Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға нақты заңдық мәртебе қажет!

0
61

Соңғы уақытта елімізде көтеріліп жүрген басты мә­селелердің бірі өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Бұған себеп шенеуніктердің өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға мемлекеттік салық салу керек деген пікірі. Бұл пікір бойынша ресми жұмыс істеп, салық төлеп жүрген азаматтар секілді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар да тегін медициналық көмек алып, олардың балалары ақысыз білім алуда, мамандыққа тегін оқытылуда. Олар елдің бюджетіне ештеңе де салмастан, әлеуметтік қорғауға, зейнеткерлікке үміттенеді. Бұл дұрыс па? Олар да салық төлеуі тиіс қой. Алайда, мемлекеттен бір тиын сұрамай, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар салық төлеуге қаншалықты міндетті? Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандар туралы не білеміз?
Ең алдымен өзін-өзі жұмы­спен қамтамасыз етушілер жайлы сөз қозғасақ. Бүгінде елімізде 3 млн-ға жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтитындар санатында. Бұл азаматтар жұ­мыс­сыздар қатарына жатқы­зыл­маған. Жалпы өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтып жүргендер дегеніміз – бұл өзінің қызметін өзі ұйымдастырып, өзін-өзі жұ­мыспен қамтамасыз ететін адамдар. Оларға жеке кәсіп­керлер, қазіргі кездегі аса­баларды, сатушыларды, такси жүр­гізушілерін, құры­лысшы­ларды, ауылда 5-6 малын бағып отырған шаруаларды және т.б. жат­қызуға болады.
Олардың қаладағы үлес салмағы 30 пайыздан асып жы­ғылса, ауылда – 70 пайыз шама­сында. Қаладағылардың басым бөлігін базарларда сауда жасайтындар, енді бір бөлі­гін ауылдан келіп, құрылыс сала­сында бейресми жұмыс істеп жүрген жастар құрайды екен. Ал, ауылдағы өзін-өзі жұ­мыспен қамтушылардың басым бөлігі өз малын бағып, күнелтіп отырғандар. Олардың бәріне тән мәселе – салық пен зейнетақы. Өйткені, олардың ешқайсысы салық төлемейді, зейнетақы жинақтау қорына жарна аудар­майды. Бұл топтағыларды жұ­мы­сы бар деп те, жұмысы жоқ деп те айта алмайсың. Жұ­мы­сы бар дейін десең, ресми жалақы алмайды, салық төле­мейді, зейнетақы қорына ақша аудар­майды. Жұмыссыз десең, нәпақа тауып, отбасын асырап жүр.
Сондықтан ел билігі де бұл мәселені басты назарға алған. Өзін-өзі жұмыспен қам­ту­шы­лардың қызметін рес­милендіру жайы үкіметте сөз болғалы біршама уақыт өтті. Үкіметтің бұл мәселеге көңіл аударуы да жайдан-жай емес. Біріншіден, өзін-өзі жұмыс­пен қамтушылардан бюд­жет­ке салық түспейді.
Ресми жұмыс істемеген­дік­тен саудагерлерден базар қожа­йындарының қалтасына түсіп жатқан қаржы көлемі де белгісіз. Соның салдарынан ірі қала­лардағы базар басшылары жүз миллиондаған салықтан құтылып отыр. Екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар зейнетақы қорына ақша аудар­майды. Ал, бұл біраз жыл­дан соң үлкен әлеуметтік мәселе туындатуы мүмкін. Өйт­кені, ертең-ақ олардың ал­дынан зейнетақы мәселесі шы­­ғады.
Зейнетақы қорына ақша ауда­рылмағандықтан, олар зейнет­керлікке шыққанда тек база­лық зейнетақыдан ғана үміт­тене алады. Оның бүгінгі күнгі мөлшері 14466 теңгені құрайды. Ал бұл жанбағыс үшін тым аз қаржы.
Алайда, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың басым бөлігі өз жұмыстарын ресмилендіруді қаламайды. Өйткені, олардың табыстары тұрақты емес және аз. Аз табыстан салық төлегісі келмейді. Сондықтан олардың болашағы бұлыңғыр, ертең жанбағыссыз қалу қауіпі басым. Көпшілігі бүгінгі күнмен өмір сүреді. Сондықтан зейнетақы қорына ақша аударуды ойла­май­ды да. Олардың пайым­дауынша, қызметтерін ресмилендіру – жағдайды оңал­тпайды.
Алматы – Талғар бағытында қаты­найтын Ерқанат атты таксист жігітті сөзге тартып, қызметін ресмилендіру жайын сұрағанымызда мынадай жауап алдық. «Менің негізгі маман­дығым – мейіргерлік. Алайда жұмыс жоқ. Жұмыс тапқанның өзінде айлығы 30-35 мың ғана, бұл отбасыма жет­пейді. Сондықтан осы көлі­гім­мен жанбағу үшін таң ат­қан­нан кеш батқанша адам тасимын. Ал қызметімді ресми­лендіруге келсек, ол үшін мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелуім керек. Одан кейін ай сайын салық төлеуге тиіспін. Мұның бәрі мен үшін ауыр. Күндік табысым отбасымнан аспайды. Күнім жақсы өтті дегеннің өзінде 5000 теңге табыс табамын. Оның ішінен жанармай мен түстік асымды және тұраққа беретін шығындарымды есеп­тесек, маған қалатыны 2000-2500 теңге ғана. Бұл күнде емес, кейде 1000 теңге ғана тап­қан кездерім болады. Өзім үкіметтен жұмыс тауып бер деп жатқаным жоқ. Тек осы тауып жүрген жарты нанымды бөліп бер демесе болғаны», – дейді. Ерқанат сияқты жан­дар кездейсоқ нәпақаны қана­ғат тұтқанына қарамастан, жұ­мыс­пен қамтылған халықтың са­на­тына жатады. Сон­дықтан, ста­тистика агенттігі Қазақ­стан­дағы жұмыссыздық дең­гейін небәрі 4-5 пайыз деп баға­лайды. Агенттік есебінше, қалған адамдардың жұмысы бар. Бірақ осы «жұмысы бар адамдардың» үштен бірі – «өзіне жұмыс істейтін» жандар.
Өзін-өзі жұмыспен қамту­шы­лардың көбі тұрақсыз та­бы­сынан салық төлемейді, зей­не­тақы жарнасын аудар­май­ды. Қағаз жүзінде жұмы­сы барлар
қатарына тіркелген­дердің келешектегі кәрілігі де іс жүзінде емес, қағаз жүзін­де қамтамасыз етіледі. «Өзін-өзі қамтитын» жандар Қазақ­станда жұмыссыздарға бері­летін мардымсыз жеңіл­діктерді де ала алмайды. Мысалы, жұ­мыссыздығы үшін берілетін ең көбі 20 мың теңгеге де жетпейтін жәрдемақы «өзін-өзі қамтығандарға» беріл­мейді. Олар жұмыс іздегенде жұ­мыспен қамту ведомство­ларынан көмек күтпейді. Себебі, елімізде жұ­мыс­сыз мәрте­бесін алу өте қиын. Мысалыға, ауылдық жер­лерде тұратын жұмыссыз адам жергілікті әкімшілікке ба­рып, «жұмыссыз» азамат ретінде тіркелуі тиіс. Әкімшілік оған он күн ішінде бос жұмыс орындарын ұсынады. Алайда бұл жұмыс орындарының жала­­қысы тым төмен.
Ал бұл жұмыс­тан бас тарт­саңыз сіз «жұ­мыссыздар» тізі­мінен шыға­ры­ласыз. Егерде жұ­мыс табылмаған жағдайда өзіңіз­дің жұмыссыз екендігіңізді әр он күн сайын растап отыруға тиіссіз. Расталмаған жағдайда тізімнен шығарыласыз.
Көріп отырғанымыздай бұл өте тиімсіз жүйе. Ешбір азамат он күн сайын әкімшілік есігін күзеткісі келмейді. Оның орнына біреудің малын бақса да, жеріне су қойып берсе де ақша тапқанды жөн санайды. Міне, осы жағдаяттар көптеген азаматтардың «жұмыс­сыз» ретінде тіркелуіне кедергі.

Енді шет мемлекеттерінің осы мәселені шешу тәжіри­бесіне көз жүгіртсек. АҚШ-та өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деген заңдық ұғым жоқ. Мұнда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар дегеніміз – жеке қызмет көрсететін дәрігерлер, заңгерлер, көлік жүргізушілер бұлардың бәріне ортақ нәрсе жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі. Бүгінде АҚШ-та өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар 7 пайызды құрайды. Енді салық мәселесіне келсек, америкалық өзін-өзі жұмыспен қамтушы айлық табысы 400 доллардан аспаса әлеуметтік салықтардан босатылады. Тек медициналық сақтандыруға ғана табысының 2,4 пайызын салуға міндетті.
Айлық табысы 400 долларға жетпейтін азаматтар кәсібін жүргізуге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар алып отырады. Ал енді жұмыссыздар мәсе­лесі­не келсек, АҚШ-та бұл мәсе­ле де жіті бақылауда. АҚШ-та жеті күн жұмыссыз қалған адам «жұмыссыздар» тізі­міне енеді. Еңбек бюросы оның маман­дығына сәйкес алты ай ішінде жұмыс тауып беруге мін­детті.
Ал осы аралық­та мемлекет тара­пынан жұмыс­сыз азаматқа жұмыс өтіліне байланысты 250-1200 долларға дейін жәрдемақы төленеді. Қазіргі таңда АҚШ-та жұмыссыздар 4,3 пайызды құрап отыр. Бұл соңғы 16 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Қарт құрлықтағы экономикасы озық Германия мемлекетінде де бұл мәселе түпкілікті шешілген. Мұн­да өзін-өзі жұмыспен қамту­шы­ларды «еркін кәсіп иелері» деп атайды. Ал олардың қызметі толық заңдастырылған. Германия әлемде салық жүйесі күрделі және әлеуметтік салық­тары көп ел. Сондықтан Гер­ма­нияда жеке кәсіпкер ретінде тіркелу оңай шаруа емес. Со­ған қарамастан мұнда 1 млн-нан астам өзін-өзі жұмыспен қамтушы бар. Бұл жерде де айлық табысы 4500 еуродан аспаса әлеуметтік салықтардың көбінен босатылып, тек қана ме­дициналық сақтан­дыру жарна­сын ғана төлейді. Ал көрсе­тілген табыс мөлшері­нен көп қаржы тапса, әлеумет­тік салықтармен қоса «жұмыс­сыз­дар» үшін табысы­ның 3 па­йызын арнайы қорға төлеуі тиіс.
Байқағанымыздай батыс ел­дерінің салық жүйесі халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған. Бұл елдерде «жұмыссыздар» үкімет­тің басты назарында. Себебі осы көрсеткішке қарап олар елдің экономикалық жағда­йын дөп басып айта алады. Ал біздің елде керісінше «жұмыс­сыз­дар» қоғам мен үкімет наза­рынан тыс қалған. Кеңестік идео­логиядан қалған «бәрі жақсы» деген ұғым шенеуніктер сана­сында шегеленіп қалған. Бұның көрі­нісі «жұмыссыздар» елі­мізде 5 пайызды құрайды деген статистика.
Әлемдік экономикада көшбас­шы­лардың бірі Францияда жұ­мыс­сыздар 9,6 пайызды құра­са, Түркия елінде 11,6 пайыз, Гер­ма­нияда 3,9 пайыз.
Көптеген сарапшылар Қазақ­стандағы «жұмыссыздар» саны әдейілеп төмендетілген дейді. Еліміздегі «жұмыссыздар» шын мәнінде 15-19 пайызға жете­ді деген пікір айтады. Егерде өзін-өзі жұмыспен қамту­шы­ларды шын мәнінде зерттеп, сарап­таса жұмыссыздар саны өсері анық. Демек, жұмыс орын­дарына деген сұраныстың қанағат­тан­дырыл­мауы халық­тың өзін-өзі жұмыс­пен қамтуын үдетеді. Шын мәнінде жұмыссыз жүргендердің ата­уын өзгерткенмен, мәселе шешілмейді. Сондықтан, айлық табысы 60 мыңға әзер жететін азаматтарға салық салу үлкен қателік.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деген ұғымға нақты заңдық анық­тама берілуі тиіс. Қазіргі жағ­дайда олардың қандай әлеу­меттік топқа жататыны белгісіз. Олардың 70 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрғандықтан толық «жұмыссыз» деп санау­ға да болатын секілді. Сондық­тан үкімет тарапынан оларды жұмыссыздар деп тану қажет. Үкіметтің ең басты қызметі – халықтың қалай күн көріп, немен айналысып отырғанын анықтап, соған қарай әлеуметтік-экономикалық саясат құрып, жұ­мыс істеу. Ал біздің үкімет нақ­ты өмірде не болып жатқаны­нан мақұрым. Содан сырттай тон пішіп, «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар 3 миллиондай екен» деп, «онда оларға салық салу керек» деген ұсыныс көтеріле кетеді. Мұндай ұсынысты айтатындар өзін-өзі жұмыспен қамти­тындардың бәрін базардағы сау­да­гер, шекесі шылқыған бай деп ой­лайды. Ауылдар мен шағын қалаларда бір-екі сиырдың сүтіне немесе еңбекақысы мардым­сыз маусымдық жұмысқа қарап отыр­ған қалың көпшілікті ескермейді. Бұл мәселені жақын болашақта шешу қажет. Өйткені, қазіргі өзін-өзі жұмыспен қамтушылар бір буынның өкілдері. Яғни, олар бір мезгілде зейнеткерлікке шығады. Егер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы 3 млн адамның белгілі бір мерзім аралығында 1,5 мил­лионы зейнеткерлікке шы­ғып, зейнетақысыз қалар болса, онда бұл үлкен әлуметтік проб­ле­маға ұрындыруы ықтимал.

Жүсіп ЖҰБАТ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру