Қайыр-садақа аурудан құтқарады

0
41

Түркістан қаласында имам­дық қызметте болатын­мын. Түр­кістанда Ахмет Ясауи уни­верситетінде араб тілінен дәріс беретін мысырлық азаматпен таныстым. Есімі Махмұт болатын.
Махмұт жұма намазға біздің мешітке келетін. Бір күні жастардың сұрауы бойынша намаздан соң 15 минут уағыз айтып, ал мен аударып беретін болдым. Содан садақа туралы уағыз бастап, сіздерге ұсынғалы отырған хикаяны айтып берді.
Махмұттың Мысырда досы бар екен. Досы бір күні айықпас ауруға шалдығып, өз елінде ем қонбаған соң, Германияға аттанады. Ол елдегі ең мық­ты деген диагностикалық орталыққа емделуге барған. Алайда дәрігерлер оның қауіпті ісікке шалдыққанын анықтайды. Мұның емі өте күрделі ота екендігін ескертеді. Бірақ отадан соң да, ауруынан толық айығып кетуі сирек кездесетін құбылыс екендігін айтады. Осылайша ол дәрігермен бір аптадан соң ота жасауға келісіп, еліне қайтады.
Жігіт еліне қайтып, үй ішіне мән-жайды айтады. Бұл хабар туыстарына ауыр тигені анық.
Бірде науқас жігіт үйінен шығып, асханаға барып кофе ішеді. Қарама-қарсы бетте қасапшының дүкені бар екен. Дүкеннің алдында бір кейуана жерге түскен, шашылған, қима еттер мен без, сіңірлерді теріп жүреді. Оны байқаған жігіт кейуананың жанына келіп «апа не істеп жүрсіз?», – деп сұрайды. Жауап болмаған соң қайта сұрайды. Екінші рет сұрағанда ғана кемпір «не жұмысың бар?», – деген жауап қатады. Жігіт қоймастан қайта-қайта сұрай берген соң, кемпір амал жоқ жауап береді.
Сөйтсе кемпірдің үйінде бірнеше бала-шағасы бар көрінеді. Ұлы мен келіні жол апатынан қайтыс болыпты. Немерелері қолында қалған, бас болар ешкім болмаған соң күнделікті ішіп-жемді осылай табуға тура келіпті. Әлгі теріп жүрген еттің қалдықтарын, без-сіңірлерді немерелеріне алып барып, қайнатып береді екен.
Бұны естіген жігіт қасапшыға келіп, кемпірге ет алып береді. Сосын қасапшымен келісіп балалар кәме­летке толғанша күнделікті ет алып тұруын қамтамасыз етеді. Жігіт егер мен өлсем үй үшім кепіл болады, мен қарама-қарсы үйде тұрамын деп айтады. Үйіне барған кезде әйеліне айтып тағы да пысықтап қояды. Осылайша ажал ау­зын­да жүрген жігіт сауапты іс жасайды.
Апта өтіп жігіт Германияға келеді. Келген соң дәрігерлер қайта тексеру жүргізіп, толық тексерген соң, жігітке келіп «сен кімсің?» деген сұрақ қояды. Сұрақты түсінбеген жігіт жауап қатпай сасып қалады. Сон­да дәрігер «сен өткен аптада Мысырдан келген жігіт емессің бе?», – дейді. Жігіт: «иә», – дейді. Сұ­рақ­т­ы жаудырған дәрігер ең соңында «айтшы, немен ем­делдің?» дейді. Сол кезде түсінгендей болған жігіт «не, мен ауру емеспін бе?» – дейді. Дәрігер «өткенде анализдер қате болды ма, әлде жөндеп қарамадық па, бірақ не болса да сенде қатерлі ісік жоқ», – деп жауап береді.
Күтпеген жауап естіген жігіт қуанышы қойнына сыймай еліне қайтады. Жолда өзінің қарт кемпірге садақа бергені есіне түседі. Еліне келісімен кемпірге барып, болған жайды баяндайды.
Сонда кемпір «Сен маған ет алып берген күні үйге қуанып, асығып келдім. Ет алып келгенімді көрген немерелерім де қуанып қалды. Үлкен немере қызым келіп, «әже, бұны кім берді?», – деп сұрағанда, мен «бір мұсылман, бір мұсылман», – деп көзіме жас алдым. Немере қызым өз бөлмесіне кіріп, былайша дұға еткенін естідім: «Раббым біз ата-анамыздан айырылдық. Бізге көмек берген кісінің бала­лары ата-анасынан айы­рыл­масыншы. Оларды жетім қылмашы….», – деген әң­гімесін айтады.
Сол кезде жігіттің есіне Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Садақа адамды түрлі бәле-жаладан сақтайды» деген хадисі түскен екен.
Махмұт «мен осы хикаяны оның өз аузынан естігенмін», – деп айтып берген болатын.
Сауапты істеріміз көп болсын!!!
Ұлықбек
Алиакбарұлы

Жауап қалдыру