Доңыз жылы доллар қанша болады?

0
57

Экономикалық терминдерді онша-мұнша түсіне бермейтін қарапайым халық соңғы жылдары де­валь­­вацияның не екенін мықтап біліп алған. Өйткені девальвация болды десе бітті қымбатшылықтың орын алатынын көріп, біліп жүр. Ал теңгеміз болса қас қылғандай сәт сайын тұғырынан тайып, құн­сыз­данып барады. Жыл ба­сында 1 доллар 330 тең­генің о жақ, бұ жағында са­­тылса, бүгінде жасыл қағаз бірлігінің құны 370 теңгеден асып барады. Ал алдымыздағы доңыз жы­лы нендей жаңалық болуы мүмкін? Осы сұраққа жуыр­да журналист Роман Иванов жауап іздеп көрген екен. Сіз бен бізді бейжай қалдырмайтын мәселе болғандықтан 365info.kz сайтына шыққан материалды ықшамдап аударып, оқыр­манға ұсынуды жөн көрдік.
Мұнай бағасының ар­зан­дағанына екі ай бол­ғанына қарамастан, теңге тұрақтылығын сақтап тұр­ған­дығын айтады ARUM Capital компаниясының ди­рек­торы Екатерина Сере­динская. Алайда оның пікірінше жағдай бұлай жалғаса бермейді. Өйткені бірінші кезекте бюджет табысы көбіне энерготасы­мал­­даушылардың құнына байланған. Серединская мұ­най бағасының бағамын 6 жел­тоқсанда өтетін ОПЕК елдерінің саммитімен байла­ныстырады. Егер олар қара алтын өндірісін шектемесе баға төмендей бермек.
Ресей мамандары да ОПЕК отырысын қы­ра­­ғы­лықпен күтуде. «Халық­аралық қаржы орта­лы­ғының» сарапшысы Владимир Рожанковский Ресей үкі­метінің ресми басылымы «Российская газета»-ға бер­ген сұқбатында отырыс­ты «аптаның маңызды оқи­ғасы» ретінде бағалады. Ол Сауд Арабиясының мұнай өндіруді тәулігіне 10 млн баррельден асырғанын, ал АҚШ-тың 11,5 млнға жет­кізгенін еске салды. Бұл – рекорд. Осылайша нарық аузы-мұрнына дейін мұ­найға толып тұр. Артық ұсыныс автоматты түрде бағаны түсіретіні белгілі.
– Егер 6 желтоқсанда ОПЕК өндірісті қысқарту тура­лы шешім шығарса, мүм­­кін мұнай бағасы қайта өсер, – дейді ол.
Forex Optimum-ның жетекші сарапшысы Иван Капустянскийдің мұнай ба­ғасына қатысты көзқара­сы түңілушілікке толы. Оның пікірінше теңге бағамына қатысты болжамға жо­ғарыда айтқан факторлардан бөлек, Қытай мен АҚШ арасындағы бітпейтін сауда соғысы да әсер етеді.
– Қалыптасқан жағдайға қатысты ОПЕК қандайда бір шешім қабылдамаса, мұнай бағасының төмендеуі тоқтамауы мүмкін. Амери­калық өндірушілер бұл үрдісті мейлінше жылдам­датады, – дейді сарапшы.
Оның үстіне АҚШ мұнай­шылары сәт сайын өндіру көлемі бойынша рекордтар жаңартуда.
Сарапшы бір жағынан ОПЕК елдер жаңа шек­теу­лер жайында келі­сімге келіп, мұнай баға­сына қолдау көрсету ықти­малдылығының жо­ғары екенін де мәлім етті.
Капустянский жыл соңына дейін теңге бағамында кенет өзгеріс күтілмейді дейді. Десе де соңғы уақытта қысқа уақытқа болса да тербелістер байқалған болатын.
– Валюталық жұп соңғы бірнеше айда 370-368 ша­масындағы орташа маңды көрсетуде. Жыл соңы­на дейін осы деңгей сақ­талатынға ұқсайды, – деп атап өтті Forex сарапшысы.
Алайда қара алтын құны ар­­зандай берсе, теңге құнсыздануынан қашып құтылмасымыз анық.
TeleTrade компаниялар тобының валюта бойынша сарапшысы Александр Егоров валюта бағамы көптеген факторлардың ық­палына байланысты екенін, ал болжамдар абсолютті дәл бола бермейтінін атап өтті.
– Бұл күндері мұнай шамамен баррелі 60 долларлық шамада тұрақ­таған. Бұл маңызды психо­логиялық деңгей. Баға бұдан төмендесе ОПЕК тарапынан мұнай өндірісін қысқартуға қатысты агрессивті қадамдар жасалуы мүмкін, – дегенді айтады ол.
Егоровтың айтуынша, теңге бағамы Қазақстан экономикасына ғана емес, тұтастай дамушы эконо­микадағы валюталық ахуалға тәуелді. Бүгінгі жағ­дайға қарағанда доллар өседі дегенге негіз бар. Оның пайымынша, баған 380 теңге немесе одан да жоғары шамада болуы ықтимал. Бірақ нарық қатысушыларының көңіл-күйі өзгеріп кетуі де ғажап емес.
Айталық, АҚШ фе­дералдық қоры мөлшер­ле­месінің көтерілу циклының аяқталуынан аме­­ри­калық валюта әлсірейтін болса, теңге динамикасы да өзгереді. Ондай жағдайда 2019 жылдың басында доллар бағамы 350-360 теңге маңында болуы бек мүмкін.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Бет қатталып жатқанда

Кеше Венада ОПЕК-ке мүше елдер министр­лерінің отырысы өтіп, мұнай өндіру көлемін қысқарту жөнінде шешім қабылданды. Сауд Арабия энергетика министрінің айтуына қарағанда, ОПЕК мұнай өндірісінің көлемін тәулігіне 1 млн баррельге дейін қысқартуы мүмкін. Жоғарыда айтылған пікірлерге сүйенсек, бұл шешім теңге бағамына оң әсер етуі әбден ықтимал.

Жауап қалдыру