Экономикадағы Дюма

0
177

Оразалы Сәбден… Бұл есім аталғанда аласа бойлы, денесі қолтоқпақтай шымыр, шапшаң қимылды, көмірдей қайратты қара шашты, елуге енді жаңа келген адам көз алдыңызда тұра қалады. Жетпіс жасты оған қазір бере қою қиын шаруа. Ерте бастан спорттың көптеген түрлерімен айналысқаны көрініп те, сезіліп те тұрады.
Жас ғалым ретінде Оразалы Сәбден 1980 жылы ғылым және техника жөнінде Ленин комсомолы сыйлығын алды. 2003 жылы оның «Қазақстанда нарық экономикасының дамуының концептуалды негіздері» атты 11 монографиялық еңбектеріне экономист-ғалымдардың ішінде бірінші рет ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1990-2001 жылдары, яғни 12 жыл бойы Қазақстан Республикасы Парламентіне төрт мәрте депутаттыққа сайланып, экономикалық реформалау, ғылым мен халыққа білім беру мәселелері бойынша комитеттердің төрағасы, 2001-2004 жылдары Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Президенті, 2006-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің Ғылым Комитеті Экономика институтының директоры болды.
2006 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Ғалымдар Одағы» Республикалық қоғам­дық бірлестіктің негізгі ұйым­дастырушысы және президенті.
1992-2015 жылдары Қазақ­стан Республикасының Инженерлік академиясының ака­демигі, Халықаралық Инже­нерлік академиясының академигі, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі, Евразия Халық­аралық экономикалық ассо­циа­циясының академигі, Қа­зақстанның Ұлттық таби­ғи ғылымдар академия­сы­ның академигі, Халық­аралық Иннова­циялық акаде­миясы­ның академигі, Халық­аралық Жаһандық зерттеу академиясының академигі болып сайланды.
Алғашқылардың бірі болып, 2009 жылы, яғни  63 жасқа толмай тұрып, 37 авторлық монография және  425 ғылыми басылымдар негізінде он томдық таңдамалы шығармаларын жариялады. Жетпіс жасқа тола бергенде 25 томдық «Экономика: таңдамалы еңбектер» атты топтамасын шығарып үлгерді.
Ол экономика әлемінің қай түкпірін шарламады, қай тақырыбын қозғамады десеңші! Қазіргі кезде жалпы көлемі 680 ғылыми еңбегі бар, соның ішінде 81 монографиясы мен кітаптары жарық көрді.
Оның еңбектерінің негізгі өзегі мына тақырыптарды қамтиды: ұлттық экономиканы басқару; бәсекелестік экономика; инновациялық және интеллектуалды экономика; өнеркәсіптің тиімділігін арттыру; нарық экономикасының теориясы мен әдістемесі; логистика; шағын және орта бизнесті дамыту; ғылым, білім және инфрақұрылымдық мәселелер; XXI ғасыр және одан кейінгі ғасырдағы адамзаттың өмір сүру жолы; жер шарындағы өмірді жүйеге салу; қоғамның рухани даму және жаһандану мәселесі; мемлекетті «төрттік спираль» негізінде (мемлекет – ғылым – бизнес – қоғам) бас­қарудың жаңа парадигмасы; Қазақстанда парламентаризмді дамыту және оны жаңа заңдармен қамтамасыз ету және тағы басқалар.
Қазіргі кезде кешегі Алаш арыстарының ізімен жүріп келе жатқан ірі заңгер­лердің, тарихшылардың, экономис­тердің атап айтар бір ерек­шелігі – өз саласындағы ғалымдығымен қоса олардың әдебиетші де болуы, әдебиетке жақын жүруі. Мысалы, академик Салық Зиманов аға­мыздың өзі ғалым, өзі ойшыл, түйдек-түйдек ой тастап, сол ойын бейнелі сөз, мәнерлі ырғақпен жеткізе білетін айтулы шешен болғаны белгілі. Ол заң саласындағы іргелі еңбектерімен қоса билік өнеріне қатысты қазақтың мақал-мәтелдерін, әңгімелері мен оқиғаларын жүйелеп жарыққа шығарды. Қазақтың билері түрлі пікірталастарда ұшқыр ой, салиқалы сөз айтып, ұтымды байлам жасай білген. Шешендік өнерді игерген қазақтың би-қазыларын «от ауызды, орақ тілді ділмарлар» деп жоғары бағалаған. Билер, шешендер мен жыраулардың терең ойлары, нақылдары, қанатты және өсиет сөздері туралы Салық Зимановтың зерттеулерінің нәтижелері «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» және 10-томдық «Қазақтың ата заңдары» атты еңбектерінде кеңінен насихатталды.
Заңгер-ғалым академик Сұл­тан Сартайұлы өзінің 600-ден аса ғылыми еңбектерін, оның ішінде 30-дан аса оқулық пен оқу құралдарын, 30 монографиясын жариялады. Ал 2002-2005 жылдар арасында жарық көрген 10 томдық өлеңдер жинағында оның талантының жаңа қырлары ашылды. Ол: «Арнау», «Көңілім», «Елім менің», «Парламентте және парламент төңірегінде туған ойлар», «Мысли, рожденные в Парламенте», «Не дано душе стареть», «Улыбнитесь друг другу», «Чудо природы – человек», «Домбры дивние напевы», «Назидание» атты көркем туындыларында көрініс тапты.
Атақты тарихшы-ғалым, ака­демик Манаш Қозы­баев ағамыз өзінің «Тұлғалар тұғыры» атты еңбегінде «Азамат», «Тұлға», «Қайраткер», «Интеллигенция», «Зиялы», «Ұлт элитасы» деген ұғымдардың мәнін, маңызын көркем тілмен, ойшылдықпен, шығармашылық тереңдікпен, шеберлікпен аша білді. Олардың кімдер екеніне, қандай жағдайда туып, қалыптасатынына қатыс­ты жауап берді: «Азамат» – деген ұғым «Адам», «Тұлға», «Қайраткер» деген ұғымдармен сабақтасады… Азамат – деп ата-ана, ел үмітін ақтаған, Отан сенімін бойтұмар қылып сақ­таған, достың сырын шаш­паған, зұлымдық жолын бас­паған, сегіз қырлы, бір сыр­лы арлы жанды айтады…
Тұлға – ол қандай қасиет­терімен елден ерек, жұрттан бөлек болуы керек? Тұлға – интеллект, ақыл, пара­сат иесі. Ол өткірлігімен, қажы­мас күш-қуатымен, ақыл-парасатымен, басқаша айтқанда, көсемдігімен, шешендігімен, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштас­тыруымен, ұлтжан­дылығымен ерекшеленген жан. Халық басына күн түсіп, қиын-қыстау замана туғанда ғана тұлға өзінің өзгеден ерек ірі ісімен, пәрменді күшімен, құдіретті көріпкелдігімен танылады…
Интеллигенция –латын сөзі, түйсікті, ойшыл, есті, білімпаз деген ұғымды білдіреді. Интел­лигенция – зиялылар… Зиялы қауымның ең айбындысы –шығармашылықпен айналы­сатын тобы: ғалымдар, жазу­шылар,  өнер қайраткерлері. Болмысы жаратылыстан ерек зиялылар ғана замана толғағын жүрегінен өткізеді…
Ұлт элитасы – қайраткер, жасампаз, дауылпаз жан. Қайраткерлік – ең алдымен ұлы істе танылады. Ұлы іс – халық мүддесінен туын­дайды. Қайраткер болар жанға ұлтжандылық керек. Қайрат­керлік болар – болмас, ортасы тол­мас істен туындамайды. Зия­лы қауымның ұлттық элита­сы жойылса, ұлт та жоқ. Ұлттық элитасы жоқ халықтың ертеңі де жоқ».
Экономист – ғалым, акаде­мик Кенжеғали Сағадиев әдебиет­ші болмаса да қазақ халқы­ның біртуар азамат­тары Абай Құнанбаев, Ахмет Бай­тұрсынов, Халел Досмұха­медов, Қаныш Сәтбаев, Шах­мар­дан Есенов, Евней Буке­тов, Манаш Қозыбаев, Өмір­зақ Сұлтанғазиндердің көр­кем портреттерін асқан шығарма­шылық шеберлікпен жаса­ды.
Экономист – ғалым, академик Көпжасар Нәрібаев «Тұлғаларға тағзым» атты кітабында заманымыздың биік тұлғалы қайраткерлері, ғалымдары, ұстаздары, өз тұстастары мен ізбасарлары жайлы пікір білдіреді, ой толғайды. «Ел таныған азаматты қадірлеу, оның туған халқы үшін жасаған елеулі еңбегін бағалау – ұлтымыздың өзіндік болмысына тән асыл қасиеттерінің бірі»  – дейді Көпжасар ағамыз.
Жоғарыда аты аталған қайраткер ағаларының қуатты шоғырына «Тұрар Рысқұлов: мемлекеттік қызметі және экономикалық көзқарастары», «Тұрар Рысқұловтың Орталық Азиядағы экономикалық қыз­меті», «Тұрар Рысқұлов пуб­ли­цис­тикасындағы экономи­калық көзқарастары», «Абай және қазақ болашағы//Тарихи ұлы тұлғалар», «Үш Арыс:Тұрар Рысқұлов, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров: мемлекет және қоғам қайраткерлері», «Абай және қазақ елінің болашағы. Абай и будущее Казахстана» (екі тілде), «Экономика: таңда­малы еңбектер. XXV том. «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» (үш тілде-қазақ, орыс, ағылшын тіл­дерін­де-жарияланған) ұлт­тың ұлы тұлғалары туралы жыл сайын шығып отырған еңбектері арқылы академик Оразалы Сәбден де қосылады.
Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімі, халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың еңбектері мен ерлік істері оны қатты толғандырды. Соңғы еңбекте «Абайдың ұлттық, шығыстық рухани жүйесін әлемдік ой өркениетінің дамуымен байланыстыру, қазіргі XXI ғасырдың цивилизиялық жаңалықтарымен ұштастыру, яғни Абайдың ой өркениетін ізгілендіру қоғамын құруға пайдалану әрекеттері жасалған. Оны өзімізді өзгертуден, ішкі жан дүниемізді түзетуден, қоғамды ізгілендіруден бастаған абзал» – дейді автор.
Оразалы Сәбденнің таңда­малы еңбектерінің шырқау биігі – XXV томдағы «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» және оның  «Абай және қазақ елінің болашағы» атты бірінші бөлімі. Автор Абайға жүгініп, қара сөздерін талдай келе, қазіргі заманғы – XXI ғасырға не лайық? Келешекте не істеу керек? –  деген сұрақтарға жауап іздейді. Абай қара сөздерінің құндылығы, оған жүгіну, одан өзімізді толғантқан мәселелердің жауабын іздеу үшін Абайды танып-білуіміз керек. Он бес «қара сөздің» әр «Сөзінің» мазмұны екі бөліктен тұрады. Біріншісі: «Неге жеттік, мәселенің қазіргі жағдайы қалай?», екіншісі: «Не істеу кереу, қалай шешу керек, тетігі қайда?» деген сұраққа жауап іздеп, ұсыныстар беру… Түпкі мақсат қазақ елін жаңа цивилизацияға, ізгілендіру қоғамына көтеру. Мәселе алға жетелейтін базалық құнды­лықтардың тетігін көрсету. Олар: «жер байлығы; руха­ният, адам капиталы; білім, ғылым, денсаулық, спорт, жастар; ауыл тағды­ры; эко­номика және техно­логия; табиғат пен адам гармо­ниясы; адамзаттың XXI ға­сырда өмір сүру жолы; осы фак­тор­­лардың басын қосып, елді демократиялық жолмен тиімді басқару».
Бұл идеялар 2017 жылдың сәуірінде жарияланған Қа­зақстан Республикасының Пре­­зи­денті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақа­ласының негізгі бағыттары­мен үндесіп жатыр.
Оразалы Сәбден Елбасы мен Үкімет атына бағытталған 30-дан астам  концептуалды ғылыми ұсыныстар берді. Қазақстан үшін және дүниежүзінің дамуы үшін қажетті бірнеше Халық­­аралық мегажобалар ұсынды. Олар: «Қуаттылығы» бойынша бүкіләлем үшін валю­таны универсалды түрде анықтайтын әдіс (кВт/валютаға қатынасы), Түркістанды рухани астанаға айналдыру үшін «Түркістан өңірі» жаңа рухани-технологиялық кластерін құру», «Әлемдік тәртіптегі жаңа ғаламдық татулық үлгісі», «Қоғамды ізгілендіру мен қауіпсіздік –жаңа әлемдік тәртіптің негізі», «XXI ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы», «Әлемдік процестерді басқару мен реттеудің желілік моделі».
Сонымен Оразалы Сәбденнің тындырған істері мен атқарған шаруасы ұшан-теңіз. Ол таң алдында жарқырап көрінген Шолпан жұлдыздай ерекше бір дара құбылыс. Тереңнен қайнап шыққан тас бұлақтай, жанар­таудай атқылаған идея­лардың қайнар көзі. Әріптестері оны «идеялар  мен жобалар генера­торы» деп атап кетіпті. Қаламының жүйріктігі мен шығармашылығының өнімді­лігі, көлемі бойынша Ораза­лы Сәбденді, біздіңше, «Эконо­микадағы Дюма» деп атау лайықты. Оның еңбек өнімділігін сипаттайтын бір ғана көрсеткіш – 60 жасқа дейінгі және одан кейінгі 10 жылдағы ғылыми жарияланымдарының ара-қатынасы 305: 375 бірлік. Яғни, соңғы 10 жылда ол 60 жастық өмірде жеткенінен әлдеқайда қомақтырақ істер атқарған. Әлі де бергенінен берері көп ғалым.
Оразалы Сәбденнің тағы бір ерекшелігі ол шығармаларының басым бөлігін екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде сөйлеткен жалғыз экономист. Бұл оның ұлтжандылығының белгісі. Ол – қазақ ұлтының болашағы, қоғамды рухани жаңарту, ізгілендіру туралы тың ойлар, бастамалар көтеріп жүрген елге белгілі ғалым және қоғам қайраткері. Батылдығымен, турашылдығымен, ізден­гіш­тігімен, жаңашылдығымен жиі көзге түсіп жүрген азамат. Міне, біз білетін академик Оразалы Сәбденнің дара келбеті осындай.

Әділбек СМАҒҰЛОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі.

Жауап қалдыру