Балық өнеркәсібіне маңыз беріледі

0
44

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің балық өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Талқылауға өндірістік балық өндіретін кооперативтердің басшылары, ғылыми қызметкерлер, ҚР Парламентінің сенаторлары және құқық қорғау органдарының өкілдері шақырылды.
Кеңес барысында Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов атқарылған жұмыстар және осы саладағы тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді. Атап айтқанда, балық өнімін терең қайта өңдеу мәселесі әлі күнге дейін шешілмеуде. Ауланған балықтардың басым бөлігі экспортқа шикі күйінде жіберілуде. Әйтсе де өңірде қайта өңдеу өнеркәсібін құруға мүмкіндіктер бар. Соның ішінде Құрманғазы ауданында. Бұл ретте бөлінген квотаны игеру туралы да мәселе қойылады. Көптеген балық аулайтын кооперативтер жыл сайын балық аулауға квота ала отырып, оны игермейді.

– Бұл мәселені жан-жақты талдау қажет. Өндірістік кооперативтер өздеріне бөлінген лимиттерді неге игермейді? Сонымен бірге квота бөлу кезінде іріктеп қарау қажет. Балық аулауға лимит материалдық-техникалық базасы – жүзу құралдары, адам ресурстары жоқ кәсіпорындарға берілетін фактілер байқалуда. Ал өнеркәсіптік аулауға мүмкіндігі барлары да осындай көлемде алады, – деді Нұрлан Ноғаев. – Терең қайта өңдеу мәселесіне қатысты – біз бұл туралы бірнеше рет ашық айттық – жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерге барлық мүмкін болатын мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге дайын. Біз бұған қызығушылық білдіреміз.
Квота алу және балық аулауды бастау мерзімі өндірістік коопера­тивтердің үлкен алаңдау­шылығын тудырды. Биылғы жылы балық кәсіпорындары рұқсатты 1 наурызда алды. Алайда бұл шегі емес. Кеңесте 1 қаңтардан бастап көктемгі балық аулау маусымына барлық қажетті құжаттарды дайындау міндеті қойылды.
Жайық-Каспий бассейнінің және Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің сағасында түпті тереңдету жұмыстары айтарлықтай маңызды мәселе болып табылады. Бұл жобаны іске асыру үшін бірнеше жыл бойы республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Биылғы жылы өзен түбін тазарту жұмыстарын жүргізу үшін 1,5 млрд теңге жұмсалатын болады. Мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ болып табылады.

– Бұл қажетті әрі жауапты жұмыс екенін түсінесіз бе, – деді облыс әкімі мердігер ұйымның өкіліне қарап. – Бұл аз қаражат емес және барлық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуі қажет. Адамдар нәтижесін көруі тиіс. Түпті тереңдету жұмыстары өңірдің экологиялық жүйесі үшін маңызды, бұл мәселені біз тұрақты бақылауда ұстайтын боламыз.
«Бекiре – 2018» кең ауқымды табиғат қорғау акциясының аясында жүргізілген жұмыстар туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының және Атырау облыстық ІІД басшылары баяндады. Баяндамашылардың мәліметтері бойынша батыс Қазақстанның үш облысының аумағында акция басталғаннан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзушыларға 46 қылмыстық іс қозғалды. Браконьерлерден 16 тоннадан астам балық тәркіленді, оның ішінде 8 тоннадан астамы Атырау облысында. Заң бұзушыларға 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Кеңесте ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сәрсенбай Еңсегенов өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
– Біз бүгін өңірдің балық өнеркәсібін дамытудың маңызды мәселелерін талқыладық. Бір кездері бұл сала еліміздің экономикасына айтарлықтай үлес қосты. Біз саланы дамытуға бірлесіп қолдан келген үлесімізді қосуға тиіспіз. Бұл үшін біз­де қаржылық мүмкіндіктер де, адам капиталы да, ниет те бар. Проблемалық мәсе­ле­лерді біз депутаттардың, ми­нистрліктердің, үкіметтің алдына қоюымыз керек. Барлық жауапты органдардың жөнге салынған жұмысы балық қорларын құртушы бұзақылар келтіретін шығынды азайтуға ықпал етті. Келесі кезең – балық саласын дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасау – деп сөзін қорытындылады Нұрлан Ноғаев.

Исатай ЕРЖАН.

Жауап қалдыру