Жасыл экономикаға бейімделу қажет

0
190

Кеше, 26-мамырда Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Форум аясындағы «Болашақ энергиясы: Жаһандық трендтер мен техно­логиялар» сессиясында АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джордж Крол жаңаратын энергия көздерін дамыту мәсе­лесінде әлемдегі ең өршіл саясаткер – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екендігін айтты.
Ол өз сөзінде қазіргі уақытта көптеген елдер ғаламшардың жалпы болашағын айқындау үшін жасыл экономикаға бейімделу бағытында жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.
«Бірқатар басымдыққа ие арзан энергия көздері оңтайлы шешім емес екендігін түсінуге ондаған жылдар кетеді. Біз қазіргі уақытта жаңаратын энергия көздері барынша маңызды екендігін түсініп келеміз. Жаңа жаңаратын энергия көздерін іздеудеміз», – деді Елші.
Сонымен қатар Джорд Крол Қа­зақ­стан қазба энергия көз­дері­не бай болғанына қарамастан Н.Назарбаевтың оларды жаңаратын энергия көздеріне алмастыру мақсатын қойып отырғандығын баса айтты. Оның пайымынша, дәл осы жайт Қазақстанның бұл бағыт­тағы Орталық Азияның көш­басшысы болуына мүм­кіндік береді.
Сонымен қатар Елші АҚШ-тағы жаңаратын энергия көз­дерін дамыту жайында айта келе өз елінде таяу онжылдықта көміртек көздерін тұтынуды пайдалану соңғы 20 жылдағы көрсеткіштерден жоғары бола­тындығын атап өтті.
«Жел энергиясын өндіруді үш есе арттырып, ластану дең­гейін төмендетуге тырысамыз. Әлемнің басқа елдеріне қарағанда бұл АҚШ-та қар­қынды жүргізілуде.
Парникті газдар шыға­рындысы туралы айтар болсақ, бізде Мексикамен, Канадамен ортақ бастама бар. Оған сәйкес, бұл энергия көздерін өндіру қысқартылатын болады», – деді Елші.

Жауап қалдыру