Криптовалюта: үміт пен күдік

0
342

Әлемдік экономикада жаңа сандық техноло­гиялардың күн сайын маңызы артып келеді. Бүгінде электронды төлем жасау қалыпты процеске айналып, банктердің мобильді қосымшасы да қызмет етуде. Ал электронды кәртішкелер санамызға мықтап орныққан «әмиян» ұғымын да ауыстыруда. Соңғы уақытта БАҚ пен ғаламторда криптовалюта, блокчейн, биткоин сөздері де жиі кездеседі. Байлыққа кенелудің төте жолы деп жарнамаланатын криптовалюта дегеніміз не? Оның біз пайдаланатын қаржыдан өзгешелігі неде? Криптовалютаның алаяқтық жүйемен байланысы бар ма? Осыларды тарқатып көрсек.
­

БИТКОИН КРИПТОВАЛЮТАСЫ

Криптовалюта – бұл сан­дық (виртуалды) ақша. Крип­товалютаның негізін жапон­дық Сатошо Накомото атты математик қалаған болатын. Бір қызығы, Сатошо Накомото бүркеншік есім, оның кім екені бүгінге дейін белгісіз. Осылайша, ең алғаш­қы крип­товалютаны Сатошо Нако­мото 2009 жылы жасап, оған биткоин атауын берді. Бастапқыда биткоинға деген үміттен күдік басым болатын. Мысалыға, 2009 жылы бір биткоинның құны 0,4 центті ғана құрауы осыған дәлел болса керек. Ал қазір қаржы нарығында бір биткоин бағасы 8000 АҚШ долларынан асып жығылады. Биткоин криптовалютасын осыншама құндылыққа жеткізген ерек­ше­лігі неде? Енді осыған тоқ­тал­сақ.
Сатошо Накомотоның бит­коин криптовалютасын жасау­дағы негізгі мақсаты қар­жы айналымдарындағы бөгет­терді алып тастау болатын. Мыса­лыға, сіз кез келген қаржы ау­дарым­дарын жасасаңыз банк ар­қылы немесе кредиттік компа­ния арқылы жүзеге асады. Мейлі телефонға бірлік, комму­налды төлемдер т.б көптеген операциялар делдал арқылы жүзеге асады. Бұл арадағы дел­дал­дар өз қызметтері үшін қаржылық үлеспен қоса сізден қосымша құжаттар талап етеді. Мұның барлығы сіз жай­лы ақ­парат­тардың бір мекемеде то­лық сақталуына әкеледі. Ал бү­гінгі кибершабуылдар жиілеген заманда қаржыңызбен қоса сіз жайлы құпия ақпарат­тар­дың теріс пиғылды адамдар қолына түсуі ғажап емес. Ал енді криптовалютада барлығы басқаша. Биткоин ешбір орта­лыққа бағынбайды. Демек, оған өз үстемдігін жүргізетін еш­бір мемлекет, банк немесе делдал дегендер болмайды. Осы артықшылығының арқасында сіз биткоин криптовалютасын кез келген әлемнің нүктесіне бір сәтте жібере аласыз. Шотыңызға тексеріс немесе транзакция жасау барысында сізден қосымша комиссия қаражат алу дегендер мүлде болмайды. Кәдімгі қара­жаттар айналымда банктен-банкке өтсе, криптовалютада адам­мен-адам, компаниямен-ком­­пания арасында жүзеге асады. Яғни, ешбір банк немесе дел­дал қажет емес. Бұл уақыт пен оралымдылық жоғары баға­ланатын XXI ғасырда тап­тыр­мас құрал. Мысалыға, 1 млн дол­лардан астам қаржыны бір ком­паниядан келесі компа­ния­ға аударуға екі-үш күн кет­се, биткоин көмегімен небәрі бірне­ше минутта жүзеге асады.

КРИПТОВАЛЮТА ӨНДІРІСІ

Кез келген игілік – машақатты өндірістің нәтижесі. Мысалыға, алтынның құны оны іздеу мен өндіруге кеткен еңбек шы­ғын­ының көрінісі. Ұлттық валю­талар мемлекеттің эконо­мика­лық өндірісіне тікелей бай­ланысты. Ал криптовалюта құны қалай өлшенеді? Оны кімдер өндіреді? Міне, осы сұрақтар барша тұтынушыларды әу бастан қызықтырды. Крип­товалюта өндірісін май­нинг деп атайды. Майнинг ағылшын сөзінен (mining) тікелей ау­дар­ғанда пайдалы қазбаларды өндіру дегенді білдіреді. Биткоин өндірісі математикалық жүйемен тығыз байланысты. Қазіргі таңда әлемдегі барша биткоин саны 21 млн-ды құрайды. Сарапшылар пікірінше бүгінгі қолданыстағы биткоин саны 11 млн-ға жетеді. Ал қалған биткоиндар жоғарыда айтылған математикалық жүйеге жасырылған. Оған қол жеткізу үшін математикалық жүйенің күрделі алгоритмдік есептерін шешу қажет. Осы алгоритмдік есептерді шешу процесі майнинг деп аталады.
Бастапқыда майнинг әдісімен биткоин өндіру әлемнің түкпір-түкпірінде жүріп жатты. Бұл үшін қарапайым қолданыстағы компьютер мен бос уақыт табылса болғаны еді. Алайда уақыт өтісімен математикалық жүйенің шешілуі тиіс алг­оритмдік есептері де қиындап, көптеген қолданушылар бұл процестен тыс қалды. Себебі, ендігі шешілуі тиіс есептерге жұмыс қабілеті жоғары бір емес бірнеше компьютер қажет. Осылайша, көптеген жеке-дара тұтынушылар мол қаражатты талап ететін криптовалюта өндірісін тоқтатты. Енді май­нинг әдісімен криптовалюта өндірумен әлемдік ірі ком­паниялар айналыса бастады. Мыса­лыға, компьютер құрыл­ғыларын шығаратын таны­мал Nvidia және AMD компаниялары май­нинг әдісі үшін арнайы құ­рылғылар шығаратынын мәлім­­деген болатын.
Қалай болғанда да қазіргі таңда крип­товалюта өндірісінде жо­ғары бәсе­келестік туындаған. Оған Ресей, Жапония секілді елдер­дің ұлттық банктерінің крип­това­люта өндірісімен айна­лыс­пақ ниеттерін қосыңыз.

КРИПТОВАЛЮТА ҚАУІПСІЗ БЕ?
Бүкіл қаржылық жүйенің басты шарты – қауіпсіздік. Аузын айға білеген әлемдік банктер жылына 100 млн-даған қаржыны осы қауіпсіздік үшін жұмсайды. Ешбір орталыққа бағынбайтын криптовалюта қауіпсіздігіне кім жауапты? Криптовалютада қауіпсіздік мәселесін блокчейн технологиясы шешеді. Блокчейн – ақпараттарды сандық сақтау жүйесі. Блокчейн жүйесіне енген ақпараттарды өңдеуге және жоюға болмайды. Мысалыға, блокчейн жүйесіне сіздің өмір­баяндық ақпараттарды енгізер болсақ, ондағы жол ережесін бұзу, салықтан жалтару деген секілді ақпараттарды жоюға немесе өңдеуге келмейді. Блок­чейн жүйесі де тәуелсіз. Ол ешбір ақпарат сақтау орталық серверіне бекітілмеген. Осы­лайша блокчейн әлемдік жүйеде тәуелсіз өмір сүреді.
Мінеки осындай қор­ғаны­сы тас қамал жүйеде крип­товалютаңыз сақталмақ. Блок­чейн жүйесінде тек қана сіз қол­да­натын «электронды әмиян­­ға» ие боласыз. Бұл әмиян­ға сырттан кибершабуыл не­месе алаяқтық әрекеттер жасау мүмкін емес. Оқырманға түсі­нікті болуы үшін айтар бол­сақ, блокчейндегі ақпарат­тар бүкіл әлемдік же­ліде сақталған. Сон­­дықтан сізге тиеслі ақпарат­тар мен крип­товалютаны ешбір ұйым немесе тұлға өзіне сай өзгерте алмайды.
Қазіргі таңда блокчейн жүйе­сін мемлекеттік ұйым­дар­мен компаниялар өз қызметтерінде қолдануға көше бастады. Мы­салыға, Жапонияда жақын ке­лешекте мемлекеттік қыз­меттің басым бөлігіне блокчейн тех­но­логиясын енгізу қолға алын­бақ. Бұл дегеніміз мемле­кеттік сатып алу мен сату науқа­ны кезіндегі бармақ басты көз қысты секілді жемқор­лық әрекеттерге жол бермейді. Мұнан бөлек АҚШ-та денсаулық жүйесінде де блокчейн технологиясын игеру талабы қайылған. Бұл ем­ха­наларда науқастың сырқаты мен тарихын аз уақытта алуға кө­мегін тигізбек.

КРИПТОВАЛЮТА ЖӘНЕ АЛАЯҚТЫҚ ҰЙЫМДАР
Бағасы күн сайын артқан кез келген тауар мен игіліктен өз пайдасын көруге тырысатын алаяқтық ұйымдардың болары заңды. Бұл үрдісті соңғы кездері криптовалюта саудасынан да кездестіруге болады. Мұндай ұйымдар біздің елде де кең қанат жайып келеді. Аз уақытта қаражатыңыздың екі-үш еселеп артатынына уәде беріп, бар қар­жыңыздан мақрұм етеді. Осындай оңай пайда табуды ой­лаған азаматтар мініп жүрген кө­лігін, басындағы баспанасын са­­тып, соңында жер сипап қа­луда.
Айласы мен қулығына құрық байлатпайтын бұл ұйымдардан сақтанудың жолы қандай? Енді осыларға тоқталсақ. Ең алдымен қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз. Қазіргі ғалам­тор дамығын заманда ақпарат алу еш қиындық туғызбайды. Сондықтан да сізге криптовалюта сатпақ болған компания жайлы толық мәлімет алуға тырысыңыз. Мысалыға, көптеген алаяқтық ұйымдар заңды тұлға ретінде шет мемлекеттерде тіркелген. Бұл дегеніміз олардың біз­дің мемлекеттік заңдарға бағын­байтындығын білдіреді. Атап айтсақ Bitcoin Savings & Trust және MyBitcoin атты шетел­дік компаниялар әлемнің түк­пір-түкпірінен алаяқтық әрекет­тері­мен 2 млрд доллардан астам қаржы жымқырған. Бұл ұйым­­дардың қызметі 2013 жылы тоқтатылғанмен заңдық жауап­кершілікке тартылған жоқ. Нәти­жесінде миллиондаған адам сан соғып бар қаржысынан айры­лып қалды. Соңғы ресми деректерге сүйенсек біздің елде крип­товалюта саудасымен айна­лы­сатын заңды тіркелген ком­пания жоқ. Сондықтан сізге крип­товалюта сату немесе өн­діру бойынша ұсыныс жасаған ұйым­дарға күдікпен қарағаны­ңыз абзал.
Әлемге танымал Wall Street Journal шолушысы Майкл Кейси «Криптовалюта дәуірі» атты кітабында «ХХІ ғасырда криптовалюта дәуірі орнап келеді. Бүгінгі заман адамы жеке бас бостандығы мен тәуелсіздікке ұмтылуда. Сондықтан да болса керек криптовалюта көп қызы­ғушылық тудыруда. Алайда ол қолданыстағы қаржы жүйесі секілді сенімге ие бола ала ма?» – деген маңызды сұрақ қояды. Сенім мен қауіпсіздік және мемлекеттік бақылау кез келген қаржылық жүйенің ажырамас бөлігі. Криптовалюта қауіпсіз болғанымен бүкіл әлемдік сенімге ие болған жоқ. Онан қал­ды бірде-бір мемлекет крипто­валютаны заңдық тұрғы­дан да тән алмады. Мұның бәрі жи­нала келе криптовалютаға деген үміт­тен күдікті басым етіп келеді.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру