2018: Қазақстан экономикасын не күтеді?

0
114

Жуырда әлемдік қаржы орталығы саналатын Дүниежүзілік Банк ағымдағы жылға өз болжам­дарын жасаған болатын. Баяндамада Еуропа, АҚШ, Қытай және Жапон елдерінің экономикалық хал-ахуалы жақсарып, ары қарай даму жолымен жылжитындығы айтылады. Ал шикізат экспортына тәуелді мемлекеттердің экономикалық өсімі көңіл көншітерлік емес. Әсіресе АҚШ-тың салған кезекті санкциялары Ресейге үлкен соққы болмақ. Бір экономикалық одақ аясында өмір сүріп, алыс-берісте жатқан Қазақстан үшін де бұл оңайға соқпасы анық. Осы кезекте 2018 жылы Қазақстан экономикасы үшін қауіп туғызатын құбылыстарды санамалап өтуді жөн көрдік.
АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин ағымдағы жылы Ресейге қарсы жаңа санкциялар әзірленіп жат­қан­дығын хабарлаған бола­тын. Кезекті санкция Ресей бас­шылығына тікелей ық­палы бар заңды тұлғалар­ға салынбақ. Бұны Ре­сей олигархтарының ше­тел­дік қаржы нарығына шығу жолын бөгеу деп ұққан жөн. Себебі, бүгінде Ресей­дің ең ірі мемлекеттік Внешэко­номбанк, Сбербанк, ВТБ, Газпромбанк, Россель­хоз­банк секілді қаржы ұйым­дары санк­цияға ілінген. Осы­ның кесірінен Ресей банк­тері елдегі кәсіпкерлерді қар­жыландыра алмай отыр. Биліктің тосын әрекеттерінен шошынған шетелдік инвес­торлар да елден қашуда. Мысалыға, 2017 жылдың аяғында Ресейден сыртқа кеткен қаржы көлемі 30 млрд долларға жуықтады. Бұл 2016 жылмен салыс­тырғанда 3 есе жоғары. Батыс елдерін шикізат өнімдерімен қыс­паққа алмақ болған билік әрекетінен де түк шықпады.
Банк жүйесіндегі тоқырау мен қаржы тапшылығы ел­дегі кәсіпкерлікке үл­кен соқ­қы болып отыр. Бүгін­де ең төменгі күнкөріс деңгейі­нен аз табыс табатын ха­лық саны 21 млн-ға же­туі осының салдары. Феде­раль­дық бюджет тап­шы­лы­ғы да биліктің маза­сын ке­тірді. Ресей билігі бюд­жет тапшылығын жою мақса­тын­да Резервтік қорға қол са­луға мәжбүр болды. Нә­ти­жесінде небәрі бір жыл­да қор қаржысы 45%-ға аза­йып, дорба түбінде қал­ған 17 млрд доллар «Ұлт­тық әл-ауқат қорының» қара­мағына берілді. Аталмыш Ұлттық әл-ауқат қорының да жағдайы мәз емес. Соңғы мәліметтер бойынша қорда 60 млрд доллар ғана қаржы қалған көрінеді. Батыс ел­дерімен текетіреске түс­кен Ресей үшін бұл қаржы көлге тамған тамшыдай.
Ал енді осының барлығы біздің елге қалай әсер етпек? Соған тоқталсақ. Батыс нарығына жолы жабылған Ресей өз өнімдерін Орта Азия елдеріне өткізе бас­та­ды. Оның ішінде Еура­зиялық экономикалық одақ­тағы Қазақстан көп зардап шегуде. 2017 жылы Ресейден елімізге экспортталатын тауарлар 3 есеге артқан. Қазақстанға сырттан келетін импорттың 38%-ы Ресейге тиесілі екен. Нақтырақ айтар болсақ өткен жылы еліміз 6,2 млрд доллар қаржыны ресейлік кәсіпкерлерге ұс­тат­қан. Жылдан-жылға ре­сей­лік өнімдердің елімізге еселеп импортталуы отан­дық кәсіпкерлерге кері әсер етуде. Мұнан бөлек қаржы тапшылығын бастан кешіріп отырған Ресей рубльдің құнсыздануына және жол беруі мүмкін. 2014 жылы рубльдің құнсыздануы Қа­зақ­стан экономикасына соқ­қы болғаны есімізде. Осын­дай жағдайдың қайта­ланбауы үшін ел билігі отандық өнім өндірушілерді сыртқы қауіптерден қор­ғап отыруы тиіс деген пікір­лер де жоқ емес. Алай­да Дүниежүзілік банк сарап­шыларының пі­кірінше Қа­зақстан шикізатқа негіз­делген экономикадан арыл­майынша бұл мәсе­лелер толық шешімін таппайды. Ел экспортының басым бө­лігі шикізат бола тұра ре­сей­лік өнді­рушілермен күресу қиын­­ға түспек.
Расымен де Қазақстан бюд­жетінің басым бөлігі шикізат экспортынан құра­латындығы мәлім. 2017 жылы шикі мұнайды экспорттау елімізде 37%-ға артып, 50 млн тонна шикізат өнімдері сыртқа кеткен. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мұ­най­дан ел қазынасына 20 млрд долларға жуық қаржы түскен. Нәтижесінде Қазақ­станның ЖІӨ өсімі 4,3%-ды көрсетті.
Дүниежүзілік банк «бұл өсімді экономикалық жетістік ретінде бағалауға асықпау қажет» дейді. Себебі, 2017 жылғы мұнай бағасының қымбаттауы мен Қашаған кен орнының іске қосылуы Қазақстан экономикасына оң әсер етті. Алайда 2018-2020 жылдары шикі мұнай бағасы айтарлықтай өзге­ріссіз қалатынын ескер­сек, ЖІӨ өсімі де 3-4% төңі­регінде болады. Еліміз­дегі Дүниежүзілік банк­тің тұрақты өкілі Ато Браун «Қазақстан билігі экономиканы әртарап­тандырып, дамудың басқа көздерін ашпайынша тұрақ­ты дамуға қол жеткізе алмай­ды», – дейді.
Қазақстанда ауыл шар­уа­­шылығы мен жеңіл өнер­кәсіптің мүмкіндігі мол. Бі­рақ үкімет әлі күнге дейін квазимемлекеттік ком­пания­ларға үміт артып келеді. Мысалыға, ел қазынасына мол салық төлейтін 50 ком­панияның 80%-дан астамы шикізат өнімдерін сату немесе өндірумен айналысады. Мұнан қалды бұл ком­паниялардың басым бөлігі мемлекетке тиесілі. Әлемде оралымдылығы жө­нінен алда жүретін Microsoft, Facebook, Ama­zon, Alibaba сынды алып ком­пания­лардың өзі бір­не­ше құрылымдарға бө­­лініп, өзін-өзі тәуелсіз бас­қаруға көшіп жатыр. Ал Қа­зақстанда керісінше бар­лығын бір орталыққа ба­ғындыру саясаты жүру­де. «Осының барлығы Қа­зақ­стан экономикасының ая­ғына салынған тұсау секілді» деген қорытынды шы­ға­рады Дүниежүзілік банк сарапшылары.
Ел үкіметі басты назар­да ұстауы тиіс өңдеу өнер­кәсібінің үлесі 2017 жылы ЖІӨ-де 12%-ды ғана құра­ды. Жер қойнауында жат­қан шикізатты сатып, эконо­микалық өсім көрсет­кенмен шын мәнінде ел эко­номикасы тұралып тұрғаны ақиқат. Үкіметтің 2020 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесін 45%-ға жеткізу мақсатының ауы­лы алыс.
Сондықтан «билік Ресейдің экономикалық басымдығын жеңу үшін экономиканы қайта құрылымдаған жөн» дейді сарапшылар. Өндіріс саласы артта қалғандықтан Қазақстан өз ішкі сұранысын да қанағаттандыра алмауда. Нәтижесінде елдегі инф­ляция деңгейі жылдан жылға өсуде. Мысалыға, 2017 жы­лы инфляция деңгейі 7%-ды құраса, 2018 жылы 10%-ға жетуі ықтимал.
Қазақстан экономикасы үшін 2018 жыл оңайға соқпайын деп тұр. Ресей билігінің Еуропа және АҚШ елдерімен тікетіресі біз­ге де ауыр салмақ са­лары сөзсіз. Одан қалды Қытай үкіметін мерзімсіз бас­қаруға қол жеткізген Си Цзиньпин де Орталық Азия­ны (әсіресе Қазақ­стан­ды) негізгі шикізат көзі санайтынын жасырмаған. Осы­лардың барлығы жиыла келіп ел экономикасына сырт­тан төнер қауіп-қатерді кө­бейтпек. Билік осындай қатерлерді ескеріп эконо­ми­каны реформалауға үл­кен күш салуы қажет.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«P&H»

Жауап қалдыру