Кәсіпкерлік өрісі кеңейеді

0
131

Жуырда Алматы облысысың орталығы Талдықорған қаласында Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Алқалы басқосуда үстіміздегі жылы әйелдер арасындағы кәсіпкерлік саласында тек сауда-саттық жасау, қызмет көрсету ғана емес, сонымен бірге ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға үлес қосу бағыттары бойынша жұмыстар атқарылатындығы кеңінен сөз болды.
Жиынға арнайы қатысқан «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Лаззат Рамазанова алдағы уақытта ауылдағы әйелдер өнім шығаруды басты мақсат ретінде алға қойып, өндірілген өнімдерді жеткізу мәселесін шешуге болатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы нәзік жандыларды қолдауға бағытталған жаңа бастамалар жөнінде терең мағлұмат берді.
Сонымен қатар үстіміздегі жылы ауылдық жерлердегі әйелдердің қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс күшейтілетін болады. Осыған орай, Алакөл, Ақсу аудандарында іскер әйелдер форумы өткізілді. Өткен жылы жұмыс істеп жүрген және жұмыссыз отыр­ған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел-кәсіпкерлер үшін 40-тан астам оқыту семинары ұйым­дас­тырылды. Облыстың алты қала­сында «Бәрі де рахмет үшін» атты әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар үшін арнайы дүкендер ашылған.
Қазіргі кезде әлеуметтік салада қозғаушы күшке айналып отырған іскер әйелдер кеңесінің тікелей бастамасымен «Текелі Асар» және «Талғар Асар» атты қайырымдылық жобалары басталды. Жоба аясында қалалардың сауда нүктелерінде арнайы сөрелер ашылған. Онда кез келген адам мұқтаж азамат үшін азық-түлік пен шаруашылық заттарын сатып алып, қалдыра алады. Осындай ауқымды істер облыстың өзге қалалары мен аудандарында іске қосылады деп жоспарлануда. Оған қоса, «Балалық шаққа инвестиция» тарту жөнінде де арнайы шаралар белгіленуде.
Алматы облысының іскер әйел­дері іс жүзіне асырылған осындай жұмыстармен шектеліп қана қой­май, алдағы уақытта «Қорғас» ХШЫО әйел-кәсіпкерлер үшін сау­да аймағын ашу, ұлттық қолөнер ісін дамыту және Жетісудың табиғи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, туризмді өркендетуге және сәнбі талы сән берген Талдықорған қала­сын көркейтуге де бел шеше кіріспек.
Осындай бастаманы қолға алып отырған Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің мүшелері жуырда облыс орталығында тұңғыш рет іскер әйелдердің саябағы ашылуына ұйтқы болды. Оған бүгінгі күні қалалық әкімдік тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде.
– Бізге арнайы бөлінген 20 сотық алаңға өңірдегі бизнес-ханымдар әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Жақын арада осында ландшафт дизайнерлерін ша­қырып, саябақтың қазіргі заман талабына сай көркін жақсарту бойынша шараларды бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл шара «Атамекен» ҚР ҰКП-ның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көте­руге мақсатталған «Атамеке­нім» акциясы шеңберінде ұйым­дастырылды, – дейді Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова.
Бір айта кетерлігі Жетісуда кәсіпкерлікті дамытуға кең жол ашылған. «Кәсіпкерлікпен айналысам. Халыққа қажетті өнім өндіремін. Мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосамын» деген азаматтарға бизнесті дамыту бағыттары бойынша арнайы сабақтар өткізіліп, кең көлемді кеңестер берілуде.
Алдағы уақытта кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ғима­ратында «Бизнес мектеп» компоненті бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен семинарлар жүргізілмек.

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«P&H»
Талдықорған қаласы

Жауап қалдыру