Өсімдіктер қорғаны

0
219
Tractor spray fertilize field with insecticide herbicide chemicals in agriculture field and evening sunlight.

Халқымыздың ұлы ақыны Жамбылдың жырларынан қазақ елінің сұлу табиғаты ешқашанда тыс қалмаған. Көз тұндырар көк орайлары, мөп-мөлдір бұлақтары, арқырап аққан арынды өзендері, сыңсыған тоғайлары, әуенді құстары тағы-тағылары өлеңдерінде жалғаса береді.
«Тауларыма қарашы, Қыздар­дың жиған жүгіндей» деген өлең жолдары кімнің болса да кө­ңілің сергітіп тастайтыны сөз­сіз.
Иә, қасиетті жеріміздің жасыл жапырақтарын түрлі зиянкестерден қорғауда игі жұмыстар жалғасып келеді. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей жап-жасыл желектерімізді неше түрлі зиянкестерден өз уақытында қорғамасақ, шын мәнінде түте-түтесі шығатыны сөзсіз. Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығын сондай қауіптерден сақтандыру үшін, сонымен қатар өндірілген өнімдердің сапалы болуы мақсатында мемлекетіміздің 1999 жылғы 26 мамырдағы №649 қау­лысымен РМК «Фитосанитария» мекемесі құрылды. Ал кейіннен 2000 жылы Қазақ­стан Респуликасының №72 қау­лысымен «Фитосанитария» респуликалық мемлекеттік кәсіпорны болып аталды. Кәсі­порын құрылуы бар да, оның нәтижелі жұмыс істеуі бар емес пе?! Осы саланың білікті де, білімді мамандары кәсіпорынға біртіндеп шоғырлана бастады. 2006 жылдан бастап «Фитосанитария» РМК-ның Алматы облыстық филиалын білікті маман Саяхат Қалматайұлы Ақанов басқарып келеді. Міне, өткен 11 жыл ішінде Саяхат Қалматайұлы талай-талай жетістіктерді де, қиындықтарды да өткеріп, жеріміздің жасыл желегін жемір-жегіштерден сақтауда ғы­лым жетістігі мен қажырлы еңбекті сәтті үйлестіріп келеді. Ол «зер қадірін зергер біледі» дегендей Алматы облысы мен Алматы қаласындағы жеміс ағаштарын, көкөністің көкпеңбек өсінділерін, бидай мен басқа да жасыл желекті ауыл шаруашылық өнім­дері­нің өскіндерін аяқасты пай­да болатын қаптаған зиян­ды жән­діктерден қорғауда ізденіс пен ғылым жетістіктерін өз мезгілінде жалғастырды. Соның арқасында Алматы облысында зиянды да қауіпті шегірт­ке­лердің залалынан өсім­дік­терді сақтай білді.
Өсімдік зиянкестерінің атауы­ның өзі ондап саналады екен. Мысалы, «морокколық» шегіртке жап-жасыл жайлаудың өзін отап шығады. Ал, егістікті жайпап жібереді. Қаупі мол жауапты жұмыстың алдын болжай білуде саланың мамандарына үлкен қабілеттілік ауадай қажет екені анық. Облыстық кәсіпорынның негізгі атқаратын жұмысы мемлекеттік тапсырмаларды орындау, атап айтқанда, карантиндік зиянкестердің, өсімдіктердің түрлі-түрлі ауруларының, зиянды арамшөптердің ошақтарын химиялық тәсілмен жоюды дер мезгілінде жүргізумен қатар өзара келісімшарт бойынша импорт­тық және отандық өнім­дер­дің фитосанитариялық жағ­дайын қарап, сараптама жа­сау. Білікті маман Саяхат Ақа­нов кәсіпорындағы маман­дарды игілікті іске жұмыл­дырып, қорытындысын нә­ти­же­лі аяқтап, мемлекетімізге еселі еңбектерімен лайық­ты үлесін қосып келеді. Мыса­лы, 2016 жылдың өзінде ғана кәсіпорынның Алматы об­­лыс­тық филиалы Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша 4617 гектар жердегі жеміс ағаштарына, жасыл желектерге, зиян келтіретін зиянкестерге қарсы әртүрлі дәрілер шашты. Биыл да бұл жауапты жұмыс өзінің жалғасын табуда.
Аталған кәсіпорынның шар­уа­шылық жүргізу құқығына ие болуына байланысты жеке және заңды тұлғалар мен ақылы химиялық өңдеу жұмыстары да жалғасуда. Айталық, «КАЗ.АВТОЖОЛ» мемлекеттік күре жолы бойындағы жасыл желектерге қоныстанған зиянкестер жойылды. 2017 жылы Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша зиянкестерге қарсы 1293 гектар, карантиндік арамшөптерді жою бойынша 4293 гектар, аса қауіпті азиялық және италиялық шегірткелерді жоюда 8352 гектар жерге әртүрлі дәрі шашылуда. Сондай-ақ автожолдар жиегіндегі карантиндік өсімдіктерді жоюда 2000 гектар және 500 гектар соя өсімдігіне тиісті дәрі шашылмақ.
Осыншама ауқымды әрі жауапты жұмысты мезгілінде талапқа сай жүзеге асыруға қажетті техникалар жетерлік әрі сақадай сай. Қосымша бөл­шектермен толығымен қам­тамасыз етілген. «Фитосани­тария» РМК-на қарасты техника тұрағы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылдық округінде орналасқан. Бұл тұрақтан түрлі-түрлі өсімдік зиянкестеріне дәрі шашатын алуан-алуан техникаларды көптеп көресіз. Мысалы, күшті қуатпен 10 метрден астам қашықтыққа дейін сұйық дәріні бүркіп шашатын техникалардың алуан түрі бар. Бүгінде италиялық «Каппиана 1500» маркалы сегіз сүйретпелі қуатты бүріккіш, сыйымдылығы 400-600 литрлік бес қуатты бүріккіш, ресейлік штангалы «ОП-2000» маркалы бүріккіштер және осы аталған бүріккіштерді тіркейтін әртүрлі маркалы жаңа тракторлар аудан-ауданда сапарда жүр. Олардың қатарында сегіз «МТЗ-82,1» тракторы, екі «John Deere», үш «LYH 50400 JO» тракторлары бар.
Сондай-ақ иыққа асылатын дәрі шашқыш жиырма бес моторлы бүріккіш шаруашылық ісінде жиі қолданылады. Атал­ған дәрі шашқыштардың сапа­лылық жағдайы да, тиімділігі де жоғары. Оларға қажетті қосымша бөлшектер кәсіпорын қоймасында бар­шылық. Алматы облысының әр түпкірінде жұмыс істеп жүрген техникаға қосымша бөлшектерді жедел жеткізу жақсы жолға қойылған.
Ауа райының биылғыдай, жаңбырлы, өте ылғалды болуы өсімдіктер мен бау-бақшаларда неше түрлі зиянкестердің өсіп-өнуіне қолайлы болып тұр. Осыны ескерген кәсіпорын директоры Саяхат Ақанов биылғы науқандық жұмысты жылдағыдан сәл ерте бастады. Жауапкершілігі зор жұмысты атқару үшін кәсіпорынның мына төмендегі білікті мамандары іскерлік танытуда. Директордың орынбасары Е.Ж.Терлікбаев, есепші Г.С.Қоңырбаева, фито­санитариялық қауіпсіздік бөлі­мінің бас маманы Г.Г. Шарипова, бөлімнің жетекші мамандары В.М.Берестов пен М.Қ.Сабиров, кадр бөлімінің маманы Г.С. Сүйелменова сынды қызметкерлер жауапы іске лайықты үлестерін қосып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей С.Қ. Ақанов жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің грамотасымен, мерекелік медальдармен, республикамыздың мақтау грамоталарымен әлденеше рет марапатталған.
Ұжымның үлкеніне де, кішісіне де, жас мамандарға да үнемі қамқорлық жасап, олардың халыққа жақсы қызмет көрсетуіне ықпал етіп отырады. Ал мұндай қамқорлық еңбек өнімділігінің артуына жақсы әсер етуде. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы еңбегімен, төккен терімен өсіріліп, өндірілген өнімдеріне сантүрлі зиянкестердің зиянын тигізбеуге өз уақытында барынша көмек жасауда. Кәсіпорын мамандары мен механи­затор­лары облысымыздың аудан­дарындағы жеке шаруа­қожа­лық­тарының егістіктері мен бау-бақшаларында жауап­ты жұ­мыс­тарын жалғас­тыруда. Мақ­­саттары – отандық өнім­дердің сапалы болып, молы­нан өндіріліп, тұтыну­шылар­дың талап-тілегінен шығу. Сонымен қатар баршамыз демалатын оттегінің молая беруіне де үлестерін қосуда. Жақында ғана кәсіпорын мамандары алма бақтары мен өсімдіктерге ар­найы техникамен дәрі шашу үшін Панфилов ауданында болды. Осы орайда Панфилов ауданындағы аудандық-аумақтық инспекция басшысы Абай Нұрымов пен оның мамандарының еңбегін атап өткен жөн. Биылдың өзінде Панфилов ауданы бойынша 12 мың гектар алмабақ пен өсімдіктерге зиянкестерді жою үшін әртүрлі дәрілер шашылады. Бұл жұмыста аудандағы білікті бас мамандар Адилиям Розиева, Жұмабике Жұмабекова, Марат Жексенбиев өсімдік зиянкес­терінің жолын кесіп, өндірілген өнімдердің сапалы болуына бар мүмкіндіктерін іске қоса отырып, бір жеңнен қол бір жаға­дан бас шығарып еңбек етуде.

Садық ЖҰМАБАЙ,
Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың иегері.

Панфилов ауданы
Алматы облысы

Жауап қалдыру