Байимын десең қарқынды Үнемдей біл қаржыңды

0
29

Әрбір төртінші қазақстандықтың басында несие бар. Бүгінде халықтың банктер алдындағы берешегі қоғамдағы аса өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Оған халықтың күнкөріс деңгейінің төмендігі ғана емес, қаржылық сауаттылықтың таяздығы да себеп. Осы орайда қаржылық сауаттылық туралы ойларын үнемі ортаға салып жүретін маман, Kaspi Bank-тің баспасөз хатшысы, журналист Ербол Азанбектің «Рейтинг» газетіне берген сұқбаты ықшамдалып, ұсынылып отыр.
– Қазақтың қаржылық сауат­тылығы қандай дең­гейде? Кө­бірек олқы кө­рінетін тұсы қандай?
– Brif Research Group агенттігінің қолдауымен бү­кіл ел аумағында 20-60 жас аралығындағы қазақ­стан­дықтардың қатысуымен қар­жылық сауаттылық дең­гейін анықтау бойынша зерт­теу жүргіздік. Қаржылық сауат­тылық, қарапайым тілмен айтсақ, орташадан төмен. Сандар арқылы айт­сақ, сауалнамаға қа­тыс­қан­дар­дың 36%-ы «қар­жы өнімдерін мүлдем түсін­бей­міз, қолданбаймыз» деді. 43%-ы депозиттерге мем­лекеттік кепілдік беру қоры барын білмейді. Артық қара­жаты бар адамдардың 44%-ы ақшасын үйінде сақ­тайды. Жалақысынан ақша артылған қазақстан­дықтардың 29%-ы бірден жұмсап бітіруге тыры­сады, тек 10%-ы ғана ар­тық ақшасын жинайды. 38%-ы отбасылық бюд­жет­тің кіріс-шығысын жүр­гіз­бейді. Нәтижесінде, жа­ла­қы алатындардың 63 па­йызының жалақысы ке­лесі айлыққа дейін жетпей қалады. Ақшасы келесі айлыққа жетпейтіндердің 60%-ы қатаң үнемге көшеміз деді. 48%-ы –туыстарынан қарыз аламыз, 7%-ы банктерге барып несие аламыз дейді. Жалпы байқаған нәрсе – көпшілігіміз отбасы­лық бюджетті жүргізбейміз. Ақша келеді, кетеді. Артық ақшамызды жинауға тырыс­паймыз. Көбейту жолдарын білмейміз. Банктік өнім­дердің жақсы, нашар жақ­тарын айыра алмаймыз.
– Адамда проблема пайда болды. Несие алмай шешу үшін не істеу керек?
– Ақша проблемасы бір күнде пайда болатын нәрсе емес, ұзақ жылдардың же­мі­сі. Әрі бір мезетте шешіле салмайды. Бірінші, жалақыны алған күннен бастап кіріс-шығысты бас­қа­ру, жинау, қосымша табыс табуға тырысу, білімін кө­теріп, сол арқылы табыс­ты жұмысқа орналасу, ар­тық ақшаны кәсіпке салып, табысты арттыру – мұ­ның барлығы жылдар бо­йы қалыптасатын нәрсе. Жыл­дар бойы бұған мән берме­діңіз, әрине, ақша проблемасы туады. Кейде ақша жинау туралы айтсаң, «жалақым жетпесе қалай жинаймын, еріккеннің әңгімесі» де­ген­ді естимін. Бұған дейін қаржы табу, жұмыс, басқа мәселелер бойынша өсу туралы мәселеге бас ауырт­пасаңыз, әрине, кейін жала­­қыңыз жетпейді, бұл туралы айтылған нәрсенің барлығы жәй сандырақ болып ес­тіледі.
– Банктің онлайн жү­йесін қазақтілді орта қан­шалық толық пайдаланады­? Сараптап отырасыздар ма?
– Әрине, сарапталад­ы. Бизнестің негізгі тілі ста­тистика ғой. Мысалы, «қан­дай өнімді кім қол­дан­ды, жасы нешеде, қай тілді қол­данады?» деген сияқты мә­ліметтердің негізінде клиент­тің портреті жасалады. Бел­гілі бір өнімді жетілдіру немесе соған ұқсас өнім сол клиенттерге лайықталады. Яғни, «сұранысқа – ұсыныс» деген қағида. Бізде, өкінішке қарай, онлайн жүйе болсын, тіпті банкоматқа дейін қазақ тілін қолданатындар аз. Бұл әдет пе, білмеймін. Мысалы, былтыр біздің онлайн жүйенің қазақшасын қолданатындар 3-ақ пайыз болды. Бұдан кейін банк­тер өнімін қай аудиторияға лайықтап, қай тілде бірінші ақпарат таратуға тырысады? Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, заң талаптарын, әрине, сақтайды. Бірақ көп жағдайда бизнесте клиенттің сұранысы шешеді. Егер қазақ тілді болсаңыз, қазақ тілін қолданайық.
– Жалпы, банк пен клиент арасындағы байланыс өркениетті сатыға көтерілу үшін қандай талап қажет?
– Бұл тек бар ғана тарапқа байланысты нәрсе емес. Ең бірінші, қаржы, банк өнімдері туралы ақпарат көбеюі тиіс.
Екінші, банктердің өздері қар­жылық сауаттылықты қолға алуы керек.
Үшінші, адамдардың өзі қаржы мәселесіне байыппен қарай бастаса. Несие алатын кезде барлығын жан-жақты зерттеу керек. Қай банктен алуға болады, қайсысында пайыз, комиссия аз, талаптары қолайлы, форс-мажорлық жағдай болса не істеуге болады? Толық зерттеп, заңдық жа­ғын, жеке тәуекелді есептеп барып, несие шынымен сізге қажет пе, түсініп барып шешім қабылдаса.
Кредит алар алдында адам ақпарат жинап, сараптап, сосын шешім қабылдау қажет. Сіз несие келісім-шартына қол қойып, қарызды алу арқылы банктің барлық шарттарына келісетініңізді білдіресіз. Ары қарай қа­рызды қайтара алмай қа­лу, түрлі жағдайлардың туын­дауы өзіңізге қиындық туды­рады. Несие алуды шеш­сеңіз, қаржы, банк өнімдерін зерттеңіз. Несие алу арқылы шешуге дейін жетпес үшін қаржыңызды көбейту, жинау деген мәселе ең өзекті мәселе болуы керек.
Балалардың қаржылық сауатты болуына қазірден мән бе­ріңіз. Отбасылық бюд­жеттің кі­ріс-шығысын жүр­гізу, басқару қажет. Қар­жы, банк саласының өз­геріс­терінен хабардар болу үшін сала жаңалық­тарын жиі оқыңыз. «Кімнің қолын­да ақпарат бар, сол әлемді билейді».

Сұқбаттасқан
Есей Жеңісұлы

Жауап қалдыру