Экономикаға жанашырлық қажет!

0
164

Ел мен жер және ұлт тағдырына қа­тысты көтерілген тақырыптарда өзінің бел­сенділігімен көзге түсетін тұлғалардың бірі – Оразалы Сәбден. Ғалым ел экономи­касын дамытуға байланысты әлденеше жобалар жасаған. Газет тілшісі жыл басында ғалыммен арнайы сұқбат жүргізіп, бірқатар көкейтесті сұрақтарға жауап алған еді. Төменде осы сұқбат оқырман назарына ұсынылып отыр.
– Оразалы аға, сіз талай-талай биік мінберлерден ел экономикасының көкейтесті мәселелерін ортаға салып ке­лесіз. Қазақстанның жер қой­науы байлыққа толы. Кей мәліметтерге сүйенсек, Менделеев кестесінде 110 элемент болса, соның 99-ы Қазақстанда кездеседі екен. Алайда Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай «Қазақ алтын сандықтың үстінде отырып, жегені жантақ болды». Кешегі бензин мен көмір тапшылығы осы сөзді дәлелдегендей. Бүгін Қазақ елі неге сол мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай келеді?
– Иә, ол айтқаныңыз рас. Менделеев кестесіндегі бүкіл адамзат игілігіне бағытталған 99 элементтен біз пайдаланатынымыз 60-тан астамы ғана. Қазақстан абсолютті ресурс қоры жағынан және де оларды әр адам басына шаққандағы үлесі жағынан дүние жүзінде алдамыз. Ал оны кәдеге жарату жағы ілгерілемей тұр. Тәуелсіздік жылдарында өңдеу өнеркәсібі тұралады да, Қазақстан сол баяғы шикізаттық деңгейінен құтыла алмады. Табысымыздың үштен екі бөлігі мұнай-газдан түсіп жатқандықтан, экономиканың дамуы тоқырап қалды. Бұл жалпы мемлекетіміздің стратегиялық қатесі. Мен оны ұзақ жылдардан бері тынбай айтып келе жатырмын. Тек шикізатқа сүйенген экономика біржақты болып қалады. «Өзіміз өндірмей, көсегеміз көгер­мейді» деген қағида өте-мөте маңызды. Экономикалық ахуал базарға барсаңыз-ақ алдыңыздан шығады. Кейбір тауарлардың 60, кейбірінің 80 пайызы шет елден жеткізіледі. Қымбаттаудың түп-тамыры экономиканы әрта­рап­тан­дырудың кенжелеуі мен өз на­ры­ғымызды қорғай алмауымызда.
– Қазақстанның қаржы-банк, несие жүйесіне қалай қа­рай­сыз? Тұрғындарға ұсы­ныла­тын несие шет елдермен салыс­тырғанда бірнеше есе көп пайызбен беріледі. Оның үстіне қосылатын сақтандыру, комиссия, бұ­дан өзге келісім-шартта көрсетілгендей сан түрлі айыппұлдары бар. Олардың жұмысын халыққа пайдасы тиетіндей етіп ұйымдастыруға болмай ма?
– Елімізде бүгінде банктерден несие алған 5 миллионнан астам халық бар, көбісі алған несиесін өтей алмай зардап тар­туда. Соның салдарынан әлем­­де өзіне-өзі қол салу (суицид) жағынан алдыңғы қатарда. Мұ­ның арты ұрлық, бұзақылық, қарақ­­­шылық сияқты толып жатқан келең­сіздік­терге соқтыруда. Мысалы Америкада несие 0%, кейбір мемлекеттерде 1-2%. Яғни несие алып, кәсіп ашуға болады. Ал бізде 16%, тіпті одан да жоғары. Сондықтан несие саясаты үлкен реформа жасауды талап етеді.
– ТМД кеңістігіндегі ең үздік саналатын Қазақстанның банк жүйесі бүгінде тығырыққа тірелгендей. Мемлекетке қол жайып отыр. Банк жүйесіндегі қазіргі жағдайға қандай баға берер едіңіз ?
– Дүние жүзілік ДАВОС фору­мының жаһандық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша Қазақ­станның банк жүйесі 113-орында. Оны алдыңғы қатарда деуге келмейді. Бүгінге дейін банкрот болудың алдында тұрған банктерді қолдаймыз деп триллиондаған қаражат бөлудің қажеті жоқ. Мұндай жалпақшешейлік халық­тың жағдайын төмендетеді. Ал ол банктердің жұмыс нәтижелері өте нашар. Бірақ билік жекеменшік банктерге мемлекет қаржысын құюға бейім. Осы арада кейбір үкімет мүшелері мен кейбір парламентарийлер банк жүйесімен қойындасып кеткен жоқ па екен?» деген ой туады. Міне, осының бәрін реттейтін қатаң заң керек. Банктердің бетін өндіріске бұратын уақыт жетті.
– Ғалым ретінде айтыңызшы, жаңадан кәсіп бастағысы келетіндер неден, және қалай бастағаны жөн?
– Шағын кәсіпкерліктің эко­но­­мика үшін аса маңыз­ды еке­­ні рас. Мемлекет бас­шы­сы­ның  «Төртінші өнер­кә­сіптік революция жағ­­дайындағы да­­му­дың жаңа мүмкіндіктері» атты биыл­ғы Жолдауында ша­ғын кәсіп­керлікке айырықша мән берілді. 2050 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі жалпы ішкі өнім өндіруде 50 пайызға жетуі керек, ал қазір стастистика бойынша 25 пайызға да жетіңкіремейді. Дамыған мемлекеттерде шағын және орта кәсіп­керліктің бұл ыңғайдағы көр­сеткіштері 60-70 пайызды құрай­ды. Бүгінгі таңда бізде шағын және орта кәсіпкерлік субьек­тілерінің 40 пайыздан астамы алып-сатумен айналысады. Ал тікелей өн­діріспен айналы­са­тын­дары 3%, машина жасауда 2%, бі­лім-ғылым, денсаулық сияқ­ты әлеу­меттік салалармен ай­на­лысушылар 2%-ға да жетпейді. Міне, көрдіңіз бе, шағын кә­сіп­керлікті дамыту жағы өте на­шар.
– Аталған Жолдауда Елбасы өзін-өзі қамтамасыз етумен айналысатын 3 млн-ға жуық тұрғындардың мәселесін шешу қажеттігін тапсырды. Бұл қалай шешілуі ықтимал?
– Іс жүзінде халықтың бұл контингенті жұмыссыз адамдар. Оларды медициналық сақтандыру және зейнетақымен қамтамасыз ету құқығы көзделмеген. Бұл дегеніміз – конституциялық құқығы сақталмайды деген сөз. «Өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандарды» экономиканың белсенді қаты­сушыларына айналдыру қажет. Тап осы арада шағын және орта кәсіпкерлік Қазақстан экономикасын өрге сүйреуші шешуші күшке айнала алады.
– «Абай және қазақ елінің болашағы» деген кітабыңызда «Халық саны мен әр отбасының өмір сүру жағдайы жақсармай, қанша бай болсақ та ешқандай нәтиже шықпайды» деген екенсіз. Осы жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Жеріміз қанша бай бол­ғаны­мен, ондағы 18 млн халық өте аз. Өндіргіш күштер кем. Бай­лы­ғымыздың көп бөлігі шетке кетуде. Сондықтан мемлекет мұнай-газ сияқты көмірсутекті шикізатты өндіруге ғана емес экономиканы әр тарапты өркендетуге мүдделі болуға тиіс. Бұл арада мемлекеттік органдар тек жазалау функциясымен айналыспай, істі ілгері жылжытудың нақты шараларын жүзеге асырғаны жөн.
Жалпы бизнес саласына келетін болсақ «Forbesті» қараңыз, Қазақстанда миллионер де, миллиардер де жетіп жатыр. 25 жылда өте бай-қуатты азаматтар шықты, олар ненің арқасында осындай байлыққа жетіп отыр? Егер адал еңбекпен бизнес жасаған болса, онда біздің инновациялық, жаңа технологиялық жетістіктеріміз қайда?.. Дамыған мем­­лекеттер қазір алтыншы тех­нологиялық деңгейді игеруде. Олар нанотехнология, биотехнология, ғарыштық технологияны меңгеруде. Міне, халықтың арқасында байыған жаңағы миллионер, миллиардерлер осы маселелермен неге айналыспайды? Оның орнына ақшаларын шетелде ұстағанды жақсы көреді. Мен бұдан біраз жыл бұрын осындай жағдайды ескеріп офшор туралы заң қабылдау керек дегенмін. Бұндай дүниені тек заңмен реттеу керек.
– Оразалы аға, бізді сіз қолға алған жобалар қызықтырады. Солар туралы айтып беріңізші.
– Өз басым қомақты проблемаларды көтеруге, соларды шешу жолдарын іздестіруге бейіммін. Ондай жобалардың қатарында ай­мақтық, республикалық тіпті әлемдік проблемалар да бар­шы­лық. Арасында қоғамды тол­ған­­ды­ратын әртүрлі деңгейдегі жоба­лар бар. Мәселен, рухани жаң­ғыруды бұдан 5-6 жыл бұрын көтер­­генім есте, Түркістанды рухани жә­не технологиялық дамыту клас­тері» атты жоба жасадым. Жүзеге асыру құны 8,5 млрд доллар. Екінші қолға алған түбегейлі жобам «Қазақстанды 5-тік спиральмен басқарудың жаңа парадигмасы» деп аталады. Онда мемлекет; бизнес; ғылым; қоғамның және әр адамның қажеттілігі; осылардың барлығының басын біріктіретін информациялық қамтамасыз ету салалары қамтылған. Үшіншісі: «Шағын және орта кәсіпті үде­мелі дамыту, жалпыхалықтық құнды­лық­қа айналдыру» жоба­сы. Төртіншісі: «Адамзаттың XXI ға­сыр­­дағы және одан арғы уа­қыт­­тардағы даму жолы». Бұл жо­баға Нобель сыйлығының иегері С.А.Тимашев өзінің оң пікірін білді­ріп, жоғары бағалады. Осы жобаның дүние жүзі бойынша аналогтық басқадай ұқсас нұс­қа­­сы жоқ. Бесінші, «Қаржы дағ­дарысы кезеңінде әлемдік валю­таны реттеу жобасы». Егер тал­қылаулар ұйымдастырылып, үкі­мет тарапынан қолдау білдірілсе осы жобалардың қай-қайсысы да ха­лыққа қызмет етіп кетер еді.
– Оразалы аға, Жерді сату, жалға беру тақырыбына байланысты дау-дамай кезінде өзіңіздің нақты пікіріңізді білдіріп жүрдіңіз. Жер туралы комиссияның сондай бір отырыстары кезінде Мұхтар Шаханов сіздің пікіріңізді жоғары бағалағаны бар. Сіздің сондағы ұсынысыңыз қандай еді?
– Бұл тұрғыда ең алдымен айтарым, Елбасы жер туралы мем­лекеттік комиссия құрып, халықтың пікірін тыңдауды ұйым­дастырғаны өте орынды болды. Комиссияның ұсынысы бойынша жерді сатуға да, жалға да беруге де тыйым салған 5 жылдық мораторий жарияланды. Бұл әрине дұрыс шешім, бірақ жер мәселесі түбегейлі шешілмеді, халық ішіндегі қобалжу сол күйінде қалды.
Комиссияның тал­қы­лау­лары­ның бірінде тың жерді игеруге қатысты ұсыныстар айтқанмын. Арнайы жоба бойынша Алматы облысының Үшарал, Алакөл аудандарына, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына, жалпы Қытаймен шекаралас тау бөктеріндегі құнарлы аймақ­тарды игеруге 500 мың жасты аттан­дыруға болар еді. Көшіріл­ген жастарға жағдай жа­сап, жұмыс беріп, жерді игеру жұмыс­тарын жүргізсе көп­теген мәселе шешілер еді. Әйтпесе, қара­ңыз­шы, қаншама халық жұмыс­сыз жүр. Оңтүстік Қазақ­станда 3 миллион халық тұрады, өте тығыз. Ал жаңағыдай тың аймақ­­тарды игеру арқылы қан­шама адамды жұмыспен қам­туға болар еді.
– Соңғы кезде көп тал­қы­ланған тақырып – латын әліп­биіне көшу. Сіз осы мәсе­леге қа­лай қарайсыз?
– Жалпы бір сөзбен айтсам, латын әліпбиіне өтудің болашаққа де­ген стратегиялық маңызы өте зор. Бірақ соңғы нұсқадағы апос­троф таңбасының мәтінде өте жиі, яғни 100 сөзде 75 апострофке дейін қолданылуы техникалық, көрілімдік жағынан қиыншылықтар туғызады. Осыған қарап қабылданған нұсқаның қайта қаралуы жөнінде ашық хат жазғанымыз рас. Билік орындары мәселеге орай дұрыс шешім қабылдайды деген үміттеміз.
– Сізге күрделі бір сұрақ қояйын. Бізді алда не күтіп тұр? Алдағы жылдарда Қазақстан қалай дамиды?
– Бұдан біраз жыл бұрын сая­сат пен экономика қатар жүруі керек деп жазған болатынмын. Қазір өмірдің өзі соны дәлелдеп отыр. Бүгінде әлеуметтік инновациямен айналысу қажет. Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету де аса маңызды. Мысалы, дамыған шет елдерде осыған үлкен мән беріледі. Қоғамдық пікір қаперде ұсталсын! Саяси реформаны тереңдету, сайлау туралы заңды толықтыру, шынайы көппартиялы парламент құру өте маңызды. Дамуымыздың ең басты басымдықтары: рухани құндылықты жаңғырту, сыбайлас жемқорлықты жою, кәсіби біліктілікті арттыру, демократиялық жүйе жасау. Дамыған шетел тәжірибелеріне сүйенер болсақ, басқару жүйесінің сатылары аз болуы қажет, сонда басқару тиімділігі жоғары болады. Осы олқылықтар назарда ұсталып, кемшіліктер жойылуға тиіс.
– Мазмұнды сұқбатыңызға рақмет!

 

Сұқбаттасқан
Гүлнұр СӘЛІМБАЙ

 

 

Жауап қалдыру