Қаражаттың мақсатты жұмсалуы қадағаланады

0
124

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Атырау» ӘКК ҰК» АҚ басшылық құрамымен жұмыс мәжілісін өткізді. Кездесу барысында облыс әкіміне әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясының жұмысы таныс­тырылып, инвестициялық жоба­ларды жүзеге асыру жоспары айтылды, – деп хабарлайды өңірлік комму­никациялар қыз­меті.
Корпорация құрылған 2010 жылдан бері мекеме кірісі 6,7 млрд теңгеге жеткен. «Атырау» ӘКК ҰК» АҚ басшысы Марат Түсіпқалиевтің айтуынша, 8 жылда 20 ірі жоба жүзеге асқан.
– Олар тауарлы сүт фермасы, жүн өңдеу зауыты, көкөніс өңдеу цехы, қойма жайлары, басқа да өндірістік орталықтар сынды ірі мекемелер. Бірақ кейбір кәсіпкерлер корпорациядан берілген қаражатты қайтаруға асықпай отыр. Мұның әртүрлі себептері бар. Біз кәсіпкерге бизнесін дамытуға қажет қолайлы жағдай жасауға тырысып келдік, алайда кейбір қарыз алушылардың жауапкершілікке ықылассыз қарауы салдарынан бюджет қаражатының уақытылы қайтарылмау деректері тіркеліп отыр. Бұл өз кезегінде біздің құзырлы органдарға жүгінуімізге, қарыз алушыға қатысты шара қолдануымызға мәжбүр етуде, – деді Марат Түсіпқалиев.
Сонымен қатар жиын барысында Нұрлан Ноғаев директорлар кеңесіне инвестициялық портфельге бақылауды күшейтіп, қаржыландырылған субъектілердің қызметіне белсенді қатысуды тапсырды.
– Біздің міндетіміз құр ақша бөліп отыру емес, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау. Кәсіпкерге негізгі мәселелер бойынша көмек көрсетіліп, кеңес беру керек. Бұл іске жергілікті атқарушы органдардың өкілдері – барлық деңгейдегі әкімдер, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен бөлім жетекшілері жұмылулары керек, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар ӘКК инвестициялайтын жобалар аймақ үшін өте қажет – жұмыс орындары құрылады, облыстың ауыл шаруашылығынан бастап құрылысқа дейінгі әртүрлі салаларының дамуына оң ықпал етеді. Қарыз қаражатының қайтарылуына бақылауда үнемі назарда болуы тиіс. Мұндай операциялар кезінде мемлекеттің міндеті – бизнестің дамуына инвестиция арқылы серпін беру, қаражат қайтарылғаннан кейін оны облысқа қажет басқа мекемеге салу керек.

Жауап қалдыру