Несие несібемізді жемесін

0
99

Несие. Бұл қазіргі таңда құлағымызға құйылатын үйреншікті сөзге айналған. Қала ішінде жүре қалсаң көз бен көңілді қызықтыратын «пайызсыз несие» деген қаптаған жарнамаларға назар аудармау мүмкін емес. Күнделікті қолданатын қалтафоныңыздан бастап, мініп жүретін көлікті де небәрі 15 минутта рәсімдеуге болады. Осыған үйренген халық мейрам бола қалса болды, несиеге тауар беретін дүкендердің есігін күзетеді. Бәрінің көксегені жеңілдікпен несие алу. Әрине қалта көтеріп, қаражат жетіп жатса онда тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Алайда соңғы уақытта қазақстандықтардың банк алдындағы берешек-борыштары күрт артқан.
Бүгін халық арасында несие алу сәнге айналғандай. Қазір не­сие алып той жасап, үйіне жиһаз тол­тырып, қолына шетел авто­кө­­лігінің кілтін ұстаған ағайындары­­мыз аз емес. Халық­тың банк не­сиесіне атасынан қалған мұра­дай бас салуының себебі не­­де? Расымен жоқшылық па? Әл­­де «Шығасы шықпай, кіресі кірмей­­ді», – деген нар тәуекел­ділік пе? Қалай болғанда да Бі­рінші не­сие бюросының бас дирек­торы Руслан Омаровтың мәліметіне сү­­йенсек, соңғы үш жылда қазақ­стандықтардың несие порт­фе­лінің сомасы 5 трлн теңге­ден асқан көрінеді. Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылы Екінші деңгейлі банктер арқылы берілген несие көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 40%-ға өсіп, 2,1 трлн теңге көлемінде несие берген. Бірінші несие бюросы таратқан мәліметтерді нақтылай түссек, Қазақстанда қазір 5 млн-нан астам адам несие алып, 8,8 млн несие шарты жасалған.
Жоғарыдағы мәліметтерді кейбір билік өкілдері экономиканың даму қарқынымен байланыстырыпты. Олардың пікірінше, несие нары­ғының жанданғаны халықтың әл-ауқатының артқанының белгісі екен. Расымен де экономика заң­ды­­­лықтарына сүйенсек, бұл пікір дұрыс. Бірақ ел пайдасына жа­рай­тын несие болса. Атап айтар бол­сақ, заңды тұлғалардың кәсіп­­терін дөңгелету үшін алған қара­­жат­тары. Ал біз келтірген мәлі­мет­терде 60%-дан астам несие тұтынушылық мақсатта алынған. Бұл дегеніңіз – жаңа телефон, бренд маркілі тоңазытқыш, қым­бат құндыз тон, 300-400 адам шақырылған аста-төк той, керек десеңіз шетелге саяхат мұның бәрі қарызға берілген қуаныш.
Осылардың барлығы қарапайым халықтың мойнына қарыз қамыты болып киілген. Статистика комите­тінің есебіне жүгінсек, Қазақ­станда 8,5 млн халық еңбекке жарамды. Ал оның 60%-ға жуығы несие шырмауында. Эконо­ми­­ка­ның қазіргі тұрақсыз ахуа­лын­да бұл қуантарлық жайт емес. Әлем­дік білім мен ғылымның орда­сы саналатын Гарвард универ­си­тетінің зерттеуі бойынша ха­лықтың тұтынушылық несиеге құ­мартуы экономика үшін үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Себебі, тұ­тынушылық несие борышкер жай­лы толық мәлімет талап етпе­ген­­діктен оған қол созушылар ар­тады. Бұл банктердің қайтарым­сыз несие қаржысын арттырады. Нәтижесінде банк құлдырап, бүкіл ел экономикасына үлкен зардап ти­гізеді. Біз бұған 2008 жылы қар­жылық дағдарысында көз жет­кіздік. Еліміздегі борышкер 5 млн адамның бүгін 1,5 миллионы несиесін қайтара алмай жүргенін ескерсек, ойланатын жағдай.
Мұнан бөлек маңдай терімен тапқан-таянғанының басым бөлігін банкке беріп отырған отбасында қандай береке болсын? Айма-ай қой кезегіндей келіп тұратын кредитке аузындағын жырып беріп, бастапқы қуаныштары соңыра жан­жалға ұласып, шаңырағы орта­сына түскен отбасылар да аз емес. Себебі, бүгін елімізде берілетін несиелердің үстеме пайызы тым жоғары. Банктер беріп жат­қан несие 25-30%-ға дейін жетеді. Бұ­ған қоса несие шарт­тарында «тұ­ты­нушыдан ай сайын қарыз (ссудалық) есеп­шотына банк қызмет көрсеткені үшін комиссия алынады» деген жолдар да бар. Міне, осылардың барлығы қа­рыз алушының қалтасына ауыр кел­гендіктен, несиесін уақы­тылы өтей алмағандар саны артуда. Бү­­гінгі таңда өтелмеген несие­лер­дің жалпы сомасы жөнінде нақ­ты дерек жоқ. Алайда 2017 жы­лы банктердегі өтелмеген несие зар­да­бын жою үшін 2 трлн теңге қар­жы бөлінгені есімізде.
Қазақстанның қаржы нарығына бүгінде көпшіліктің көңілі тол­майды. Мысалыға, өткен аптада Парламент сенатының депутаты Сергей Ершов ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа онлайн несие нарығын бақылауға алуды сұраған болатын. Нөсерден кейінгі саңырауқұлақша қаптаған «Жыл­дам ақша» атты несие шырмауына ілінген жұрт көп. Табысы төмен, жалақыдан-жалақыға әзер жетіп жүрген қарапайым халық «Жылдам ақшадан» қарыз алғанда жерден жеті қоян тапқандай қуанары хақ. Себебі, бұл микронесие ұйымдары ешбір қосымша құжатты талап етпестен, тек төлқұжат бойынша қарыз береді. Тұрақты жұмысы жоқ немесе өз несібесін әр жерден теріп жүргендер үшін бұл таптырмас қазына қорына айналған. Балға үйірілген арадай қаптаған жұртқа микронесие ұйымдары 30-300 мың теңге аралығында ғана қар­жы береді. Бұл ұйымдардағы үс­те­ме пайыз күніне 1-3%-ға дейін жетеді. Ал мерзімінен кешік­тір­сеңіз, төлейтін қарызыңыз да есе­леп артады. Мысалыға, бұл ұйым­дар­дан алған 30 мың теңгеңіз не­бәрі екі айда 150 мың теңгеге бір-ақ шығады.
Қаржылық сауаты төмен қара­пайым халықтың қанын теспей сорып отырған мұндай ұйымдарға бүгін ешбір тосқауыл жоқ. Жылдық үстемақы пайызы 1000-1500%-ға жетіп жығылатын микорнесие ұйымдарынан ха­лық жиренер емес. 2017 жылы осындай ұйымдарға жүгінген халықтың қарасы 56%-ға артқан. Соңғы мәліметтер бойынша мик­ронесие ұйымдарына борыш­керлердің берешек қа­рызы 150 млн теңгеден асқан. Экономикалық ешбір пайда әкелмейтін, керісінше халықты қарыз құрсауында қал­дыратын мұндай несие ұйым­дарын үкімет бақылауға алуы тиіс. Қа­зірдің өзінде бұл ұйымдарға қарызын өтемей жүрген борыш­керлер 5%-ды құрады. Еңбекке жарамды халықтың басым бөлігінің мойнына қарыз қамыты киілгені – экономикалық қатер.
Барлық кінәні мемлекеттің мо­йнына артып, масылдық таныт­пай несие аларда барлық жағ­дай­­ды ой елегінен өткізген абзал. «Же­тіскеннен ешкім несие ал­майды» деген сөз айтуы­ңыз мүмкін. Алайда сол несиеге жүгінгенде алдымен мойныңызға ілінетін үстеме пайыздар несібеңізді жейтінін де естен шығармаңыз. Тұрмыстың түрлі тауқыметіне ұшыраған жандардың қиын жағдайын пайдаланып, жо­ғары пайызбен несие беретін мик­ро­кредиттік ұйымдар да ба­қылауға алынса игі іс болар еді.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру