Тәтті түбір жинау басталды

0
120

Елбасы тапсырмасына сәйкес соңғы екі жыл ішінде жер жәннаты –Жетісуда қант қызылшасын өсіру тұрақты түрде қолға алынып келеді. Мәселен, өткен жылы облыста жаңа сервистік-дайындау орталығы ашылып, қажетті техникалар алынды. Франциядан қант қызылшасының жоғары сапалы тұқымы жеткізілді. Өндірілген өнімді өндеу мақсатында шикізаттың тапшылығынан бірнеше жыл жұмысын тоқтатқан Көксу қант зауыты жедел түрде күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Қызылша өсіруші шаруашылықтар мен завод арасында екі жақсы шарт жасалынды.
Қант қызылшасын өсіруге бұрын қант қызылшасын өсірумен айналысқан Сарқан, Ақсу, Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласы жұмылдырылды. Сонымен бірге, қант қызылшасын өсіруші шаруақожалықтарының жетекшілерімен арнайы се­минар-кеңес өткізілді. Осындай тиянақты әзірліктен кейін облыс бойынша былтыр 4020 гектар жерге қант қызылшасы егіліп, жыл аяғында 124,7 мың тонна тәтті түбір жиналды.
Биылғы жылы облыс диқан­дары табысы толымды қызылша алқабының көлемін 6,4 мың гектарға жеткізіп, оның әр гектерынан 350 центнерден жоғары сапалы өнім жинауды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде дәні толыса піскен жазғы дәнді дақылдарды қамбаларына құйып алған облыс дихандары енді даланы түрі жасыл кілемдей көмкерген қант қызылшасын жинау науқанын бастап кетті.
Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облысқа сапары кезінде қант қызылшасын өсіруші дихандармен жүздесіп, олардың аймақтың экономикалық дамуы жолындағы еңбектеріне зор ризашылық білдірген еді.
Ал, сәрсенбі күні Көксу қант зауыты Сарқан ауданынан 200 тонна қант қызылшасы қабыл­дады. Зауыт басшылығы мен жұмысшылары тәтті түбірдің алғашқы легін мерекедегідей қарсы алды. Қабылдау пунктінің қақпасы алдына арнайы тар­тылған лентаны кәсіпорын бас­шысы Алтынбек Абатов пен Әділ Алмас қиды. Айтулы шара­ға Алматы облысы әкімінің орын­басары С. Бескемпіров қа­тысты.
Қораптарына қант қызылшасы толтырыла тиелген тіркемелі алып «КамАЗдар» ат шаптырым алаңды еңбек дүбіріне бөледі. Жұмысшылар дән риза.
Көп жылдар бойы жұмыс істемей тоқтап тұрған қант зауыты тұрақты түрде жаңғыртылып келеді. Биылғы жылы зауытты заманауи және өнімділігі мол құрал-жабдықтармен қам­та­масыз ету үшін 1 млрд теңге бөлінген еді. Қазір оның 800 млн. теңгесі игерілді. Зауытқа аса қажетті құрал-жабдықтар негізінен Украина, Беларусь және көршілес Ресей елдерінен жеткізілуде. Соның нәтижесінде тәулігіне 2 мың тонна сапалы қант өндіруге толық мүмкіндік жасалған. Қазір зауыт 150 адамды маусымдық жұмыспен қам­тып отыр.
– Қазіргі кезде аудандағы шаруа қожалықтары қант қызыл­шасын өсіруге аса ынталы. Өйткені, оның пайдасы мол әрі жоғары сұранысқа ие. Тіпті, 1 гектар жерге тәтті түбірді өсіретін шаруа қожалықтары жетіп артылады. Демек, олар «Егін ексең қызылша ек, табысына көңіл тоқ» дегендей, тәтті түбірден келетін пайдаға үміт артады. Бұл салада 5 мыңнан астам адам еңбек етеді, – дейді қызылша керуенін бастап келген Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сәрсенбаев.
Үстіміздегі жылы облыстағы аса қуатты Ақсу қант зауыты күрделі жөндеуден өткізілуде. Ал, алдағы жылдары Үшарал, Қарабұлақ қант зауыттары іске қосылмақ.
Бұл бір кездері өнімді өткізуге мүмкіндік болмай, тәтті түбірді өсіруді ұмыта бастаған дихандар жігерін қайрай түсуде. Қалай айтсақ та, Жетісудың төл дақылы аталған қант қызылшасын қай­та қолға алу аймақтың ауыл шаруашылық экономикасын кө­терумен бірге әлеуметтік са­ланың өркендеуіне зор ықпал етуде. Тіпті, оны өсіруге ниет білдіргендердің саны күн сайын артып келеді.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«Президент және халық»
Алматы облысы

Жауап қалдыру