КИнЭС-2018 кітабына енген тоқымашы шебер

0
41

Тоқыма – ұлттық құндылығымызды паш ететін, мұқият шеберлікті қажет ететін өте күрделі өнер. Осындай он саусағынан өнері тамған тоқымашы жігіт Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан дарынды балаларға арналған «Бал­дәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығында технология пәнінен сабақ береді. Есімі – Жартыбеков Нұрлан Оралбайұлы.
Нұрлан Алматы облысы, Райымбек ауданының Тұйық ауылында 1989 жылы дүниеге келген. Әкесі 44 жыл бойы шахтада жұмыс істеп, Қазақстан мен Қытай шекарасы маңындағы Хан тәңірі тауында алтын өндірумен айналысқан. Қазір зейнетте. Анасы Райымбек ауда­нындағы атақты Көлсай жері­нің Саты ауылында 1962 жылы дүниеге келген. Жас­та­йынан қиыншылық көріп өскен анасы ісмер, ауыл-аймаққа қадірлі, жетім-жесірлерге мейірімді, жоқ-жітіктерге жомарт кісі болған. «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» демекші, то­қымашылық Нұрланға на­ғашы жұртынан қонған өнер. Анасының інісі – Темір­хан белгілі ағаш ұстасы, сандық, домбыра, жиһаз т.б. көп­теген ұлттық бұйым жасаудың хас шебері.
«Осыдан 10 жыл бұрын ауыр науқасқа ұшыраған анам тоқыманы тоқтатып, бір жыл ем-домнан кейін құ­рақ құрау, қыз жасауын жаб­дықтаумен айналысты. Бұ­йымдары шетел асып Германия, Қырғызстан, Ресейге дейін сатылды. Жағдайы төмен отбасыларға, науқас балаларға заттай көмек беріп жүрді. Оны біздерге айтпайтын, бірақ балалары сырттай біліп жүретінбіз. Әке мен ана тәрбиесін алдым. Көпшілікке көмектесу әдетіме айналды. Балалар үйіне бару, тағы да басқа қайырымдылық жасау – мен үшін ең ізі іс», – дейді тоқымашы жігіт екеуара әңгімесінде.
5 жасынан бастап қолына біз ұстаған Нұрланның ең алғашқы қолға алған бұйымы – шұлық, оны анасының көмегімен тоқыған. Анасының иіріп қойған жібін білдіртпей алып, тоқымасына қарап үйренген және тоқыған затын бір аптада бітірген. 4-сыныптан бастап ұршық иіріп, өзі тоқыған шұлықтарды ауыл тұрғындарына сата бас­тапты. Өнеріне баға беріп, талабына куә болған, қолы­нан шыққан заттарын алғаш тұтынған Тұйық ауылы­ның тұрғындары екен. Ұл бала­сының қолына жіп пен біз алып, тоқыма тоқып отыр­ғанын әбес көрген әкесі ал­ғаш­қыда өнеріне қарсылық біл­діріп: «Қыздың жұмысы, одан да суретіңді сал», – деген кездері де болған.
Нұрлан балалық шағының ұмытылмас бақытты сәтін былай есіне алады: «Ең алғаш қолымнан шыққан, тоқы­ған әдемі орамалды сатуға шығардым. Қойған бағам – 2000 теңге. Менің өнері­ме ерекше ықылас таныт­қан ауыл тұрғыны, бір жа­ғы­нан баланың меселін қайтар­майын деген ойы да болды ма, өнерің үшін деп үш есе (6000 теңге) бағасын төлеп сатып алды. Сондағы менің қуанышымды жеткізу мүм­кін емес, бір сағаттай тоқтамай көп қабатты үйді айналып жүгіре бердім, жүгіре бердім». 5-сыныпта оқитын бала үшін бұл – қиял-ғажайып оқиға, таңғаларлық нәрсе.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттің өнердің әр саласынан хабары бар. 5-сыныптан бастап сурет салудан жарысқа қатысып, жүлделі орынды ешкімге бермеген, ұлттық асық ойнынан жеңіліп көрмеген. Бала кезінен еңбекке ерте араласқан Нұрлан 4-сыныптан бастап саңырауқұлақ теруді әдетке айналдырады. 8 шақырым жердегі орманға жаяу барып, саңырауқұлақ теріп, қайнатып, оны сатады. Бұл кәсіппен 27 жасына дейін айналысқан ол саңырауқұлақтың 300-ден астам түрін біледі.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарды Нұрлан былайша есіне алады:
«Ауыл тұрғындары үшін күнделікті тамақты тауып жеудің өзі мұң болған кезең еді. Менің нағашы әкем бидай өсіріп, оны диірменнен ұн қылып тартып әкеледі, өзі өсірген шемішкені әкеледі, мен оны қуырып сататынмын. Қолғап, шұлық, орамал, тақия т.б. тоқып, ұнға айырбастайтынмын. Бір қап ұнды жұрт бір тайға айырбастаған кезде, біз тоқымаға айырбастайтынбыз. Ескі аяқ киімнің табанын тауып алып, тоқыма тоқып, аяқ киім жасап алатынмын».
Міне, бала кезінен еңбекпен өскен, тапшылық кезеңдерде өнерімен нан тауып, ата-анасына, бауырларына қол­ғабыс жасаған азаматтың ізінен ерген жеткіншектерге берер тағылымы бұл.
Нұрлан 9-сыныпты тәмәм­да­ған соң, Орал Таңсық­баев атындағы Өнер коллед­жінің «Дизайн-кескіндеме» бө­ліміне оқуға түседі. Ал­ғашқы студенттік шағынан-ақ тоқыма тоқып, оны са­тып, көрмеге қатысып, өзінің тоқу өнерімен танымал бола бастайды. 2009-2013 жыл­дары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­сите­тінің «Көркем кескіндеме» факультетінде жоғары білім алады. Алғаш еңбек жолын Тұйық ауылының «Тұйық» орта мектебінде 2013-2015 жылдары сурет және еңбек пәнінің мұғалімі, сынып жетекші болып бастайды. Арадағы бір жыл үзілістен соң Жалаулы ауылындағы «Жалаулы» орта мектебінде сызу, сурет, еңбек пәндерінің мұғалімі болады. 26 бала топтастырылған қосымша тоқыма өнері үйірмесін жүргізеді. 2015 жылы Райымбек ауданы Кеген орталығында «Өнер» мектебі ашылып, сонда тоқыма өнерінен сабақ береді. Кейін отбасылық жағдайға байланысты Талдықорған қаласындағы «Оқушылар сарайына» ауысады.
2017 жылы наурыз айында ең алғашқы рекордын жасайды. Көзін байлап жылдамдыққа тоқиды. 1 минут ішінде 59 ілмек жасап, Қазақстан рекордын жаңартады. 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі және әлемдік банктің ұйымдастыруымен жастарға арналған «Zhas progect» бағдарламасына тоқыма өнері туралы жоба тапсырып 1 000 000 теңгелік грант ұтып алады. 400 жобаның ішінде «Үздік жоба иегері» атанады.
Нұрлан үстіміздегі жылғы маусымнан «Балдәурен-Қап­шағай» оқу-сауықтыру ор­талығында жұмыс жасап жүр. Жаңа жұмыс орнына келісімен өзін кезекті рет сынап, КИнЭС-2018 қазақстандық рекордтар кітабына енуге бел буады. 13-16 тамыз аралығында 3 тәулік бойы көз ілместен 72 сағатта 43 метрлік шарф тоқып шығады. Осылайша Қа­зақ­станның рекордын жа­ңар­тып, «КИнЭС-2018» кіта­бына енді.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші Нұрлан бірнеше өнерді бойына дарытқан азамат. Шабыт келгенде өлең жазады, сурет салады, волейбол, асық ойнаудың шебері. Қазіргі таңда қыздың жасауын, киіз үйдің сыртқы жабдықтарын, киіз үйдің ішкі жабдықтары: алаша, киіз, сырмақ, шашақ, сондай-ақ киіз үй сүйектерін жасайды. Көрпе құрайды, қыш құмыра жасаумен, зергерлік бұйымдармен айналысады, балалардың киімін тоқиды, қағаздан да түрлі кескіндер жасайды. Қолынан шыққан алуан бұйымдарының сұра­нысы жоғары.
Ұлттық өнеріміздің қыр-сы­рын бойына дарыт­қан, еңбексүйгіштігі, ізденім­паз­ды­ғы, өнерге деген махаб­ба­тының арқасында өзін үздік­сіз тәрбиелеп келе жат­қан Нұрлан Жартыбеков өне­рін жетілдіру үстінде. «Өнер­лінің өрісі кең» дегендей, 2018 жылдың қазан, қыр­күйек айларында «Хабар» телеарнасының «Таңғы бағ­дарламасы», Қа­зақстан ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасы, «Ана мен бала» бағдарламасы арнайы түсірілімге шақы­рып, бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы тоқымашылық өнері кеңінен танымал бола бастады. Қолөнер бұйым­дары сапалық тұрғыдан жо­ғары бағаланған Нұрлан алыс-жақын шетелдерге Сауд Арабиясына, Мәскеу­ге, Ка­надаға, Түркияға шақы­рылу құрметіне ие болуда.
Еңбекқор, берекелі, көр­генді, шеберлер отбасынан тәлім-тәрбие алып өскен азамат өзі де отау құрып, 2015 жылы желтоқсан айында шаңырақ көтерді. Айдана есімді жұбайы, Жасмин атты 2 жасар қызы бар.
Бүгінгі таңда Нұрлан «Бал­дәурен-Қапшағай» респуб­ликалық оқу-сауықтыру орта­лығында еліміздің түкпір-түкпірінен келетін дарынды ба­лаларға тоқыма өнерін үйретіп, «Шеберлік сыныбын», үйірме жұмыстарын жүр­гізуде. Технология пәні­нің мұғалімі, әріптесіміз, то­қымашы шебер Жартыбеков Нұрлан Оралбайұлының алар асуы, берер тағылымы, бағындырар белестері әлі алда екеніне, ұлт мақта­нышына айналарына кәміл сенеміз.

Ақманат ШАМАХОВА,
«Балдәурен-Қапшағай» оқу-сауықтыру
орталығының мектеп директоры,
филология ғылымдарының кандидаты,
«Үздік педагог – 2017» республикалық
байқауының жеңімпазы

Жауап қалдыру