Жоғалмайсың, жоқтаушы халқың барда…

0
27

23 қаңтар – қазақтың көр­некті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлы­ғының иегері, поэ­зия падишасы Фариза Оңғар­сы­нованың дүниеден озған күні.
Осыған орай, 23 қаңтар күні ҚР Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалы және «Фариза жұлдыздары» ақын-жазушылар клубының ұйымдастыруымен ақынды еске алу шарасы өтті. Шара ескерткішке гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Оған облыстық мәдениет мекемелері, шәкірттері, ағайын-туыстары қатысты.
Шара барысында сөз алған ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері, ҚР Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев: «Фариза апамыз қазақ поэзиясына ерекше леп әкеліп, әлемдік деңгейге көтерілген ардақты ақынымыздың бірі. Қазақ поэзиясына дүмпу әкелген лирикалық әрі өршіл рухты өлеңдері халықтың жадында сақтала береді. Болашақта апамыздың есімі ауылдың атына беріліп, «Фариза Оңғарсынова» атындағы мемлекеттік сыйлықты тағайындау мәселелері тұр. Игілікті жұмыстарымыз одан әрі жал­ға­сады», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Мұнан соң сөз кезегі келген «Фариза жұлдыздары» ақын-жазушылар клубының жетекшісі, ақын Әлия Дәулетбаева: «Фариза апамыздың рухты поэзиясын сүйіп оқитын, шығармашылық жағына бейім жастардың қатары көбейіп келеді. Біздің басты мақсатымыз – таланттарды көпшілік қауымға таныту», – деп атап өтті.
Шара аясында клуб мүшелері Фариза Оңғарсынова поэзиясынан үзінділер оқып, жүректің түкпірінде жатқан асыл сезімдерді оятты.
Ағайын-туыстары атынан сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Бақтыбек Таубаев: «Фаризадай асыл ақынды қадірлеу, кейінгі ұрпаққа насихаттау – біздің борышымыз. Лирикалық өлеңдері лағыл тастай жарқырап, жүректің түкпірінде жатқан саналуан сұрақтарға жауап береді», – деп түйіндеді.
Шара Ғ.Сланов атындағы ғы­лыми әмбебап кітапханасында ашылған «Фариза Оңғарсынова» атындағы кабинетте жалғасын тапты.
«Бір ақиқат – бәрібір жоғал­майсың,
Жоғалмайтын жоқтаушы хал­қың барда», – деп жырлаған Фариза апамыздың рухани мол мұрасы келешек ұрпақтың алтын қазынасына айналары сөзсіз.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
«Президент және Халық»
Атырау қаласы

Жауап қалдыру