$22 млрд қаржы бұғатталды Ұлттық қор неге сауатты басқарылмайды?

0
89

Өткен жылдың 21 желтоқсанында АҚШ-тың «New York Mellon» (BK.N) банкі Қазақ­стан­ның Ұлттық қорына тиесілі 22 миллиард дол­лар көлеміндегі активін бұғаттағанын хабар­лады. Бұл шешім молдовалық инвестор Анатол (Анатолий) Стати мен оған тиесілі бірнеше компанияның Қазақстан үкіметін өздерін шығынға батырды деген арызы бойынша қабылданған. Соңғы уақыттарда Ұлттық қор жұмысы мен қор қаржысының жұмсалуына алаңдаушылық көбейіп барады.

Келешек ұрпақ үшін деп ашылған Ұлттық қор қаржысына ел үкіметі мұнайдан түсетін табыстың күрт азайған сәтінде-ақ қол салған. Небәрі 3-4 жылда қор көлемі екі есеге азайып, 57 млрд долларды көрсетіп тұрды. Сол қор қаржысының бүгінде 40 пайызы бұғатталып отыр. Бұған Қазақстан үкіметі мен молдовалық әкелі-балалы кәсіпкерлер Анатол және Габриэль Статилердің арасындағы бірнеше жылға созылған сот процесі себеп болған. Кәсіпкерлердің өкілі Крис Уинанстың БАҚ-қа айтуынша, Ascom Group компаниясының қожайыны Стати Қазақстанға бір миллиард доллардан астам инвестиция құйған, бірақ кейін бұл қаржы ел үкіметінің иелігіне «өтіп кеткен». Сотқа шағым түсірген кәсіпкерлер Қа­зақстанның мұнай мен газ саласына инвестиция салған соң мемлекеттің өздеріне үлестерін арзанға сатуды ұсынып, қысым жасағанын мәлімдеген. Ал Қазақстанның Әділет ми­нистрлігі «Ста­ти ұзақ жыл­дар бойы Қа­зақстанда алаяқ­тық жүйе ұйымдас­тырып, қар­­жы есеп­терін бұрма­лаған, Маң­­ғыстаудағы газ өң­­деу зауыты құрылы­сының құнын асырып көр­сет­кен», – деп отыр.
Қалай болғанда да Ұлт­тық қор төңірегіндегі дау ұзаққа созылар түрі бар. Былтыр халық мазасын зейне­­тақы қоры қашырса, биыл Ұлт­тық қордың басындағы дау бар­шаны алаңдатып тұр. Ұлттық қор о баста норвегиялық үлгі бойынша құрылып, жұмыс атқарады деп мәлімделген болатын. Алайда қорды басқарудағы кәсібилік төмен болып шықты, ашықтық жағы сын көтермейді. Әлемге белгілі ивестициялық Legal & General Investment Management компаниясының са­рапшысы Саймон Куиджано-Эванс Қазақ­стан­ның Ұлттық қор мәселесі жайлы Reuters агенттігіне берген сұқбатында: «Қордың 40 пайы­зының бұғатталғаны мемлекеттік бас­қарудағы қателіктен туындаған. Сондық­тан бұл мәселені саясаткерлер ерекше назарға алуы тиіс», – деп есептейді. Ұлттық қорды басқаруда кеткен өрескел қателіктер елімізге орасан қымбатқа түсуі ықтимал. Себебі, молдовалық кәсіпкер Анатол Статидің Қа­зақстан үкіметінен талап етіп отырған қар­жы­сы 4 млрд доллардан асып жығылады.
Ұлттық қор мәселесіндегі алаңдатарлық тағы бір мәселе – қаржының оңды-солды жұмсалуы. Ең басты шығындар қатарында теңгенің тұрақтылығын сақтау мен бюджет тапшылығын жоюға арналған. Ол аз десеңіз, екінші деңгейлі банктерге берілетін мемле­кеттік көмектер. Осыған тиесілі қаржы­ның бәрі Ұлттық қордан алынған. Мәселен, 2014 жылдан бері 50 млрд долларға жуық қаржы аталмыш көмектерге «жұм­сал­­ған». Үкімет мүшелері мақтанып айтып жүрген «норвегиялық үлгідегі қорымыз» күннен-күнге сарқылуда. Ал сол бізге үлгі болып отырған Норвегия қоры 2017 жылы мемлекеттік инвестициялық қорлар арасында рекорд жасап, қордағы қаржысын 1 трлн доллардан асырды. Қызметкерлерінің саны мыңға да жетпейтін нор­вегиялық қордың табы­сына таң қалмасқа бол­майды. Норвегиялық қор расы­мен де келешек ұрпақ үшін сақталып отыр. Мем­­лекет бюд­жеті қор­­дан жы­лына тек 3 пайыздық қана мөл­шер­де қаржы ала ала­ды.
Бұл заңмен қатаң реттелген жүйе. Ал біздегі жүйеде бәрі керісінше. Үкімет қалаған уақытында қор қаржысына қол салып, бюд­жет шығындарын жаба алады. Халық­ара­лық имиджді көтеруге бағытталған түрлі жоба­ларды қаржылан­дыру да Ұлттық қор есебінен жү­зе­ге асы­рылып жүр.
Осы жөнінде Сенат төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаев та: «Бірқатар сарапшылардың пайымынша, Ұлттық қор қаржысын пайда­лану­дың қазіргі тәжірибесі ұзақмерзімді перс­пек­­тивада Үкіметтің экономикалық саяса­ты тиім­ділігінің төмендеуіне соқтыруы мүмкін. Бұған ағымдағы проблемаларды жедел шешу үшін тұрақты қаржы көзінің болуы (Ұлттық қордан) ықпал етуде. Басқаша айтқанда, Ұлттық қор Үкіметті босаңсытып отыр», – деп мә­лімдеді. Бұл пікірмен толық келісуге бо­лады. Үкімет үшін таусылмастай көрі­­нетін қор қаржысы осы үрдіс жал­ғаса берсе тез арада-ақ түбі көрінері сөзсіз. Алысқа бар­май-ақ бұған көрші Ресей­дің «Резервтік қоры» 1 қаң­тардан бастап жұмы­сын тоқтатқаны мысал. Ресейдің ертеңгі күнге арна­ған «Резервтік қо­ры­ның» қаржысы мұ­най-газ шикізаттарына деген баға шарықтаған тұста 100 млрд доллар­д­ан асып дүріл­де­генмен, кө­мір­сутегі ши­кі­заттарының баға­сы құл­дыраған тұста қор кө­­лемі күрт кеміді. 2017 жыл­дың 1 желтоқсанында қор­да қалғаны небары 17 млрд доллар ғана екен. Бұл Ресей сияқты алып мемлекет үшін түкке тұрмайтын болмашы қаражат. Батыстық санкциялар Ресей үкіметін «дорба түбін қағуға» мәжбүр етіп отыр. Осының салдарынан «Резервтік қордың» қалған қаржысы енді Ресейдің «Ұлт­тық әл-ауқат қорының» қарамағына бе­ріл­ді.
Бүгінде Ұлттық қор төңірегідегі қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешудің қажет екендігі айқын болып отыр. Елбасы жақында БАҚ өкілдерімен құрған сұқбатында еліміздегі Ұлттық қор мен Зейнетақы қорын біріктіру туралы ұсыныс та айтқан болатын. Бірақ көп сарапшылар бұл қатаң бақылау мен ашықтықты талап ететіндіктен асықпаған жөн деп есептейді.
Тағдыры тәлкекке түскен қордың қаржы­сына байланысты сот отырысы Ұлыб­ри­танияда 2018 жылдың қазанында өтпек. Қа­зақстан мүддесін сотта Herbert Smith Freehills LLP халықаралық заң фирмасы қорғамақ. Ең бастысы Ұлттық қор қаржысы талан-таражға түспей сақталса болғаны. Мұнан бөлек бұл сот процесі халықаралық беделіне үлкен мән беретін Қазақстан үшін үлкен сын болғалы тұр.
Қазақстан Республикасының Әділет ми­нист­р­лігі жақында ғана Ұлттық қорға бай­ланысты БАҚ үшін арнайы ақпараттық ха­бар­лама таратты. «Бүгінгі таңда Әділет министрлігі БАҚ қызықтыратын іс туралы барлық мүмкін ақпаратты ұсынды. Қосымша түсініктер ел үшін теріс салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан, Министрлік босатудың немесе істің басқа аспектілерінің келешегіне түсініктеме бермейді. Бұл басқа тараптан Қазақстан Республикасының мүдделеріне қарсы қолданылуы мүмкін және сотқа қысым ретінде қаралуы мүмкін», – делінген ми­нистрлік сайтында.

Жүсіп ЖҰБАТ,

«Президент және Халық»

Жауап қалдыру