Теңге тұрақсыздығына тоқтам бар ма?

0
71

Тамыз айында теңге төңірегіндегі тартыстар қыза түскендей. Басты себеп Ұлттық валютаның тұрақсыздығы. Небәрі екі айдың ішінде теңге бағамы 10 пайызға құлдырап, 14 тамызда 1 теңге – 363-367 долларға дейін құнсызданды. Ал Ұлттық банк бұл жағдайды және сыртқы факторларға теліп сытылып кетті. Расыменде теңге тағдыры сыртқы күштердің қолында ма, әлде монетарлық саясатта кеткен қатеде ме, талдап көрсек.
Тауешкідей бірде жоғары секіріп кейде төмен құлдилайтын теңге жайы бәрімізді де алаңдатары хақ. Ұлттық валютамыз 25 жылда 70-тен астам құнсыздануды бастан өткеріпті. Мұның барлығында Ұлттық банк пен Үкімет халыққа «Теңге сыртқы экономикалық жағымсыз әсердің салдарынан құнсызданды» деген ақпар беріп келеді. Иә, біз бұл ақпарды теріске шығармаймыз, алайда кінәні өзгеге аударып қол қусырып отырған да жөнсіз.
TALAP қолданбалы зерттеу орталы­ғы­ның директоры, экономист Рахым Ошақ­баевтың пікірінше теңге тұрақ­сыз­дығына Ұлттық банктің монетарлық саясатта жіберіп отырған қателігі себеп болып отырған көрінеді. Ұлттық банк 2015 жылы теңге қатысты еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын енгізгенімен, арада 3 жыл уақыт өтсе де ештеңе өзгермеген көрінеді. Ұлттық банктің бұл монетарлық саясатты өз деңгейінде орындай алмауы халықтың кедейленуіне соқтыруда. Қазақстан эко­номикасы импорттық тауарларға бай­ланғаны баршаға мәлім. Сондықтан доллар бағамының өсуі нарықта тұтыну­­шылық тауарлар бағасының қымбат­тауына түрткі болады. Ал бұл өз кезегінде инфляция деңгейінің өсуіне себепші.
Келесі теңге тағдырындағы ықпалды мәселе Ресей экономикасы. FXPrimus сараптамалық орталығының басшысы және қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Caravan.kz медиа-порталына берген сұқбатында «Американың Ре­сей­ге салатын санкциялары Қазақстан эко­номикасына да өз зардабын тигізбей қоймайды», – деген пікір айтады. АҚШ салғалы отырған келесі санкциялар Ресейдің қаржылық жүйесіне орасан теріс әсер етпек. Бұл онсызда мемлекет қаржысына күн көріп отырған біздің банктерге де оңайға соқпасы анық. Одан қалды Қазақстанға әкелінетін импорт­тық тауарлардың 40 пайыздан астамы Ресейден келеді. Сондықтан бүгінгі Қа­зақ­стан экономикасы Ресейде болып жатқан кез келген жағымсыз өзгерістен құлдырауы бек мүмкін.
Шынайы тәуелсіздік қаржы-эконо­ми­калық тұрғыда дербес саясат ұстанғанда ғана қол жеткізілетіні ақиқат. Ал қазір бір елдің экономикасын көрші елдің саясатына байлап қоюды қалай түсінеміз? Теңгенің құнсыздауы тікелей ұлттық қауіпсіздік мәселесі емес пе? Мұндай тұрақсыздықта елдегі шағын және орта кәсіп иелерінен бастап, қарапайым халыққа дейін қалта­сындағы қаржыны әп сәтте жоғалтуда. Ал Ұлттық банктің «Қорыңызды теңгеде сақтаңыз, ұлттық валютаға сенім артыңыз» деген сөзіне сенім жойылып барады.
Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру