Тапшылық қалай жабылады?

0
126

Ел бюджетінің 45 па­йы­зы әлеуметтік бағдар­лама­ларға жұмсалатыны бел­гілі болды. «Ал өзге сала­лардың жағдайы не бол­мақ?» деген сұраққа Үкімет әлі жауап берген жоқ, – деп жа­зады inbusiness.kz.
Үш жыл ішінде халықты әлеуметтік қолдау шара­ларына 3,3 трлн теңгеден астам қаражат бөлу тап­сырылды, оның 1,3 трлн теңгесін Ұлттық қордан трансферт қамтамасыз етеді. Күні кеше ғана мем­ле­кеттік бюджеттің 45 пайызы әлеуметтік бағдар­ламаларға бөлінетіні, әлеу­меттік жағынан аз қорғалған отбасылар үшін жылдық өсімі 2 пайыз болатын жаңа ипотекалық бағдарламаны қаржыландыратыны да бел­гілі болды.
Ұлттық банктің ресми сай­тында жарияланған мә­лі­меттерге сенсек, 2018 жылдың соңында Ұлт­тық қордың шетел валю­тасындағы активі 57,7 мил­лиард АҚШ доллары. Еркін айырбас бағамы жүйесі өткен жылдың соңын­да 30,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын алтын-валюта резервін сақтап қалуға мүм­кіндік берген.
Сонымен, Ұлттық қордан бөлінетін 1,3 трлн теңге қа­лай бөлінеді, оның меха­низмдері қандай деген сұрақ сарапшыларды жиі мазалауда.
Әлемдік экономика және саясат институтының са­рап­­шысы Сәбит Суханов Ұлттық қордан бөлінетін қаржы 2019 жылы емес, үш жыл бойы – 2021 жылға дейін жүргізілетінін айтады. Оның пайымдауынша, Ұлттық банктің жүргізіп отырған қаржы саясаты ішкі валюта нары­ғының атмос­­­фера­сына сонша­лықты әсер ете қоймай­ды. Қар­жы бөлудің эмис­сиялық маханизмінде айна­лы­мында қаржының қа­жет­­тілігі, сұраныс пен ұсы­ныс­тың арасалмағы еске­ріл­месе, мұндай сце­нарий теңге бағамы мен инфляцияға кері әсер етеді екен. Сондықтан, Ұлттық банк бірінші кезекте айна­лымда жүрген теңгенің мөлшерін, тауар айналымы мен экономикалық белсен­ділікті де басты назарға алу керек. Бұл үшін эко­но­метрикалық есеп жүр­гізген дұрыс. Мұндай пі­кірді қаржыгер Мақсат Ха­лық та қолдайды. Оның пайымдауынша, үкімет­тің экономикалық блогы бұл қадамға аса сақтық­пен келді. Қар­жының кезең-ке­зеңімен бөлінуі оның инф­ля­цияға әсер ету ық­па­лын барынша әлсі-ре­теді екен.
Қаржыгер осы ретте 2018 жылы Ұлттық қордың трансферті 2,6 трлн теңге болғанын, ал 2019 жылы ол 2,45 трлн, 2020 жылы – 2,3 трлн, 2021 жылы 2 трлн теңге болатынын айтты.
«Демек Ұлттық қордың трансферті кезең-ке­зең­мен жү­реді. Және бөлін­ген қаржы бір реттік болып бө­лінбейді. Сондық­тан оның инфляцияға ықпа­лы ба­рынша төменгі шекті мөл­шерде болады. Ұлттық банк бөлінген қаржы ішкі валюта нарығына әсерін ти­гізбейтіндей шараларды іс­ке қосады», – дейді Мақсат Халық.
Қаржыгер Ілияс Исаев бюджеттік шығындар көле­мінің артуы мемлекеттік ре­­сур­с­тарды үнемдеу қа­жет­тігінен туындағанын ай­тады. Ал Ұлттық қор ак­тив­терін жұмсау немесе оның орнын тол­тыру теңге бағамына өзге­рістер енгізу ар­қылы жү­зеге асып келді. Бұл фак­тор теңге бағасының ар­зан­дауына әкеледі деген пі­кірдің сал­мағын арттырып тұр.
«Ұлттық қордан бөлінгелі тұрған трансферт аз қаржы емес. Бірақ 2021 жылға дейін инфляцияға әсерін қа­лыпты нормаға түсіруге мүмкіндік беретін қаржы», – дейді Ілияс Исаев.
Сарапшылар Ұлттық қор трансферті шетелдік валюта түрінде сақталып тұр. Сон­дықтан, Ұлттық банк­те бұл соманы 2021 жылға дейін ва­люта нары­ғында шетелдік ва­лютамен айыр­бастауға не­месе ал­тын-валюталық ре­зервке ал­мастыруға мүм­кін­дік бар. Мұндай жағдайда Ұлттық банк интервенция жа­сауға шешім қабылдайды не­­месе бұрынғы қаржыны айна­­лымнан кері қайтарып ала­ды.
Қазақстандық БАҚ-та жыл басынан бері «2019 жылғы ел бюджеті 2018 жылмен салыстырғанда 6 пайызға қысқарды» деген тақырып трендке айналған болатын. Са­рапшылар бұл фактор бізге қауіп төндір­мейтінін айтады.
Экономист-сарапшы Ол­жас Төлеуов бюджеттің кіріс бөлігіндегі өзгерістер Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің 41 пайызға қысқарумен түсіндіреді. Бұл Ұлттық қордан мемлекет бюджетіне келетін қаржыны 38-ден 24 пайызға дейін қысқартыпты. Ұлттық қор­дағы қаржыны үнем­деуді 2019 емес, 2018 жыл­дан бастап кетіппіз.
«Мемлекеттік бюджетке түсетін табыс көзі 2018 жыл­мен салыстырғанда 16 пайызға өсті. Шығыс бө­лігі 9 пайызға қысқарды. Бұ­ған кейбір шығыстарды 90 па­йызға қысқартудың нәти­жесінде қол жеткіздік. Қор­ғаныс саласына, әлеуметтік қамсыздандыру мен білім және денсаулық саласына бөлінген қаржы 12 пайызға өсті», – дейді Олжас Төлеуов.
2019-2021 жылдар ара­сындағы ел бюджеті 6 пайызға қысқарғанмен, 6 па­йыздық кемістік әлеу­меттік сектордың шаршап қалуына жол бермейді. Үкімет елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың «эко­номи­калық дағдарыс әлеуметті шар­шатып алма­сын» деген тапсыр­ма­сын орындады. Басқаша айтқанда Үкімет уәдесінде тұрды. «Қалай, қайтіп» деген сұ­раққа са­рап­шылардың жауабы дайын.
Қазақстандық экономист Жангелді Шымшықовтың пайымдауынша, халық­ара­лық қаржы заңдылығы бойынша, 6 пайыздық кемістік ел бюджетіне кері әсер етуге тиіс еді.
«Оның орны қалай толды?» деген сауалдың жауабын Ұлттық банк те, Үкімет те айтқан жоқ. Бірақ олар айтпаса да оның қайдан келгенін ел сезіп отыр. 2018 жылдың қыркүйек айында Үкімет отырысында игерілмей тұрған қаржының көлемі белгілі болды. Қаржы министрлігінің есебінше, қазы­надан бөлініп, уақы­тында игерілмеген қаражат көлемі – 75 миллиард теңге.
«Үкімет ел бюжетіндегі 6 пайыздық кемістікті қай­­дан толтырғанын ашып айтқан жоқ. Бірақ игеріл­меген қаржы есебінен тол­тырғанына сенімдімін. 2017-2018 жыл­дар ара­сында бірнеше компа­ния жеке­шелендірілді. Бұл қар­жы да Ұлттық қордағы қар­жыны оңды-сол­ды жұм­самауға септесті», – дейді Жангелді Шымшықов.
Оның пайымдауынша игерілмеген және жеке­шелендіруден түскен қаржы үкіметтің абыройын сақтап қалды. Мұндай мүмкіндік жыл сайын бола бермейді.
«Енді үкімет нарық заңына бейімделуі керек. Ол шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығының әлеуеті. Үкімет осыларға көңіл бөлу керек. Дамыған елдерде мемлекет қоржынының кіріс бөлігі шағын және орта бизнестен жинақталады. Ал біздің елдің ішкі жалпы өні­міндегі шағын және орта бизнестің үлесі әлі аз. Үкімет биылғы мүмкіндік жыл сайын қайталана бермейтінін тү­сініп отыр. Сондықтан, ШОБ-тың әлеуетіне шындап көңіл бөлетін кез келді» – дейді Жангелді Шымшықов.

Рауан ІЛИЯСОВ

Жауап қалдыру