жасын көл етті. Ақыры, амал нешік, бай: «алқаны тапқанға пәлен берем», – деп Бағдат халқына жария етеді.
Содан халық: «оңай ол­жаға кенеле қаламын», – деп қаланың сыртында алқа іздеуге кірісіп кетеді. Біраз уақыт болып қалса керек, жоқ іздеушілер қалжырап қарны аша бастайды. Қала болса, біршама алыс. Сол арада жолы болғыш саудагер жігіттің керуені де оларға таяп қалған еді. Жұрт жапа-тармағай нең бар?, – деп саудагерден ішіп-жейтін азық-түлік сатып ала бастайды. Осылайша жас саудагер шамалы уақытта құрмасының басым көпшілігін сатып үлгереді.
Құрманың отанында жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта құрма сатып олжалы болған жігіт жайлы естіп халифа әулетінен шыққан бай қызығушылық танытып, жігітті өзіне алдырады. Жігіттен қалайша сауданың көзін тапқанын білгісі келіп сұрайды.
Жігіт: «Әкеден ерте айырылдым, анам болса мүгедек еді», – деп әңгіме бастады – «Бес жасымнан көрші-қолаң үйінде жұмыс істеп, тіске басарлық азын-аулақ нәрсе алып келетінмін. Осылайша, Құдайдың қалауымен күнелтіп анама қызмет еттім. Жылдар өтіп тұрмысым біршам­а рет­телді. Жиырмаға тол­ғанымда анам өлім төсе­гінде жатып қолын жайып: Уа, Жаратқан! Балам­ның жолын аш! Дінінде де, өмірлік тіршілігінде де еш­уақытта сәтсіздікке ұшы­ра­масын, – деп маған ақ батасын берді. Анамның сол батасын алған күннен бері, қандай іспен айналыссам да шаруаның көзін тауып олжалы боламын. Кейде қолыма алған бір уыс топырақ та алтын боп кететін шығар деп ойлаймын», – дейді.
Бұл – шындық. Ата-ананың ақ батасын алған адам өмірде істеген шаруасы оңынан болады. Берекет пен жақсылық ләйім өмірлік серігі болмақ. Бизнесіңіз олжалы болсын десеңіз, ата-анаға бар ықыласыңызбен қызмет етіп, батасын алыңыз.

Руслан ҚАМБАР
kazislam.kz

Жауап қалдыру