Кедендік көлік өткелі іске қосылды

0
79

Соңғы жылдары көршілес Қытай Халық Респуб­ликасы мен Қазақстан арасындағы өзара ынты­мақтастық, әріптестік байланыстар нығая түсуде. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы уағдаластыққа байланысты ең алдымен «Қорғас шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» ашылып, сауда-саттық жұмыстары ерекше қарқын алды. Қос мемлекет үшін тиімді байланыстарды одан әрі жалғастыру ісі сәтті жүргізілуде.
Соның бір айғағы ретінде өткен бейсенбі күні жаңадан салынған төрт жолақты ав­тобанның Қытайға өтетін аймағында «Нұр жолы» ше­каралық көлік өткелінің іске қосылуына арналған салтанатты шара өткізілді.
Шараға Қазақстан Респуб­ликасы қаржы вице-министрі Қанат Байеділов, Әзер­бай­жан, Гүржістан, Өз­бек­стан ел­дері кедендік қызметінің басшылары, Еуразия елдері қауымдастығы мен бір­қатар халықаралық кедендік ынтымақтастық ұйым­дары­ның өкілдері қа­тысты.
Ең алдымен қонақтар «Қор­ғас шекара маңы халықара­лық ынтымақтастық орталы­ғының» жұмысымен танысты. Мұндағы күн сайын жасалып отырған шекарадағы сау­да айналымы толық цифр­лық жүйеге көшіріліп, екі ел арасындағы қарым-қатынас­тың барынша сапалы әрі тиімді болуына мүмкіндіктер беруде. Осыған орай Қазақ­стан жағындағы сауда орындарына арнайы 39 терминал қойылған және мұнда кіріп-шығатын адамдарды 8 ба­қылау өткелі арқылы RFID-карталар тарататын қондыр­ғылар орнатылған. Бұл орталық сауда-саттық негізінде алынған барлық тауар түрлерін цифрлық жүйемен есепке алуға және оны тұрақты бақылауға септігін тигізіп отыр. Оған қоса, қонақтарға жүк тасымалдау бағытындағы жұмыстар жөнінде мағлұматтар берілді. Атап айтқанда, орта­лық­тағы тауар мен жеке тұл­ғаларды тасымалдауға «КТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 15 шағын жүк көлігі мен әрқайсысы 30 орындық 26 жолаушы та­сы­малдайтын автобус қыз­мет етуде. Сонымен бірге, қонақтарға орталықтың қа­зақ­стандық бөлігіндегі жаңа құрылыс алаңдары, сауда орындарының қызметінің барысы таныстырылды.
Одан кейін қонақтар «Қор­ғас шекара маңы халық­ара­лық ынтымақтастық ор­та­лығы» мен Алтынкөл те­мір жол бекеті арасында са­лын­ған «Нұр жолы» жаңа шекаралық транспорттық өткелін іске қосуға арналған халықаралық салтанатты жиынға қатысты. Мерекелік сахна төріне Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов пен Қытай Халық Респуб­ликасы СУАР Үкіметінің Төрағасы Закир Шехрат кө­терілді.
Ең алдымен көршілес екі елдің Мемлекеттік Гимндері орындалды. Одан кейін сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жи­нал­ған қауымды жаңа авто­көлік өткізу бекетінің ашылу қуанышымен құттық­тады.
– Бүгін біз тарихи сәттің, яғни мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік аясында са­лын­ған «Нұр жолы» жүк және жолаушыларды өткі­зу пунктінің ашылуына куә болып отырмыз. Қазақ­стан және ҚХР мемлекет­тері бас­шыларының баста­ма­сымен жүзеге асқан «Батыс Еуропа – Батыс Қы­т­ай» жобасының дүние­жү­зілік сауданың дамуына және мемлекетаралық интеграцияның өркен жаюына тигізген ықпалы орасан зор екені баршаға аян. Бүгінгі күні салтанатты жағдайда ашылып отырған ірі жобаның жүзеге асуы Алматы облы­сының тұрғындарына да көптеген игіліктер беруде. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық айма­ғы іске қосылғаннан бері Алтынкөл теміржол бекеті арқылы өтетін жолаушылар саны мен жүк айналымы облыста 1, 5 есе, транспорттық қызмет 4 есе артты, – деген өңір басшысы бұл көрсеткіштердің аймақтың қаржы қорына қомақты табыс әкелгенін цифрлармен сараптап өтті.
Шекара маңында өткен шарада СУАР Үкіметінің бас­шы­сы Закир Шехрат, ҚР қар­жы вице-министрі Қа­нат Байәділов, ҚР қаржы ми­нистр­лігі мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ар­дақ Теңгебаев, кедендік байланыс бойынша Еура­зия қа­уымдастығы комис­сия­сының мүшесі Мұқай Қа­дырқұлов сөз сөй­леп, қа­ты­сушы қауымды құт­тық­тады.
Иә, халықаралық маңызды көліктік өткелдің салынуы Елбасы бастамасымен қолға алынған мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ауқымды жобасының нәтижелі аяқталуын айқын­дайтын тарихи оқиға. Атал­ған бағдарлама Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» жобасымен сабақтасып, Ұлы Жібек жолын қазіргі заманға сай қайта құруға бағытталған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жоба жөнінде 2017 жылғы 26 желтоқсанда «Евротранзит-Терминал» ЖШС мен ҚР Үкіметі арасында келісімшарт жасалған болатын. Осынау ауқымды құрылысқа 69, 7 миллиард теңге жұмсау көзделген еді.
«Нұр жолы» транспорт өткелінің көлемі 25, 59 гектар және оның жанындағы транспорттық-логистикалық орталық аумағы 23, 58 гектарды алып жатыр. Бұл дүние­жүзіндегі ең ірі нысан­дардың бірі десек, Орта Азия мемлекеттері арасындағы тең­десі жоқ үлкен кедендік өт­кел болып отыр. Жаңа кеден­дегі өткізу пунктінде 8 бақылау-өткізу жолағы арқы­лы күн сайын жалпы 2500 автокөлікті өткізу мүмкіндігі бар. Олардың 2200-і жүк көлігі, 300-і жолаушылар мінген автобус және жеңіл автомашиналар болмақ. Аса жоғары сапалы технологиялармен жабдықталған кедендік өткізу пунктінде ауыр салмақты жүк автокөліктерді өткізу мерзімі небәрі 40 минутта жасалады. Сонымен бірге тексеру кешені, жолаушылар терминалы және өткізу пункттері үздіксіз жұмыс істейтін болады.
Шара соңында жиналған қауым Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнер­паз­дарының концерттік бағ­дарламасын тамашалады.

Ғ.Бишалов,
Талдықорған – Қорғас – Талдықорған

Жауап қалдыру