Күйзеліс қаумалап тұрған жоқ

0
29

Күні кеше ғана теңгенің ер­кін айналымға жіберілуі әрі ұлттық валютамыздың деваль­вациялануы қоғамда әртүрлі пі­кір­лер туғызғаны мәлім. Жер­гілікті жерде тұрғындар эконо­микалық осы құбылысты қалай қабылдауда? Мәселеге қатысты жұртшылық пікірін білу үшін мұнай­лы өлке Маңғыстаудың ірі мұнай компанияларының бі­рі «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның персоналды басқару жә­не дамыту департаметінің ди­рек­торы, «Болашақ» бағдар­ла­масының түлегі – Марат Себа­совқа қоңырау шалып, қо­ғамымыз­да орын алып жат­қан өзгерістер, теңгенің құн­сыз­дануы жайлы пікірлерін сұраған едік.
–Ел ішінде жаңа эконо­ми­ка­лық саясат туралы сөз де, пікір де желдей есіп жүр. Соңғы өз­ге­ріс – девальвацияға келсек, өз басым Ұлттық банктің тең­ге­ні еркін айналымға жіберу ту­ралы ұйғарымын толықтай қол­даймын. Өйткені нарықтық қа­тынастар тек тауарлардың ға­на емес ұлттық валютаның да еркін сауда бағасы болуын та­лап етеді. Теңгенің бағамын жа­санды түрде қолдан ұстап тұру қымбатқа түседі. Елбасы айт­қандай соңғы екі жылда ғана тең­ге бағамын төмен деңгейде ұс­тап тұру үшін 28 миллиард дол­лар қаражат жұмсалған. Ұлттық қорымыз түпсіз емес қой. Еркін айналымға шығу ар­қылы теңге нақты өз бағасына ие болады. Сондықтан биліктің бұ­ған қатысты шешімін то­лық­тай қолдаймын. Бәлкім осы­дан кейін экономиканы нақ­ты әртараптандыру жүзе­ге асар. Теңгенің кешегі баға­мы мен бүгінгі бағамы айыр­машылғынан туындап отырған айтарлықтай қиыншылықтарды көріп отырған жоқпын. Бар­лы­ғы да бұрынғы қалыпты жағ­дайында. Жалпы осы құ­бы­лыстан экономикамыздың қан­шалықты ұтып-ұтылғандығын нақты сандармен келтіре ал­маймын, алайда өз облысымызда жағдайдың тұрақты екендігін толықтай айта аламын.
– Өз облысымызда деп қал­ды­­­ңыз, енді осыған қарай ойыс­сақ. Жалпы Маңғыс­тау ма­ңында тең­генің құнсыз­дануы қалай бол­ды өзі? Мұнай бағасының төмен­деуі эконо­ми­калық соққы болды деп жа­тыр ғой, бұл жағдайдың сіз­дерге келтірген салмағы мен самалы қаншалықты бай­қал­ды?
– Мұнай бағасының тө­мен­­де­ген жағ­дайында да кә­сі­пор­нымыз өнді­ріс тұрақ­ты­лы­ғын сақтап қал­ды. Ком­паниямыз азды-көпті шығындарын ғана шектеп, кей салаларда ғана үнемділікке бет бұрды.
– Шығындарды азайту қай-қай салаларды қамтыды, бұл үр­дістен қарапайым қыз­меткер қиын жағдайға ұшы­рап қалған жоқ па?
Жо-жоқ, кәсіпорын қыз­мет­кер­лері толықтай өз жұ­мыс орындарын сақтап қал­ды тіпті еңбекақылары да қыс­қар­мады, сыйақы мөлшері де жос­пар бойынша берілмек. Тек компанияның іссапарлық жә­не оқу-оқыту саласына бағыт­талған қаржы саясаты ғана үнемдеуге ұшырады.
– Қарапайым халық ара­сын­да­ғы жағдайдан қан­ша­лықты хабар­дарсыз, халық­қа қа­жет­ті тұ­тыну зат­та­рының құны қым­баттаған жоқ па?
–Жалпы күні бойы жұмыстан қолым босай бермейтіндіктен, ба­зар аралап, баға саясатын бақы­лап қайтқанға мүмкіндік бо­ла бермейді, дегенмен де ондай жағ­дайдың тіркелгендігін әлі естіме­дім. Қызметтестерімнің ай­туын­ша азық-түлік бағасы бұ­рын­ғы деңгейде екендігін бі­ле­мін. Алайда электротехника са­татын дүкендер тауарлардың баға­сын көтеріп жатыр дегенді жаңа­лықтардан көріп қалғаным бар, оның өзі пайда табу мақ­са­тындағы іс-әрекет болуы бек мүм­кін. Ертеңгі күнді уақыт көр­сетер, ал қазір бағаны шарық­татудың негізі жоқ деп есеп­теймін.
– Сіздің ойыңызша бүгінде жалпы жұртшылықтың қа­лып­тас­қан экономикалық ахуал­ға қарамастан тұрақты күн кешуде ғой? Яғни алаң­дау­шылыққа не­гіз жоқ болғаны ма?
–Ия, тап солай. Бұл уақытша құбылыс, нарық талабы. Түптің-түбінде бұл мәселе де өз шеші­мін тауып, еліміз экономикалық даму­дың тың жолына қайта түсе­ді деп сенемін. Мен өзім Лон­донда білім алып жүрген кезім­де елдегі тұрақтылықтың қан­дай маңызды екендігін сезін­дім. Бей-берекет өмір сү­ріп жатқан мемлекеттерді де көр­дім, соған қарап еліміздегі жағ­дайды бағалай алатын дең­гейдемін. Сондықтан Қазақ­стан экономикалық дағ­да­рыс­­ты еңсеріп, дамудың сенім­ді жолына шығады деп үміт­те­не­мін.
–Алтындай уақытыңызды бө­ліп, бізге сұхбат бергеніңізге ал­ғы­сымды білдіремін, сау болы­ңыз!
– Еліміз биіктерден көріне бер­сін!

Мэлс СЕЙДАХМЕТОВ.
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру