Оқыс девальвация жасалмайды

0
126

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Парламент Сенатының кеңейтілген отырысында ақпанда нарықтағы интервенция көлемі қандай болғанын және бұндай қадамдарға кенеттен девальвация жасаудың алдын алу мақсатында барғандықтарын хабарлады.
«Ақпанның соңында салық төлемі кезінде Ұлттық банк на­рықта шетел валютасына сұра­ныстың көп болуынан валюта сатып алуға мәжбүр болды. 2016 жылы ақпанда Ұлттық банктің валюта сатып алу фор­масындағы интервенциясы 474 миллион долларға, яғни 2,4 миллиард доллар сауда көле­мінің 20 пайызына тең болды. Яғни, Ұлттық банк валюта сатып ала отырып, алтын-валюта қорын толтырып алды. Болжам бойынша, 2016 жылдың ақпанында Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 2,8 пайызға ұлғайып, 27,7 миллиард долларды құрады», – деді Ақышев.
Ол Ұлттық банктің айырбас бағамының еркін ауытқу саяса­тын ұстана беретінін жеткізді.
«Бір жағынан бұл алтын-валюта активтерін сақтауға, екінші жағынан отандық тауар өнді­рушілер арасындағы бәсеке­лестікті қолдауға көмектеседі. Айыр­бас бағамының еркін ауыт­қу шарт­тары кезінде сырт­қы фак­торлардың, оның ішінде мұнай бағасы мен Ре­сей руб­ліне байланысты бағам күн­де­лікті өзгеріп оты­рады. Со­ны­мен қатар, ішкі фак­тор­лар да бұған әсер етеді. Де­ген­мен, бұл саясат ішкі тұ­рақтылық сақталмаған кезде кенеттен девальвация болудан сақтайды. Яғни біз Ұлттық банктің бағамды бір деңгейде ұстап, жағдай өзгерген кезде кенеттен девальвация жасауға мәжбүр болу тәжірибесінен өтуді доғардық. Ұлттық банк бағамның кенеттен өзгеруінің алдын алу құқығымен валюта нарығына қатыса отырып, еркін айырбас бағамы саясатын ұстануды жалғастыруға ниетті», – деді Ұлттық банктің төрағасы.

Жауап қалдыру