Газет туралы

Республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің алғашқы саны 2005 жылы 27-тамызда шықты.

Газеттің алғашқы санының шығуына байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында « Мен Сіздердің газеттеріңіз әрдайым айтса – ақиқатты айтады. Жазса – тек шындықты жазады, қоғамдық құбылыстарға ұдайы әділ бағасын береді, әрі мұны өз қызметінің қатаң қағидатына айналдырады деген үміттемін. Басылымдарыңызда еліміздегі демократиялық, әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістерді терең талдайтын, саралы да салиқалы ойларға құрылған, қоғам өмірін барынша байыпты бейнелейтін, оқушылар сүйіп оқитын тәрбиелік, тағылымдық, танымдық мақалалардың дәйім көп болуын қалар едім.

Газеттеріңіз өзінің атына лайық билік пен халықтың арасында берік дәнекер болатын, Президенттің сөзін, ой-мақсатын халыққа, ал Халықтың тілегін, мұрат-мүддесін Президентке жазбай жеткізіп тұратын қуатты баспасөз құралына айналады деп сенемін», – делінген. Газет өзі шыға бастаған 10 жылдың ішінде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінде өз орнын тапты.

Басылым мемлекет дамуының тұрақтылығы, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы, ұлтаралық, дінаралық татулық пен келісім, қазақстандық түрлі этностардың қазақ халқының төңірегіне топтасуы, әлеуметтік ахуал мен ұлттық көкейтесті проблемалар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, білім беру, тарих, әдебиет пен өнер және спорт тақырыптарына қалам тербейді.

Газет алғашқы санынан «Елбасы тапсырмасымен», «Көкейтесті», «Жанайқай», «Министр мінбері», «Депутат сөз алады», «Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу жолдары», «Тарихыңды таны», «Замана билеушілері», «Тұлға», «Атадан жеткен асыл сөз», «Кәсіпкерлікке – қолдау», «Жемқорлық –індет, індетпен күрес –міндет», «Кітап деген –қазына», «Бүгінгі заман ежелгі ойшылдар көзімен» тағы басқа тартымды айдарларды тұрақты жүргізіп келеді.

Газет бетінде министрлермен, облыс әкімдерімен, қоғам қайраткерлерімен, әдебиет, өнер, спорт саңлақтарымен жүздеген сұқбаттар, материалдар жарияланды. Газеттің ғаламторда pr-hal.kz веб-сайты жұмыс істейді.

2015 жылғы 1-қаңтардағы деректер бойынша газеттің таралымы 12180 дана.