Зейнетақы құжаттарын рәсімдеу жеңілдейді

0
92

«Жалқы терезе» қағидатының орнына «бір өтініш» қағидаты немесе қызметтер көрсетудің композиттік тәсілі енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның айтуынша, композит нақты өмірлік жағдай туындаған кезде адамның бір өтініш арқылы бірнеше өзара байланысты қызметтерді алуына мүмкіндік береді.
– Мысалы, бұрын азамат зейнетақы төлемдерін алуға арналған екі түрлі өтінішті, яғни базалық зейнетақы бойынша жеке және ортақ зейнетақы бойынша жекелей алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығына беруге тиіс болатын. Бұған қоса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тағы бір өтініш беруі қажет еді. Зейнеткер өз зейнетақысын алу үшін әртүрлі мекемелерге барып, әрқайсысы 3-7 және одан да көп құжаттан тұратын үш бөлек құжаттар пакетін дайындау керек болатын, – деп түсіндірді М. Айсина.
Оның сөзіне қарағанда, композиттік тәсіл осы барлық үш қызметті тек Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы бір өтініш бойынша алуға мүмкіндік береді, құжаттар саны біраз қысқарып, азаматтар үшін ыңғайлы әрі түсінікті болады.
– Заң жобасы арқылы құрамына 55 көрсетілетін қызмет біріктірілетін осын­дай 21 композиттік қызметті енгізу көзделіп отыр. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін 6 көр­сетілетін қызметті бірік­тіргенде немесе жұмы­сынан айырылған жағ­дайда әлеуметтік төлем тағайындау кезінде 4 көрсетілетін қызмет қосыл­ғанда және басқа да жағдайларда аса ма­ңызды, – деді депутат.
Жалпы отырыста құжаттарды Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға өткізуге болатыны айтылды.

Руслан Ғаббасов

Жауап қалдыру