Табысты саланың пайдасын қашан көреміз?

0
127

Туризм кез келген мемлекеттің эконо­микасын дамытып, қазынасын толты­ратын, жұмыс орнымен қамтамасыз ететін бірегей сала. Әлемнің көптеген мем­­лекеттері тұмса табиғатымен, ғажа­йып сәулетімен, тамырлы тарихымен бау­рап, туристер қатарын лек-легімен қабылдап жатады.

Туризм – дүниежүзіндегі табысты сала
UNWTO халықаралық ту­­­­ризм барометрі 2017 жыл­­­дың қаңтар-тамыз ай­ларында әлем бойынша 901 млн халықаралық турис­тік саяхат тіркелгенін хабар­ла­ды. Бұл 2016 жылмен са­лыс­­тырғанда 56 мил­лионға көп. Бұл халық­ара­лық туризмдегі ең жақ­сы көр­­сет­кіш.
Ал аймаққа қарай бөлетін бол­сақ, туристердің келуі Африкада (+9%), Еуропада (+8%), Азия мен Тынық мұ­хиты өңірінде (+6%), Таяу Шы­­ғыста (+5%) және Аме­ри­ка аймағында (+3%) арт­қан.
2016 жылғы есептік көр­сет­­кішке көз салсақ, Фран­­ция­ға 82,6 млн турист барған, туризм саласы 43 млрд доллар пайда әкел­ген. Одан кейін АҚШ тұр, бұл елге 75,6 млн турист барып, Америка қа­зы­­насын 206 млрд дол­ларға тол­тырған. Испания да турис­терге ұнайтын ел қата­рында – 75,6 млн адам барып, 60 млрд табыс түсір­ген. Сонымен қатар Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Герма­ния, Мексика, Тайланд, Ма­лай­зия, Гонконг, Аустралия ел­дері туристер аса қызы­ғу­шылық танытатын мемле­кеттер қатарында.
Бұл елдердің қатарында Қазақстан азаматтары турист ретінде санаққа енсе де, әзірге туризмі дамыған ел ретінде есепке кірмей тұр. Сондықтан бүгінде Қазақ­станда туризм саласын дамыту, инфрақұрылымды қа­лып­­тастыру өзекті мәселе­лердің бірі.

Дамудың тәсілі – тың бастама
Мемлекет басшысы «Төр­тін­ші өнеркәсіптік ре­волю­ция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкін­дік­тері» Жолдауында «Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отыр­ған сырттан келуші­лер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспек­тива­лық табыс көздерінің бірі болып саналады» деп атап көрсетіп, туризмді дамытуға тапсырма берді.
Елімізде туризмді дамы­ту­ға баса көңіл бөлініп келе­ді. Мысалы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Туристік Қамқор» қо­ры­ның құрылуы осының ай­ғағы.
«Kazakh Tourism» ұлттық ком­паниясы шетел­дік қонақ­тар мен инвес­тор­лар­дың қа­тарын арттыру мақсатында құрыл­ған. ҚР Мәдениет жә­не спорт министрлігінің ба­қы­лауындағы бұл салада Қазақстанның барлық өңірін қам­титын 6 аймақтық мәдени кластерді құру жоспар­ланған.
Астана – мәдениет то­ғысқан геосаяси аймақ, Алматы – өркениеттің бесігі, Шығыс Қазақстан – Алтай жауһары, Батыс Қазақстан – Каспий қақпасы, Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жо­лының жаңғыруы, Сол­түстік Қазақстан – табиғат пен көшпелі мәде­ниеттің бірлестігі. Әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, елі­мізде туризмнің тұрмыс-салт, экология, аңшылық, мәдени-танымдық, медицина және спорттық салаларын да­мытуға басымдық беріліп отыр.
Туризм саласы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер па­латасының алаңында жиі талқыланатын тақырыпқа айналған.
Бүгінде «Атамекен» ҚР ҰКП мен «Kazakh Tourism» ҰК арасында туристік саланы дамыту жөнінде ынты­мақ­тастық жасалған. Бұл бай­ланыс отандық туристік өнімді таныту, ішкі және сыртқы нарыққа талдау жүргізу, шетелдік тәжіри­бені зерделеу, көшпелі туризм­ді дамыту үшін әлеуетті на­рықты анықтау, отан­дық ту­ристік бизнестің мүддесі үшін бірлескен шаралар ұйым­дастыру секілді бір­қа­тар бағыттарды анық­тап, бірге күш салып жұмыс істеуді мақсат тұтып отыр.

Ішкі туризм:
ахуал қандай?
ҚР Ұлттық экономика ми­нистрлігі Статисти­ка коми­тетінің ресми мәлі­ме­тіне сүйенсек, 2017 жыл­ғы қаңтар-қыркүйектің қоры­тын­дысы бойынша өткен жыл­ғы тиісті кезеңмен салыс­тырғанда шығу (4,9%), кіру (18,1%) және ішкі туризмнің келу­шілерінің (25,0%) саны­ның өсуі байқалған.
Сонымен қатар, Статис­тика комитетінің санағы бо­йын­ша елімізде келушi­лерді орналастырумен шұ­ғыл­данатын орналас­тыру орындарының саны 2997 бірлікті құрап, ондағы орна­ластыру орындары саны 66 555 бөлмеге есептеліп, олардың біржолғы сыйым­дылығы 154 625 төсек-орын­ды құрайды. Олармен 4107,9 мың адамға қызмет ұсынылып 85 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте курорттық аймақтарда 8583 мың ішкі және 16 мың сырттан келген келушілер тіркелген.
Республиканы әр айма­ғын­­да емдік-сауықтыру орын­­дары жұмыс істеп, ту­рис­терге қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, Шортанды – Бурабай, Алматы, Баянауыл, Арқаралы, Кендірлі, Сарағаш, Қостанай, Алтай, Алакөл, Зеренді, Балқаш, Бұқтырма, Шымбұлақ, Қа­тон-Қарағай курорттық ай­мақ­тары мен тау-шаңғы курор­ты жұмыс істейді.
Дегенмен елімізге турист ретінде келушілерден гөрі, іскерлік мақсатта жұмыс бабымен жолы түскендердің саны басым. Сондай-ақ 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде барлығы 4 миллионнан астам адам­ға қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткішті өңірлерге қарай бөлетін болса, Астана мен Алматы қаласында келу­шілер саны басым: елордада 791 мың болса, Алматыда 710 мыңға жеткен. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында келушілер саны – 386 мың, ал Оңтүстік Қазақстан облысында – 205 мың. Ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында, бар болғаны – 44 мың, оның алдында Батыс Қазақстан (73 395), Жамбыл (76 564) облыстары тұр.
Ал сапар мақсаттары бо­йынша курорттық аймақ­тарға орналасқан келушілер санына қарай Алматы (401 342) мен Шортанды – Бурабай (124 418) курорттық аймақтарының көрсеткіші жоғары. Сонымен қатар, Зеренді, Бұқтырма, Алакөл, Қарқаралы аймақтарына да қызығушылық танытқандар саны көз қуантады.
Мысалы Алматы курорт­тық аймағында тіркелген 401 342 адамның 397 924-і жеке келуші болса, 3264-і іскерлік және кәсіби резидент, сонымен қатар 150 келуші резидент еместер. Осы­лайша курорттық аймақ­тарда демалушылар тіркелетінін байқауға болады.

Ой қорытқанда…
Дүниежүзіндегі туристік алпауыт елдердің қатарында ену үшін Қазақстандағы ресми статистика қатаң жүргізілу керектігі сөзсіз анық. Алайда ашық теңізде тек Каспий теңізінің болуы, инфрақұрылымның дамымауы, жол сапасының төмендігі, климаттық қолайсыздық пен қызметтің тым қымбаттығы шетелдіктердің ғана емес, өз отандастарымыздың қы­­­зы­ғушылығын бәсең­де­тері анық. Бұл саладағы ре­формалық шешімдер мен қордалаған мәселелердің тү­бегейлі шешілуі даму қар­қынын үдетер. Ал оған дейін заң мен тәртіптегі ережелерді ыңғайлап, шағын және орта бизнестің дамуына қолдау білдіруге күш жұмсау керек.

Қарлыға ТЕЛМАН

Жауап қалдыру