Жексенбек ЕРКІМБЕКОВ

0
76

Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қа­заға ұшырады. 2018 жылы 21 қаң­тарда еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, отан­дық мәдениеттің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі, он бір жылға жуық Қазақ КСР-нің Мәде­ниет ми­нистрі болған Жексенбек Еркім­бекұлы Еркімбеков 88 жасына қараған шағында өмірден озды.
Ж. Еркімбеков 1930 жылы 5 қаңтарда Алматы облысы, Ескелді ауданы, Биғаш ауылында дүниеге келген.
Жексенбек Еркімбеков абыройлы ең­бек етіп, ғибратты өмір сүрді. Ол Алма­ты мемлекеттік консерваториясын домбы­рашы-дирижер мамандығы бойын­ша бітіріп, Қазақ радио комитетінің жанын­дағы ұлт-аспаптар оркестрінде, Құр­ман­ғазы атындағы халық аспаптар оркес­трінде домбырашы болған. Ол Құрман­ғазы оркестрі құрамында Бухарест қала­сындағы Дүниежүзілік жастар мен студенттердің ІV фестиваліне қатысып, алтын медальмен марапатталды.
1956-1958 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры, Қазақ радиосы музыка редакциясының көркемдік жетекшісі, Қазақ КСР-і ән-би ансамблінің директоры, 1959-1961 жылдары Қазақ­стан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет секторының мең­геру­­шісі, 1961-1966 жылдары Абай атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарды.
1966-1976 жылдары Қазақ КСР-і Мә­дениет министрлігінде өнер басқар­ма­сының бастығы, министрдің орынба­сары, 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі болып қызмет етті.
Жексенбек Еркімбеков Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі болып қызмет атқарған кезінде мәдениет саласының кадрлар даярлау деңгейі айтарлықтай өсіп, ансамбльдер мен оркестрлер құ­рылды, жаңа театрлар, филармония­лар, кітапханалар, мәдени орталық­тар, жылжымалы автоклубтар және авто­музейлер ашылды. Алматы қаласында Республика сарайы, М. Әуезов атындағы және М. Лермонтов атындағы театр­лар­­дың ғимараттары соғылып, Алматы хореографиялық училищесі, К. Байсейі­това атындағы және А. Жұбанов атындағы дарынды балалар музыка мектептерінің, П. Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің жатақханасымен бірге жаңа ғимараттары бой көтеріп, Орталық концерт залы, Ұлттық музей, Ә. Қастеев атындағы музей ашылды. Еліміз бойынша жалпы саны 200-ге жуық мәдениет мекемелері құрылды.
Бұдан басқа, Жексенбек Еркімбекұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серваториясының құрметті профес­соры, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Жексенбек Еркімбекұлы Еркімбековтің еңбегі мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталды. Ол 2 рет «Құрмет» ордені және бірнеше медальдармен марапат­талған.
Жылдар өтер, бірақ абзал тұлға Жек­сенбек Еркімбекұлы Еркімбековтің жар­қын бейнесі ел жадында мәңгі сақ­талады.
Марқұмның туған-туысқандарының қай­ғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 23 қаңтарда, Алматы қаласында Абай атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында өтті.

Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрлігі

 

Жақсы адамның өлген күні болмайды

Қаралы хабар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жексенбек Еркінбеков ағамыздың дүниеден өткенін жеткізді. Бұл қаза бізге де ауыр соқты, Жексенбек аға зейнеткерлікте жүргеніне қарамастан Қадырғали Жалаири атындағы халық­аралық қоғамдық қордың ақсақалдар алқасының төрағасы болатын. Үнемі жас ұрпаққа қамқор, інілеріне өнеге көрсеткен асыл жан еді.
«Жақсы адамның өлген күні болмайды, тек туған күні болады», – дейді халқымыз. Біз де осы сөзге лайық адам Жексенбек аға деп білеміз. Қазақтың арғы-бергі тарихында, аға ұрпақтың ізімен келген, солардың дәстүрімен жүріп, дәрісімен өскен Жексенбек аға адамгершілік пен парсаттылықтың ерен үлгісін қалдырды. Ауылдан шыққан қарапайым азамат заманымыздың көрнекті тұлғаларының біріне айналды. Ол кісі елбесікте азамат болып ер жетсе, мәңгілік жер бесігіне кемел тұлға, асыл адам қалпында аттанып отыр. Жексенбек ағаның жас ұрпаққа қалдырған үлгі-өнегесі мол, қазақтың дәстүрлі отбасы институтының керемет образын осы ағамыздың шаңырағынан көруге болатын.
Жексенбек Еркінбеков ағамыздың өмір-тарихы өте қарапайым. 1930 жылы 5 қаңтарда Алматы облысы Талдықорған ауданы Биғаш ауылында дүниеге келіп, мектеп бітірген. Еңбек жолын 1948 жылы колхозда жұмысшы болып бастап, кейінірек мектепке мұғалімдікке ауысқан. 1955 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмәмдаған. Одан кейінгі жылдары Алматы хореографиялық училищесінде оқытушы, мемлекеттік телерадио комитетінің радио бөлімінде музыкалық жетекші болып қызмет етті. Өмірбаянында шоқтықты тұстары көп. талай жауапты қызметтер атқарды.
1958-1959 жылдары ҚазКСР-ның ән-би ансамблінде, 1961-1966 жылдары Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында директор, 1966-1976 жылдары Мәдениет министрінің орынбасары, 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі, 1987-1988 жылдары Қазақстанның музыка қайраткерлер одағының СМДК президенті, болды. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 9-11 шақырылымдарының депутаты лауазымдарын абыроймен атқарды.
«Құрмет белгісі» орденімен 2-мәрте, 1941-1945 жж Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері болатын. Құрманғазы атындағы консерваторияның құрметті профессоры Жексенбек ағаға берілген көп марапаттың бірі ғана.
Жұбайы Әлима екеуі Серік, Қарлығаш атты ұл мен қыз көріп, олардан үш немере сүйді.
Ағаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Д.А.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясы ұжымы атынан
қайғыға ортақтасып көңіл айтушы бауыры
Өмірәлі Шакарапұлы ЖАЛАИРИ

Жауап қалдыру