Теңге тағдырындағы тербелістер

0
20

Ұлттық валютамыз теңгеге 25 жыл толды. Ширек ғасырлық теңге ғұмырында сан түрлі тербелістер мен құлдыраулар бастан өтті. Тәуелсіз елдің басты сипаты саналатын ұлттық валютамыздың тағдыры бүгінде көпті толғандырады. «Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі», дегендей ақша айырбастау орындарында теңге бағамы АҚШ доллары мен Ресей рубілінің салқын деміне тәуелді болғалы қашан. Бұған ұлттық экономика мен ақша-несие саясатындағы қателіктер себеп болды дейді сарапшылар. Сондықтан осындай айтулы күнде теңге тағдырындағы күрделі шешімдер мен тербелістерді жіпке тізіп өтуді жөн көрдік.
Девальвация. Бүгінде әрбір қазақтың санасына сіңген экономикалық ұғымдардың бірі. Себебі, ұлттық теңгеміз ТМД елдері ішіндегі ең көп құлдырауды бастан кешірген 5 валютаның тізімінде. Елімізде ең алғашқы девальва­ция­ның бірі 1999 жылы Қазақ­станның экспорттағы бәсеке­лестігін арттырамыз деген мақсатпен жүзеге асы­рылды. Алайда бұл шикі мұ­най мен түсті металдарды сатудан түсетін пайданы арт­тыру үшін ғана жасалғаны кейіннен мәлім болды. Ал қарапайым халық бір күнде жиған-терген дүниесінің құнсызданғанын көрді. Араға 10 жыл салып, 2009 жылы 4 ақпанда теңге бағамы АҚШ долларына шаққанда 120 теңгеден 150 теңгеге бірақ құлады. Халық табысы 25%-ға азайып, кедейлене түсті. Ал 2014 жылғы ақпан айындағы девальвация халық қалта­сындағы қаржыны 20%-ға қақ­қаны баршаның есінде. Осы­лайша теңге бағамы 1993-2014 жыл аралығында 40 есеге құлдырады. Бұл шешім­дердің барлығы Ұлт-тық Банк тарапынан «ішкі экономикалық тұрақтылықты сақтау» үшін деген сыл­тау­мен жасалды. Алайда мұндай шешімдер ұлттық эконо­­миканы тұрақтылыққа емес, керісінше күйзеліске ұшыратқаны мәлім.
Теңге тарихындағы осын­дай үш ірі девальва­ция­дан соң, халық билікке де, тең­геге де сенуден қалды. Себебі, Ұлттық Банк теңгенің девальвацияға ұшырау мүм­кін­дігін соңына дейін жоқ­қа шыға­рып, бір-ақ түнде ше­шім қабылдайды. Ал эко­но­­микасы әлемдік көш ба­сын­дағы АҚШ билігі доллар бағамы­ның өзгеру мүмкін­дігін ха­­лыққа бір ай бұрын мә­лімдеуге тырысады. Өйт­кені кез келген мемле­кеттің түпкі мақсаты ха­лық­ты әлеуметтік-экономикалық қауіп-қатерлерден қорғау. Мінеки, осы мақсатқа жету үшін дамыған елдер алда болар әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді алдымен халық талқысына салып барып, ше­шім қабылдайды.
Мысалы­ға, Грекия елінде 2015 жылы елдің қаржылық жағдайына байланысты референдум өткені есімізде. Ал бізде ше? Халықтың қалтасын 20-30%-ға қағатын оқыс девальвациялар неге талқыға түспейді? Бұл қара­пайым халықты қорғау ма? Әлде бұдан пайда көре­тін ірі банктер мен ақша айыр­бас ұйымдарының мүдде­сіне жұмыс істеу ме? Белгісіз.
Енді девальвация себеп­теріне келсек. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі қазынаға түсетін қаржының тең жар­ты­сын шикі мұнай өнімдері мен түсті металдардан түсетін пайда құрайды. Ал осы шикізат өнімдерін шетелге шығаратын негізгі құбырлар көрші Ресейге тиесілі. Одан қалды Ресеймен бір экономикалық одақ аясында өмір сүрудеміз. Сондықтан біздің теңгенің мойнында «мұнай бағасы» деген құрық тұрса, аяғына Ресейдің рубілі тұсау. Етек-жеңімізді жинап, ел болғалы экономиканы шикі­затқа тәуелділіктен құтқарамыз деген ұраннан әрі аса алмадық. Мысалыға, Қазақстан экономикасына қаржы құятын негізгі 50 компанияның 70%-дан астамы шикізат өндірісімен шұғылданады. Демек, біздің ел үшін мұнай бағасы мен Ресей экономикасы тікелей әсер етеді.
Девальвацияны қанша жерден әспеттеп әлемдік эко­но­микадағы құбылысқа теңегенмен ащы шындық осы. Түптеп келгенде мұның барлығы экономика мен ақ­ша-несие саясатындағы қателіктерден туындаған.
Теңге курсын еркін айна­лымға жіберу және инфляция.
2015 жылдың 20 тамызында Қазақстан теңге курсын еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек, Ұлттық банк осы жылдың 5 қарашасында өз резервтерін сақтап қалу үшін мемлекеттегі ішкі валюта нарығына қатыспайтыны туралы мәлімдеген. Бұл шешімнен соң, теңге бағамы АҚШ долларына шаққанда 300 теңгеден асып жығылды. Ал елді қымбатшылық жайлады. Мұндай шешімнен шикізат секторындағы ірі бизнес өкілдері ғана пайда көрді. Керек десеңіз олар бұл жаңалыққа қуанып, Елбасыға өз алғыстарын да жеткізгені есімізде.
Ал Ұлттық банктің бұл саясатына қарсы болған «Талап» қолданбалы зерт­теу орталығы» қоғамдық қорының директоры Рақым Ошақбаев: «Біздің орталық елдегі инфляцияның өсуіне әсер етіп отырған негізгі факторларға зерттеу жүр­гізді. Нәтиже бойынша, Үкімет пен Ұлттық банктің бағаның көтерілуіне қарсы шаралары тек 50%-ға тиімділігін көрсеткен. Қазақ­стандағы инфляцияның жоғарылауының басты фак­торы – теңгенің құбылуы. Біздің ойымызша, бұл фа­кторды реттеу қолға алын­баса, инфляцияны тұрақ­тандыру билікке қиын бо­лады. Ал басқалары – са­ту­шылармен, алып-сатар­лар­мен күресу және қорларды тұрақтандыру  еш тиімсіз. Сон­дықтан біздің орталық тең­ге курсын белгілеу жүйе­сіне қайта оралу керек деп есептейді», – деген болатын.
Экономистердің пікірінше, сыртқы факторларға тәуелді теңге бағамы кезінде қымбатшылықты ауыздықтау жайлы сөз қозғау бекер. Мы­салыға, жыл басынан бастап 16 қазанға дейін валюта нары­ғында теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 366,86 теңгеге, яғни 10,4%-ға әлсіреді. Бұған себеп бірін­шіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының нығаюы. Екінші фактор – келешекте Ресейге қарсы санкцияларды күшейту туралы хабар. Осы­ның салдарынан, жыл басынан бері Ресей рубілі 15%-ға әлсіреді. Ал Қазақ­стан Ұлттық банкінің бағалауынша, 2018 жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде сақталмақ. Алайда «Казкоммерц Секьритиз» сарапшыларының пікірінше, Қазақстандағы инфляция деңгейі санкцияға ұшыраған Ресей Ұлттық банкінің алдағы шешіміне тәуелді дейді. Халықаралық Goldman Sachs инвестициялық банк сарап­шылары Ресейге салынатын санкциялар жұмсар­маса, елдегі инфляция деңгейі 10-12%-дан асуы мүмкін деген болжам айтады.
Бұдан ұғатынымыз бүгінгі теңге тағдыры өз қолымызда емес екен. Яғни, өзге елдің экономикасына байлаулы. Бұл байлаудың шешімі саяси ерік-жігерге байланысты. Саяси институттарды жетіл­діріп, экономиканы әрта­раптандырмай бәрі бос сөз.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру