Ақылы білімнің таяздығы ұлт сапасын төмендетеді

0
163

Ақылы білім беру жүйесі өзіндік сүрлеуді қаншалық дәрежеде қалыптастыра алды? Мемлекеттік стандарттан тыс білім беру мүмкіндігі саналатын оқушы мен ата-ананың қалауы негізінде жүзеге асатын бұл оқыту тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамалық ережесі арқылы жүргізіліп келеді. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, орта деңгейде білім беру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің өзіндік баспалдақтары бар. Әр буын өз биігінде жұмыстар жүргізіп жатыр.
Міне, бұл ақылы білім беру мәселесін терең зерделеп, зерттеу жүргізгенде бөліп қарастыратын жеке-жеке сатылары болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясында: «Жекеменшік білім беру мекемелеріндегі ақылы оқыту заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі» – деп көрсетілген (30-бап, 3-тармақ). Әрине, бүгінде ақылы білім беру мәселесі заңдық тұрғыда кемелденіп, келешегіне үлкен үмітпен жол алып бара жатқаны қуанарлық жағдай. Қарама-қайшылықтың қатар туындап, өрбіп, өршіп отыратыны бар емес пе? Артықшылығы бар нәрсенің жетерлік кемшілігі бар екені де өзіндік заңдылық.
Осы тұрғыда жоғары оқу орындарын­дағы ақылы білім берудің бүгінгі хал-жағдайы қандай? Өз деңгейінде жұ­мыстар жүргізіліп жатыр ма? Кемістіктер мен кемшіліктер көбейіп кеткен жоқ па екен? Бұл көш қалай түзеледі? Осындай сансыз сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Бүгінде әлем елдерінің арасында атақ-абыройын тіктеп, даңқын арттыру мақсатында жаһандану көшіне ілесіп, ел экономикасына барын салып жатқан қазақ қоғамы үздіксіз күрес жүргізуде. Ұлттық мемлекет құру жолында ел болып маңдай терін төгіп жатыр. Ел келешегі болған жастарды білім жолына жетелеуде әртүрлі жосындар жүріліп келеді. Жыл сайын жоғары оқу орындарына 33-35 мыңдай талапкер мемлекет тарапынан бөлінген гранттар арқылы оқуға түседі. Оған іліге алмағандары ақылы негізде оқуға мәжбүр. Олардың саны грантта оқитындардың санынан әлдеқайда көп екені шындық.
Білім беру мәселе­сіне тереңі­­рек үңіліп қарай­тын болсақ ақылы бі­лім берудің әлсіз тұс­тары уақыт озған са­­йын үңірейіп ба­ра жатыр. Ол өз бағы­­тын­да қоғам­да әлеу­меттік теңсіз­дік туғызады, са­па­сыз білім мен қа­жетсіз маман дайындауды ұлғайтады, тоғышар, білімсіз надандар легін көбейтеді. Осындай көлегейлі тұстары ақылы оқыту мәселесін күр­делендіре түсуде. Ел болған соң оқытудың әртүрлі жолдары болсын-ақ дейік. Мейлі грант болсын, мейлі ақылы оқу болсын, ең қажеті білім сапасы емес пе?! Ал құры диплом үшін оқудан қоғам не ұтады, түлек не ұтады?
Осы себепті ақылы оқу жүйесі өзін ақтай ма дейтін ой туады. Ақиқаттың түбіне үңіліп қарар болсақ, жүздеген, мыңдаған түлектер ақылы білім арқылы диплом алып жатыр. Сол дипломмен жұмыс таппай сенделіп жүргендері қаншама? Қолда дипломы болғанымен, шынайы маман емес.
Жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу жүйесінің қоғамдық кемшіліктерінің туын­дауы үш себептен. Бі­ріншіден, жекеменшік жоғары оқу орын­дарында басты нәрсе білім емес, студенттер санын көбейту ар­қы­лы қалта қалыңдату. Жекеменшік универ­ситеттер оқу үдерісін мемлекеттік стандартқа сәйкестендіруде көпте­ген ауытқушылықтарға жол береді. Мұнда ширек ставкада істейтін академик, доктор, профессорлардың саны көп. Оқытушылық тәжірибесі, біліктілік жағдайы, білім сапасы дейтін категориялардың баршасы қамтылған тәрізді. Іс жүзінде бұл сырт көзге ғана. Айналып келгенде мақсат біреу ғана. Өзінде оқитын студенттер санын көбейту арқылы жыл сайын кіретін кіріс көзді одан ары арттыра түсу. Екінші кемшілік ұстаздар қауымы жағынан. Ортанқол білімі арқылы шәкірт тәрбиелегісі келеді. Сүйтеді де не берген білімі, не көрсеткен өнегесі жоқ пендешілік жасайды. Студенттерден пара алады. Үшінші кемшілік студенттердің өздері жағынан. Олардың бар арманы – диплом алу. Өздері ақылы оқиды және сол оқуының ақысын төлеу, күнделікті тіршілігін қамтамасыз ету үшін көбісі жұмыс істеуге мәжбүр. Кейбір студенттер семестр басталысымен жұмысқа тұрады да, семестр соңында бой көрсетіп, ақша арқылы емтихандарын жа­ба салады. Олардың бар ойы осылай ептеп күн кешіп, оқу бітіріп шығу. Дәлі­рек айтқанда оқыған дейтін атаққа ие болу. Бар болғаны диплом үшін. Сонда ұлттың келешегі жастардың қолында десек, сонда бүгінгі жастарға қалай сенім артамыз?
Міне, осындай мақсаттағы оқу­­дың нәтижесі қандай болады? Шала білім, дүмбілез маман. Жо­ғары білім саласын­дағы қалыптан тыс ақша­құмарлықтың және жалған оқуға ұмты­лыстың қоғамға тигізер теріс салдары өте көп. Осы бағытта бәріміз көзімізді жұмып жүре берсек көшіміз қалай оңалады, алға басу орнына кері кетпейміз бе?! Қоғамда жалғандық үшін ғұмыр кешетін жаңа буын қалыптасады. Түптеп келгенде ақылы білім беру өлшемдерінің талаптары мен міндеттерін қайта қа­растырған жөн тәрізді.

Үмітбек БАҒДАТҰЛЫ.

Жауап қалдыру